Әділ сөз: Ресей қалайша қазақстандық медианы сотқа шақырады?

“Әділ сөз” сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры Қазақстанның ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі мен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге ашық хат (архив) жолдады.

Қордың мәліметінше, өткен жылдан бастап Ресей билігі қазақстандық тоғыз медиаға белгілі бір материалды өшіруді талап етіп, хат жолдаған. Ал 2023 жылғы 1 ақпанда Роскомнадзор қазақстандық Аrbat.media редакциясына сотқа шақыру қағазын жіберген. Осыған байланысты қор Қазақстан билігінен БАҚ өкілдерінің сөз бостандығын қорғауды талап етті.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етуге және ҚР Конституциясымен кепілдік берілген сөз бостандығын қорғауға уәкілетті. Қазақстанда цензураға тыйым салынады. Жоғарыда айтылғанға байланысты Ресей Федерациясының мемлекеттік органдары қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге қандай халықаралық міндеттемелер негізінде шақыру қағаздарын жіберетінін түсіндіруіңізді сұраймыз. Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының жоғарыда көрсетілген әрекеттеріне байланысты қандай шара көрсетеді?

Карла Жаманқұлова, “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғаудағы халықаралық қоры басшысы
Factcheck.kz