“Жаңалық жоқ, қысым бар”: 28 қазанда Қырғызстан медиасы хабар таратпайды

28 қазанда Қырғызстанда медиаға жасалған қысымға қарсылық ретінде #күччындыкта #силавправде хэштегімен ауқымды ақпараттық науқан басталды. Бұл жайында Қырғызстанның бірқатар қоғамдық ұйымы, медиасы мен журналистері хабарлады.

Науқанды қолдаушылардың пікірінше, Қырғызстанның мәдениет және ақпарат министрлігі “Азаттық” редакциясының сайтын бұғаттау туралы заңсыз шешім қабылдаған. Сол себепті олар 28 қазанды Blackout Day деп жариялады. Бұл күні елдегі бұқаралық ақпарат құралдары 9:00-ден 12:00-ге дейін жаңалық жарияламайды, таратпайды. Оның орнына “Жаңалық жоқ. БАҚ-қа қысым бар” деген жазу көрсетіледі.

Сонымен бірге редакциялар мемлекеттік органдардың баспасөз хабарламаларын жариялаудан күні бойы бас тартады.

Біз барлық әріптесімізді осы акцияға қосылуға шақырамыз, өйткені бұғаттау мәселесі ертең әрқайсымыздың басымызға келуі мүмкін.

Қырғызстандық медиа қоғамдастық

Қырғызстанның медиа қоғамдастығы билікті сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына жаппай және бұрын-соңды болмаған қысым көрсетуді тоқтатуға, журналистерді, блогерлерді, азаматтық белсенділерді, өз пікірін еркін білдіретін басқа да тұлғаларды қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі «Азаттықтың» қырғыз қызметінің сайтын екі айға бұғаттағанын хабарладық.

Factcheck.kz