Алматы әкімдігі қалаға ту ілуге 131 млн теңге жұмсады

Жақында біз Алматы әкімдігі «Қала күніне» орай көшелерді безендіруге 137 млн теңгеден астам қаржы жаратуды шешкенін жазғанбыз. Мәдениет басқармасы жарық аркалары, жарық кронштейндері, шағын архитектуралық үлгілер мен «тақырыптық құрылымдарды» орнатуға 68,5 және 68,6 млн теңгеге екі тендер ойнатқан.

Содан кейін көп ұзамай сол мекеменің тағы да қызық екі тендерін таптық. Бұл жолы Factcheck.kz ұжымы Алматы әкімдігі мемлекеттік туларды ілуге жүздеген миллионды қалай құртатынын және неге бұл тендерлерге қатысты сұрақ көп екенін айтады.

Алматыда ту ілу бағасы қанша?

Алматының орталық көшелерінде үнемі өте көп ту ілініп тұрады. Жергілікті тұрғындар оған үйреніп кеткені сонша – әдетте, өзгерістерді байқамай қалады. Соған қарамастан мемлекеттік сатып алу порталының дерегі бойынша, ұлттық мерекелерде қала билігі ту ілуге мұқият назар аударып, мемлекеттік бюджеттен миллиондаған ақша бөледі.

24 қаңтарда Алматы қаласының мәдениет басқармасы мемлекеттік туларды жасау мен орналастыруға 68,7 млн теңгеге тендер жариялады. Оған бар болғаны екі өтініш түскен. Келісімшарт орнатылғаннан кейін шығын сомасы 67,1 млн теңгеге дейін азайды.

Құжатқа сәйкес, әкімдік көлемі 1,5х3 метр болатын 256 Қазақстан Республикасының туын дайындауға тапсырыс берген. Оларды ұлттық мереке күндері, яғни Наурыз, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Конституция күні, Республика күні және Тәуелсіздік күні орнатады. Осы күндердің әрқайсысында Шығыс айналма тасжолы бойына 120 ту, Әл-Фараби даңғылы бойына 54 ту және Бұқтырма көшесінің бойына 82 ту ілінеді.

Талаптарында жеткізушінің мың шаршы метрлік жеке өндіріс орны мен мемлекеттік рәмізді тігуге кемінде бес өндірістік тігін машинасы болу керегі айтылған. Сонымен қатар тендер жеңімпазында сегіз монтаждаушы, төрт көтергіш жүргізушісі мен туларды сақтауға және монтаждауға арналған  шаршы километрлік қоймасы болуы қажет.

Еш ерекшелік көріп тұрған жоқпыз дер едік, бірақ 4 сәуірде әкімдік тақырыптық ту жасап, ілуге тағы бір тендер жариялайды. Бұл жолы 68,7 млн теңге бөлу жоспарланған, дегенмен келісімшарт орнатылғаннан кейін сома 64,5 млн теңгеге дейін азайды. Бұл жолы шенеуніктер 1 241 жалау желбіретуді шешкен: 1,5х4,5 көлемді 583, 1,5х1 метрлік 658 ту. Оның 158-і Шығыс айналма жол бойына ілінеді, 115-і Әл-Фараби бойымен Сейфуллин көшесінен Тұңғыш президент саябағына дейін, 115-і Абай даңғылы бойымен Достық көшесінен Байтұрсыновқа дейін, 75-і Саурабаев көшесіне, 198-і Бұқтырма көшесіне, 120-ы Тереңқұр саябағы аумағындағы жаяу жүргіншілер жолы бойына, 140-ы Панфилов көшесінен Жібек жолына дейін, 84-і Тимирязев көшесі бойына, 112-і Момышұлы көшесіне және 124-і Дүйсенова көшесіне ілінеді.

Құжатта ту бір жыл ішінде тапсырыс берушімен келісе отырып орнатылады делінген, нақты мерзімі көрсетілмейді. Дегенмен «дайындалатын өнімнің тақырыптық сипаты бар» деп атап өтілген, бірақ нақты қандай екені белгісіз, өйткені дизайн да әкімдікпен келісіп бекітіледі. Әңгіме белгілі бір мерекелерге арналған жалауша туралы болып отыруы мүмкін. Төмендегідей:

Алматы әкімдігі қалаға ту ілуге 131 млн теңге жұмсады
«Бұқтырма» көшесі бойындағы «Наурыз» мерекесіне арналған жалаушалар

Басқа талаптары алдыңғы тендермен бірдей: бір шақырымдық өндіріс орнының болуы, қойма, кемінде бес тігін машинасы және т.б.

Жалпы биыл Алматы әкімдігі қалада туларды ілуге 131,6 млн теңге жұмсаған.

Алматыны кім безендіреді

Бір қызығы, ту жасайтын екі тендерді де бір компания – «Алматыгороформление» ЖШС ұтып алды. Мекеме полиграфия өнімдерін өндірумен, ресбликалық мерекелерді безендірумен, сондай-ақ Қазақстан республикасы мемлекеттік символдарын пайдалана отырып жасалатын өнімдерді өндірумен айналысады.

Компанияның ресми сайтында ол 1936 жылы құрылғаны және әуелде «КАЗИЗО» деп аталғаны жазылған. 1987 жылы кәсіпорынның атауы Алматы қалалық өндірістік көркем безендіру комбинаты деп өзгергеннен кейін оны Төлеубек Мұқашев басқарып, кейінірек ірі шенеунік болып кетті. Оның өмірбаянына назар салсақ, Мұқашев мырза парламент сенатының депутаты, «Нұр-Отан» партиясы (қазіргі – «Аманат») Алматы бөлімшесінің төрағасы, президент жанындағы мемлекеттік рәміздер республикалық комиссиясының мүшесі және т.б. қызметтер атқарып үлгерді. 2022 жылдың мамырында референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабын басқарды.

2002 жылы Төлеубек Мұқашев Алматы қаласы мәслихатының хатшысы болғаннан кейін «Алматыгороформлениені» інісі Ертілеу Мұқашев басқаратын болды. kompra.kz ресурсының дерегі бойынша, кәсіпорынның қазіргі жетекшісі – Ертілеу Мұқашевтің ұлы Ескендір. Төлеубек Мұқашевтің өзі «Қазақстан мәслихат депутаттары бірлестігінің» төрағасы.

Компанияның ресми сайтынан жасалатын жобаларды көруге болады. Көрсетілген жұмыстардың барлығы мемлекеттік символдарды орнатуға жатады. Мысалы, мемлекеттік тулар немесе «Рухани жаңғыру» стендін орнату және қаланы республикалық мерекелерге безендіру. Клиенттер қатарында Алматы әкімдігі, Астана қаласының ішкі саясат басқармасы, «Аманат» партиясы және басқа да мемлекеттік құрылымдар бар. Сонымен қатар кәсіпорынның Алматының экс-әкімдері Бауыржан Байбек, Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған мадақтамалары бар.

Оған компанияның мемлекеттік мекеме тендерлерін жиі ұтып алатыны себеп. kompra.kz дерегінше, 2014 жылдан бастап «Алматыгороформление» 573 мемлекеттік сатып алуға қатысып, 3 000-нан астам мемлекеттік келісімшарт жасасқан. Оған қоса кәсіпорын мерекелерді безендірумен ғана айналыспайды. Мәселен, 2023 жылы ол Алматы әкімдігі аппаратының парламент сайлауы қарсаңында сайлау учаскелеріне кабина, сайлау жәшігі мен стенд сатып алуға арналған 203 млн теңгелік келісімшартын ұтып алды.

Компанияның бос отырмайтынын салық төлемдері де дәлелдеп тұр. 2015 жылдан бері «Алматыгороформление» ЖШС 751,7 млн теңге салық төлеген. 2023 жылдың 7 айында 121 млн теңге төленді.

Бұрын қалай еді?

Мәдениет басқармасы ту сатып алуға тендерді бірінші рет өткізіп тұрмағанын айта кетейік. Бір кездері тендер жыл сайын жарияланатын. 2016 жылы әкімдік тақырыптық және мемлекеттік туларды жасауға 17,6 млн теңге, 2017 жылы 49 млн, ал 2018 жылы 46 млн-нан астам қаражат жұмсады. Сол кезден бері мұндай тендерлер тоқтап қалған-ды.

Яғни, 3 жыл ішінде әкімдік ту орнатуға 112,6 млн теңге бөлген болып тұр. Ту сатып алынбағанына бес жыл болғанына қарамастан, бағада айырмашылық үлкен екенін байқамау мүмкін емес. 2023 жылдың өзінде мекеме 2016-2018 жылдарға қарағанда 19 млн теңге артық жаратқан.

Қорытындыласақ…

Осы мәселеге байланысты Алматы әкімдігіне бірқатар сұрақ бар:

  • Неге бұрын ту орнататын тендерлер жыл сайын өткізіліп, кейін тоқтап қалды?
  • 2023 жылы бюджет қаржысына мыңнан астам ту жасату қажеттілігі не нәрсеге негізделген?
  • Алдыңғы жылдармен салыстырғанда ту орнату бағасының мұндай қымбат болуын қалай түсіндіреміз?
  • Бұрын алынған тулардың жағдайы қалай және оларды әлі де пайдалануға бола ма?
  • Неге ту орнататын тендерді үнемі мемлекеттік қызметкердің інісі басқаратын компания жеңіп алады?

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz