Алматы әкімдігі Наурыз мейрамына қанша қаржы бөлді?

Алматы қаласының мәдениет басқармасы Наурыз мейрамы қарсаңында қаланы безендіруге және мерекелік концерттер өткізуге жыл сайын қаржы бөлетінін білеміз. Биыл да солай. Сонымен, 2024 жылы Наурыз тойлауға қандай тендерлер жарияланды, бұл тендерлердің басқа тендерлерден қандай айырмашылығы бар, Наурызды тойлау қанша күнге созылады, қандай мәдени шаралар жоспарлан және басқа да сауалдардың жауабын бірге іздейік.

Астана алаңына қанша қаржы бөлінді?

Мемлекеттік сатып алу порталының ақпаратына сай, билік Астана алаңын безендіруге 72 311 700 теңге бөлген. Жарияланған лоттың техникалық сипаттамасына сай, жеңімпаз шартқа қол қойған соң, үш күннен кешіктірмей тапсырыс берушіге эскиздік жоспарды жіберуі керек. Ал шартқа қол қойған күннен бастап 10 жұмыс күнінде қызмет көрсетілуі керек. Шарттың техникалық сипаттамасына қарай мынадай қызметтер кіреді:

  1. Тапсырыс берушінің өтінімі бойынша шағын сәулет нысандарын дайындау.
  2. Сәндік шешімдердің қатаң бекітуге арналған металл жақтау, дуралайт, косқыш коннекторы бар 10 метрлік түрлі-түсті гирляндалар.
  3. 2 метрлік металл конструкцияларын жобалау.
  4. Қосқыш коннектор арқылы қосу мүмкіндігі бар 10 м-лік гирляндпен ағаштарды иллюминациялық безендіру.

Одан бөлек, қосымша техникалық сипаттамада көрсетілгендей, еңбек өтілі үш жылдан аспайтын жоба менеджері, монтажшылар, электр монтаждаушы, өнеркәсіптік альпинист, дәнекерлеуші және мамандандырылған білімі бар дизайнерді қосқанда бас-аяғы 16 адамның қызметі де қарастырылған.

Орындалған қызметтердің актілерін тапсырыс берушіге тапсырғанда орындаушы тиісті актіде көрсетілген мәліметтерді, шығыстар сметасын, шығармашылық және фото-есепті растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз етуге міндеттелген. Іс-шаралар аяқталғаннан кейін өнім беруші көрсетілген қызметтерді бөлшектеуге және тапсырыс берушінің қоймасына өз қаражаты есебінен жеткізуге де міндетті.

Абай алаңы қалай безендіреледі?

Билік Абай алаңын безендіруге 72 591 600 теңге бөлген. Лот 28 ақпанда жарияланып, тендердің қорытындысы 14 наурызда белгілі болатыны жазылған. Лоттағы техникалық сипаттама екі құжаттан (қосымша файлды қосқандаавт.) тұрады.

Мұнда биіктігі 1,5 метрден кем емес сегіз МАФ, 10 метрлік гирляндтарды ілуге ​​арналған сегіз металл жақтау, биіктігі үш метр алты металл ағаш, гирляндтармен безендірілген екі қарағаш болады.

Жібек жолы және Панфилов көшелерінде не болады?

Алматы қаласының мәдениет басқармасы аталмыш көшелерді безендіруге 73 617 400 теңге жұмсауға мүдделі. Техникалық сипаттамаға сәйкес, қаланы эстетикалық безендіру бойынша тендер жариялаған. Шартта көрсетілген сипаттамада үш түрлі қызмет атқару керек. Атап айтқанда, 98 данадан кем емес қалалық жарықтандыру діңгектеріне иллюминациялық шешімдерді дайындау және монтаждау, 4 данадан кем емес 1,4 * 12 метрлік аркалар және 3 данадан кем емес биіктігі кемінде 2,5 метр болатын жаяу жүргіншілер аймақтарына МАФ түріндегі иллюминациялық шешімдерді дайындау және монтаждау қызметтерін кіреді.

Техникалық сипаттамада еңбек ресурстарына қойылған талап тура екі алаңдағы секілді 16 адамның қызметі де қарастырылған. Одан бөлек Жібек жолы және Панфилов көшелерін көркемдік безендіру бойынша да жұмыс аяқталған соң, есеп өткізуге міндетті. Әрі декорацияны бөлшектеуге және тапсырыс берушінің қоймасына өз қаражаты есебінен жеткізуге де міндетті.

Қосымша шығын бар ма?

Алматы қаласының мәдениет басқармасы қаланы безендіруге жоспары мұнымен тоқтамайды. Басқарма 69 618 500 теңгені қала бойынша тағы 30 металл кронштейндер мен сегіз жарықтандырылған МАФ жасап, орнатуға жұмсайды. Сондай-ақ 48 700 000 теңге жолдың үстіндегі 20 жарық аркасын, 120 жарық кронштейнін, 700 шаршы метр жеңіл гирляндаларды, 108 жеңіл шарларды, жеті түсті МАФ жиынтығын және жарықтандырғыш гирляндаларды реставрация жасауға бөлген.

Осылайша, қаланы көріктендіруге барлығы 336 839 200 теңге жұмсалады. Салыстыру үшін айтсақ, әкімдік былтыр “Қала күніне” орай Алматы көшелерін безендіруге 137 миллион теңге, ал Жаңа жылға 714 миллион теңге жұмсаған.

Концерттік шара және техникалық жабдықтау

Әкімдік безендіруден бөлек, Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік шоу әзірлеп, оған да қомақты қаржы бөлген. 7 ақпанда мемлекеттік сатып алулар сайтында іс-шараларды техникалық қамтамасыз етуге 68 741 500 теңгелік тендер жарияланды.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, бұл ақшаға тапсырысты орындаушы музыкалық аспаптар мен дыбыс аппаратурасын, жарықтандыру жабдығын, концертті түсіру мен көрсетуге арналған видео жабдықтарды береді, сонымен қатар мерекелік концерт өтетін сахнаны орнатады.

Бұл тізімге 456 жарықтандыру құрылғысы, 200-ден астам LED экран мен плазмалық монитор, 11 конфетти машинасы, 8 түтін машинасы және тұман генераторлары, 4 крио пистолет, 4 ұшқын шығаратын машина, 2 қар генераторы және т.б. кіреді.

Сонымен қатар, Астана алаңында болатын концерттің өзіне тағы 72 531 800 теңге жұмсалады. Құжаттарға сәйкес, тапсырысты орындаушы кемінде 10 концерттік және үш бұқаралық нөмірмен 90 минуттық театрландырылған қойылым дайындауы керек. Сондай-ақ сценарий жазу, бейне-аудиоконтент дайындау, жұмысқа шығармашылық қызметкерлерді тарту, қатысушыларды сахналық киімдер мен реквизиттермен, ауыз сумен, жеңіл тамақпен қамтамасыз етумен қатар, фото және видео түсірілімді қамтамасыз ету қажет.

Жалпы, Алматы әкімдігі қаланы безендіруге, мерекелік концерт өткізуге 478 112 500 теңге жұмсауды ұйғарған екен. Аталған тендерлердің көпшілігі Наурыз мейрамына арнайы дайындықты көрсетпейтінін айта кетейік. Алайда олардың барлығы бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімі 11-13 наурызда аяқталды. Ал келісім-шарт бойынша жеңімпаз атанған компания жұмысты шарт жасалғаннан кейін 10 күн ішінде орындауға міндетті.

Баннерлер мен тулар

Мемлекеттік сатып алулар сайтында тағы екі тендер бар, олар да қаладағы Наурыз мейрамына өткізуге қатысы болуы мүмкін. Десе де, олар қаладағы өзге де мерекелік шараларды ұйымдастыруға қатысты болуы ықтимал.

Мәселен, әкімдік 7 ақпанда қала бойынша баннерлер жасап, орналастыруға 71 365 000 теңгеге тендер жариялаған. Техникалық сипаттама бойынша мерекелік шараларға барлығы 11 000 шаршы метр өнім басып шығару қажет. Алайда, тапсырыс беруші нақты қандай мереке-мейрам туралы екенін, сонымен қатар оларды орнату күні туралы нақтыламайды. Сипаттамаға сүйене отырып, бұл бірнеше мереке туралы тендер болуы мүмкін деген шешімге келуге болады.

2024 жылы 71 443 000 теңгеге ту орнатуға арналған тағы бір ұқсас тендер жарияланды. Барлығы 6500 шаршы метр матадан жасалуы керек. Сонымен қатар, мейрам күндер бойынша ешқандай нақтылау жоқ, өйткені оларды тапсырыс берушімен келісуі керек. Сипаттамаға сүйене отырып, дәл осы тендер де бірнеше мерекелік іс-шараға қатысты болуы ықтимал деген қорытындыға келуге болады.

Өткен жылы Алматы әкімдігі қала бойынша ту орнатуға 131 миллион теңге жұмсаған тендер туралы айтқан болатынбыз. Олар тапсырыс бойынша Наурыз, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Конституция күні, Республика күні және Тәуелсіздік күніне қалада тулар ілінген.

Factcheck.kz