Меган Марклдың патшайым өліміне қатысты фейк фотосы тарады

Twitter желісінде Британ королі ІІІ Чарльзтің ұлы, ханзада Гарридің әйелі Меган Марклдың суреті жарияланды. Фотода Меган Маркл The Smiths ағылшын рок-тобының The Queen Is Dead (Патшайым қайтыс болды) деп аталатын альбомының мұқабасы басылған ақ футболка киіп алған. Көпшілік сурет ІІ Елизавета патшайым қайтыс болғаннан кейін түсірілген деп болжады. Agence France-Presse (AFP) фактчекерлері фотоны тексеріп, мән-жайды анықтады.

Меганның былай істегеніне сене алар емеспін.

Twitter-де жарияланған жазба, 2022 жыл 8 қыркүйек
Меган Марклдың патшайым өліміне қатысты фейк фотосы тарады
Twitter-дегі жазбадан скриншот (AFP)

Суретті кері іздеу жүйесі арқылы бұрын футболка жарнамасы үшін пайдаланылған фонға Меган Марклдың бетін фотошоппен өңдеп жасағаны анықталды. Марклдың түпнұсқа суретін 2018 жылғы 23 наурызда Белфастта Солтүстік Ирландиядағы WireImage атақты сандық фотография агенттігімен байланысқан фотограф түсірген.

Онда Меган ақ көйлек үстіне сұр пальто киіп түскен. Меган Марклдың дәл осы суретін People журналы 2018 жылғы наурыздағы нөміріне басып шығарған.

Меган Марклдың патшайым өліміне қатысты фейк фотосы тарады
GettyImages-дегі фото скриншоты

Марклдың фотошоппен жасалған суреті кем дегенде 2021 жылғы 8 наурыздан бері желіде тараған. Сурет футболкалар сататын Dead Posh UK компаниясына қатысты әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланған. Тіпті британ веб-сайтында Марклдың өңделген суреті бар крүшке де сатылған.

2021 жылғы 10 наурызда The Smiths тобының гитарисі Джонни Марр Twitter-де футболка киген Меганның суретін бөлісті.

Ал Dead Posh UK компаниясы AFP агенттігіне фотоны лондондық цифрлық суретші Photoshop бағдарламасында өңдегенін айтты. Оған қоса AFP агенттігі Букингем сарайына және Маркл мен ханзада Гарри басқаратын америкалық Archewell ұйымына сауал жолдаған, бірақ олардан ешқандай жауап не түсініктеме келмеген.

Қазір Ханзада Гарри мен Меган Маркл II Елизаветаны еске алып жатыр. 2020 жылы корольдік міндеттерінен бас тартатындарын жариялаған жұп 10 қыркүйекте Виндзор қамалының сыртында көзге түскен. Олар 19 қыркүйекте патшайымның жерлеу рәсіміне қатысады деп жоспарланған.

Factcheck.kz