Meta Cambridge Analytica-ға қатысты дауды шешу үшін $725 млн төлейді

Meta компаниясы Facebook желісіндегі пайдаланушылардың деректерін заңсыз бөліскені үшін өтемақы төлеуге келісті. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Сот ісі 2018 жылы басталған. Сол уақытта саяси консалтиңге бағытталған Cambridge Analytica британиялық фирмасы миллиондаған Facebook қолданушысының деректерін алғаны туралы хабарлама тарады. Channel 4 пен New York Times осы мәселеге байланысты зерттеу жариялады. Онда адамдардың әлеуметтік желідегі жеке деректерінің Дональд Трамптың президенттік компаниясы үшін қалай сәтті пайдаланылғаны айтылған. Алғашқыда бұдан 50 миллион адам зардап шеккені хабарланды, бірақ кейін олардың саны 87 миллионға жетті. Алайда бітімгерлік келісімі жасалғаннан кейін сот ісі кеңейіп, оған қатысты дерек көбейді. Нәтижесінде шамамен 250-280 миллион адам осы істің құрбаны болғаны анықталды.

Арызданушылардың адвокаттары бітімгерлікті “белгілі бір нәтижеге жеткен топтық деректердің құпиялығына қатысты АҚШ-тағы ең үлкен сот ісі” деп атады және өтемақы да компания тарихындағы ең маңызды әрі қомақты сомма екенін атап өтті. Алайда Meta компаниясы қолданушылардың құқығын бұзғанын мойындамады. Олар “қоғамдастық пен акционерлердің мүддесі үшін” келісімге келгенін мәлімдеді. Bloomberg компания сотта жеңілген жағдайда бұдан да көп шығынға ұшырауы мүмкін екенін ескеріп, бітімгерлікке келген болуы ықтимал екенін айтты.

2019 жылы Facebook өкілдері де желі қолданушылар өздері достарына бөліскен ақпараттың құпия сақталуын талап ете алмайтынын алға тартты. Алайда судья олардың бұл пайымын “қате” деп санады. Бұған дейін бір жыл бұрын платформаның ресми мәлімдемесінде Кембридж университетінің психология профессоры Александр Коган әлеуметтік желі платформасында пайдаланушылардан жеке ақпаратын алуға рұқсат сұрайтын “This is your digital life” қосымшасын жасады. Ол арқылы жиналған деректер Cambridge Analytica компаниясына берілген. Facebook желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг қолданушылардың жеке деректерінің тарап кеткенін мойындады және алдағы уақытта пайдаланушы деректерінің құпиялығына қатысты өзгерістер болатынын хабарлады.

Кейінгі үш жылда біз құпиялыққа деген көзқарасымызды қайта қарастырдық және жеке деректерді қорғаудың кешенді бағдарламасын енгіздік.

Meta компаниясы

Қазірдің өзінде пайдаланушыларға өтемақы төлеуге байланысты шарттар белгіленген. Бұл сома адамдардың қаншасы өз үлесін дәлелді өтінішпен алу үшін жүгінетініне байланысты. Арызданушылардың адвокаттары судьядан төлем ретінде есеп айырысу сомасының 25%-іне дейін тағайындауды сұрауды жоспарлап отыр.

Factcheck.kz