Біз мемлекеттік сатып алу порталынан Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы қаладағы әлеуметтік жарнамаға бірнеше байқау жариялағанын байқадық. Соның ішінде, қаланың ішкі саясат басқармасы 2 тапсырысты 141 млн-нан аса қаражатқа бағалаған. Бұл қандай тапсырыс және оны орындау үшін қай компания таңдалды? Жеңген компания басшыларының арасында кімдермен және қандай байланыстары бар? Осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабын бірге іздейік.
Қос тендерді қатар ұтқан “Modern Advertising Solutions” қандай компания?
“Modern Advertising Solutions” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2019 жылы тіркеліп, жарнамалық агенттік ретінде қызмет көрсетеді. Stat.gov.kz дерегінше, компания басшысы – Бахадүр Нұрдаулет Қайратұлы. Бір қызығы, компания мемлекеттік тендерлерге тек 2024 жылдан бастап қана қатысқан. Дәл сол жылы 18 жасар Нұрдаулет Қайратұлы жетекші болып тағайындалады және Enbek.kz порталындағы ақпаратқа сай, ресми тіркелген жалғыз жұмыскер – компания басшысы ғана.

Adata дерегінше, компания құрылғалы (2025 жылдың 7 мамырындағы ақпарат) Астана қаласының Ішкі саясат басқармасымен 9 келісімшарт жасасқан. Келісімшарттардың жалпы сомасы – 537 746 371 теңге.

2024 жылдан бастап орындалып жатқан кейбір келісімшарттың арасы небәрі бірнеше күн. Тіпті бір уақытта тіркелген шарттар бар.
2025 жылдың басында аталмыш компания мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы қатарынан 3 шарт жасасқан.

Мемлекеттік сатып алулар порталының дерегінше, алғашқы екі тендер келісімшартының құрылу уақытындағы айырмашылық небәрі 22 секунд, ал үшінші тендер 13 күнге кеш тіркелген.
Жасалған тапсырыстардың әрқайсысы 65 миллионнан кем емес. Егер 78 450 000 теңгелік қызмет Астана қаласының аумағында ұлттық, мемлекеттік мерекелерге, есте қаларлық оқиғаларға және тарихи күндерге арналған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде жарнамаларды орнатуға бағытталса, қалған екі 75 110 000 және 66 270 000 теңгелік шарт Астана қаласында жарнамалық құрылғыларда әлеуметтік жарнамаларды, материалдарды және ақпараттарды орнату қызметтерін көздейді.
Үш тендер бойынша мердігерге қойылатын талаптар өте ұқсас, негізінен:
- Жарықдиодты экрандарда тәулік бойынша видеоматериалдарды көрсету
- Ғимарат ішінде видеоматериалдарды 1000 дана СКД мониторлар арқылы көрсету
- Постерлер, скроллерлер мен лайтбосктарды дайындап орналастыру
- Видеоматериалдардың ұзақтығы 40 секундтан кем болмауы тиіс
- Әлеуметтік жарнама 2 күн ішінде дайындалып, 1 жұмыс күні ішінде орналастырылуы керек.
Назар аударарлық жайт, бұған ұқсас қатарынан ұтып алулар өткен жылы да болған.

Суретте көрсетілген екі тендер Астанадағы жарнамалық құрылғыларда әлеуметтік ақпараттарды, жарнамаларды және материалдарды орнату бойынша қызмет көрсетуге бағытталған. Екі келісімшарттың құрылу мерзімі арасы небәрі 40 секунд.
Бір қызығы, шарттардың қатарынан жасалуы немесе арасы тым жақын болуы туралы “Мемлекеттiк сатып алу туралы” Заңының 2 тарауындағы 17 бабында (“Шартты жасасу және орындау”- ред.) еш тыйым не өзгеше айрықша жағдайлар жоқ.
Тағы бір назар аударарлық жайт, лоттардың басым бөлігіне “Modern Advertising Solutions” компаниясымен бірге “Жария” Халықаралық Орталығы” қоғамдық қоры да қатысқан және екінші жеңімпаз ретінде көрсетілген.
Adata деректеріне сүйене отырып, Жария қоры мен Modern Advertising Solutions ЖШС арасында ортақ тапсырыс берушілер, тендерлер, жетекшілер мен байланыс нөмірлері барына болжам жасалды. Кестеде көрсетілгендей, “Modern Advertising Solutions” ЖШС мен TEZ PRINT компаниясының байланыс нөмірлері бір. Ал TEZ PRINT пен Жария қорын бір адам – Мырхайдаров Қанат Бахадүрұлы басқарады.


Жоғарыда келтірілген фактілерді ескере отырып, сондай-ақ, жетекшілердің аты-жөніндегі сәйкестіктерді (Бахадүр Нұрдаулет Қайратұлы мен Мырхайдаров Қанат Бахадүрұлы) назарға алып, олардың арасында туыстық қарым-қатынас бар деген болжам жасауға болады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.
Біз бұл материалда Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының тек “Modern Advertising Solutions” ЖШС-мен жасаған шарттарына назар аудардық және оның күмәнді деген тұстарын тізіп шықтық.
Factcheck.kz бұған дейін, Алматы қаласын дамыту орталығы 2024 жылы «Тиімді шешімдер орталығы» ЖШС-мен 90 млн теңгеге 95 материал дайындауға, Астана әкімдігі YouTube платформасына арналған 100 бейнероликке 38,9 млн теңге, Алматы облысы әкімдігінің ВВС арнасына туристік ролик көрсетуге 82 миллион, шетелдік инфлюенсерлерге пресс-тур ұйымдастыруға 47 және 90 миллион теңге бөлгенін жазған.
Ақбаян Арапшаева, Амина Козбакова, Арайлым Серқанова
Дисклеймер: Материал Maqsut Narikbayev University-дің Халықаралық журналистика мектебі 4-курс студенттерінің «Қазақстандағы мемлекеттік құрылымдардың имиджіне бағытталған ақпараттық қызметтер» тақырыбындағы дипломдық медиа жобасы аясында дайындалды. Материалда келтірілген деректер мен тұжырымдарға редакция жауап бермейді және материалдағы көзқарас редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.