“Із-түссіз жоғалудан қорқады” —Украиналық әйел хомосексуал әскериге тұрмысқа шықпақшы

33 жастағы Киев тұрғыны Леда Космачевская гей әскериге тұрмысқа шығуды ұйғарғанын өзінің Facebook парақшасында жазды. Азаматтың 15 жыл бойы бірге тұрған сүйіктісі бар. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

Леда Космачевскаяның айтуынша, олар бұл шешімді майданға аттанғалы жатқан досын сақтандыру және көмектесу мақсатында қабылдап отыр. Себебі болашақ жолдасы соғыс кезінде еш хабарсыз, із-түссіз жоғалғандардың қатарында болғысы келмейді.

Осылайша мен оны іздеу, анықтау, жерлеу, туыстары мен достарына хабарлау жауапкершілігін өзіме аламын. Қажет болған жағдайда күйеуімнің донор болғысы келгенін дәрігерге айтамын. Діни қызметкерден жерлеу рәсімін өткізуді сұрамайтын да менмін, себебі ол оны қаламайды. Оның соңғы өсиетін орындайтын да, жеңіспен оралғанда бірінші болып қарсы алатын да менмін.

Леда Космачевскаяның Facebook желісіндегі жазбасынан

Украинада ер мен әйел ғана некеге тұра алады. Олсыз адамдар заңды түрде туыс болып саналмайды. Ал ресми түрде туысы емес адамға әскеридің соғыста жарақат алғаны не тұтқынға түскені туралы ақпарат берілмейді. Ауруханада жатса немесе мәйітханаға денесін әкелсе, оны көруге, алуға рұқсат етілмейді. Осы мәселе Космачевскаяның досын алаңдатқан. Себебі оның еш жақыны жоқ, ал сүйіктісі ресми туысы бола алмайды.

Украиналықтардың ЛГБТК+ өкілдеріне және олардың азаматтық некелеріне деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді. 2016 жылы украиналықтың 60%-тен астамы оларға негатив көзқараста болған. Қазір бұл көрсеткіш 38,2%-ке төмендеді. Ал хомосексуалдардың азаматтық серіктестікті тіркеуіне рұқсат беру идеясын қолдайтындардың үлесі 20%-тен астамға өскен.

Маусымда Украина президенті Владимир Зеленскийге бағытталған ЛГБТК+ өкілдерінің некесін заңдастыру туралы петиция қажет болған 25 000 қолды жинады. Алайда Зеленский соғыс кезінде мұндай шешім қабылданбайтынын, бірақ үкіметте азаматтық серіктестікке қатысты балама идеялар бар екенін айтқан. Азаматтық серіктестік некемен бірдей, бірақ жұп бала асырай алмайды.

Factcheck.kz