10 қаңтардан бері әлемуеттік желілер мен ақпараттық сайттарда «Instagram ЛГБТ өкілдерін психикалық ауытқуы бар деп белгілейді» деген тақырыппен жаңалық тарай бастады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7; архивтелген нұсқасы: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7).

Factcheck.kz редакциясы мұндай ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.
Үкім: Манипуляция
Meta компаниясының өшпенділік тіліне қатысты кейінгі өзгерістеріне сай, платформаларманы қолданушыларға (Instagram, Facebook және Threads) гендерге я болмаса ориентацияға негізделген психикалық ауру не ауытқу туралы айтуға мүмкіндік береді. Дегенмен компанияның өзі мұндай сөздерді пайдаланбайды және ешкімді таңбаламайды. Ақпарат таратқан сайттар мен аккаунттар тақырыптан кейінгі мәтінде мәселенің мән-жайын түсіндірсе де, тақырыптың өзі бұрмаланған және кликбейт екенін ескеріп, манипуляция деген үкім қойдық. Ақпаратты бұлай ұсыну аудиторияны шатастыруы мүмкін.
Бұрмаланған ақпаратты таратқан аккаунттар көбіне NBC арнасына сілтегенімен, NBC арнасы ЛГБТК адамдарды «таңбалау» туралы ештеңе жазбаған.
Толығырақ
Meta компаниясы 8 қаңтарда әлеуметтік желілердегі модерация ережелерін өзгертіп, қолданушыларға гендерге я болмаса ориентацияға негізделген психикалық ауру немесе ауытқу туралы айтуға мүмкіндік береді. Өшпенділік тілінің жаңа ережелері — Meta платформаларында онлайн коммуникацияны модерациялау әдісіне қатысты кеңірек өзгерістердің бөлігі.
Meta бас компаниясының «алауыздық тудыру» туралы саясатының 8 қаңтарда өзгерген нұсқасында: «Трансгендерлік пен гомосексуалдық төңірегіндегі саяси және діни дискурсты ескере отырып, біз гендерге я болмаса ориентацияға негізделген психикалық ауру немесе ауытқу туралы айтуға, сондай-ақ қарапайым әрі жеңіл жағдайда “біртүрлі” деуге мүмкіндік береміз», – деп жазылған.
Компанияның жаңа ережелері алдыңғы нұсқалар сияқты Facebook, Instagram және Threads платформаларында адамның ақыл-ойы немесе психикалық ауруы туралы қорлауға тыйым салады.
Бұл Meta компаниясының платформаларындағы онлайн модерация әдісіне қатысты кең ауқымды өзгерістерінің бірі. Бұған дейін, 7 қаңтарда компанияның бас директор Марк Цукерберг үшінші тараптың фактчекиң бағдарламасынан бас тартып, оның орнына X желісінің Community Notes (қоғамдастық ескертпелері – қаз.) жүйесіне ұқсас бағдарлама құратынын хабарлаған.
Бұл шешім Цукербергтің АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін хабарланды. Трамп бұған дейін Meta компаниясын және оның бас директорын өзіне және оның жақтастарына қатысты жаңсақ пікірде деп бірнеше рет айыптаған. Meta компаниясымен серіктес фактчекиң ұйымдары Цукербергтің фактчекерлер біржақты және бұл бағдарлама цензураның күшеюіне әкелді деген мәлімдемесімен келіспейтінін айтты.
ЛГБТК өкілдерінің медиадағы құқығын қорғаумен айналысатын әлемдегі ірі ұйымдардың бірі GLAAD компанияның бұл өзгерістеріне қатысты пікір білдірді. «Meta қауымдастығының тілге қатысты жаңа стандарттары Instagram, Facebook және Threads платформаларын өшпенділік, зорлық-зомбылық, қудалау мен дезинформацияға толы қауіпті ландшафтқа айналуына әсер ететін көптеген өзгерісті қамтиды», – деді ұйым.
Ал GLAAD президенті Сара Кейт Эллис «Meta пайда табуын жалғастыру үшін ЛГБТК-ға өшпенділікті қалыпты жағдайға айналдыруды жалғастырып жатыр. Бұл — пайдаланушылардың және шынайы сөз бостандығының есебінен. Фактчекиң мен өшпенділік тілі саясаты сөз бостандығын қорғайды», – деді.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.