Сарапшылар: кибербуллиңге қатысты өзгерістер Конституцияға қайшы

MediaNet халықаралық журналистика орталығының сарапшылары, заңгер Марина Абжанова мен балалар және жасөспірімдер қауіпсіздігінің маманы Юлия Акоева 2022 жылғы 3 мамырда Қазақстанда кәмелетке толмағандарды кибербуллиңнен қорғау мақсатында қабылданған түзетулерді талдады.

Бұл түзетулер Байланыс туралы, Бұқаралық ақпарат құралдары туралы және Ақпараттандыру туралы ҚР Заңына, атап айтқанда онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу сервистеріне қатысты еді.

Сарапшылар сөзінше, кәмелетке толмағандарды кибербуллиңнен қорғауға бағытталған бұл толықтырулар мен өзгерістер кибербуллиң проблемасын шешпейді. Одан бөлек, түзетулер сот қорғауын қамтамасыз етпейді, оған ықпалы жоқ және соттан кепілдік бермейді.

Енгізілген өзгерістер уәкілетті органға тым кең еркіндік береді, яғни мемлекет интернет- ресурстардағы қандай да бір ақпаратты реттеуге мүмкіндік алады. Осылайша, түзетулер Қазақстан Республикасының азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пакті мен Конституциясының баптарын бұза отырып, Қазақстандағы интернеттің барлық пайдаланушыларына бейпропорционал әсер етеді.

Бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сарапшылар тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллиң фактілері бойынша өтінішті қарау қағидаларының жобасын әзірледі. Құжатқа сай, сарапшылар тобының құрамы Ақпарат және қоғамдық даму, білім министрліктерінің, өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатарынан құрылады. Бірақ ережелерде сараптамалық топты құру тәртібі, өтініш бойынша шешім қабылдау тәртібі, сараптамалық топ мүшелерінің өзара әрекеттесу тәртібі және т. б көрсетілмеген.

Мұндай өз білгенімен әрекет ететін өкілет болған жағдайда, әсіресе мемлекеттік органдарды сынауға тыйым салынуы мүмкін болса, сөз бостандығына үлкен қауіп төнеді.

Сарапшылар

Мамандардың жазуынша, кішкентай және жасөспірім балаларды кибербулиңнен қорғау үшін Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске кінәлілерді анықтауға және жауапқа тартуға мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сондай-ақ кибербуллиңге ұшыраған баланы оңалтуға кететін шығындарды өтеуге кепілдік беруге тиіс.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz