Фейк | 15 000 Иран азаматы өлім жазасына кесілді

Әлеуметтік желі қолданушылары, оның ішінде танымал адамдар Ирандағы жаппай наразылықтарға қатысқаны үшін ұсталған 15 000 ирандық азамат өлім жазасына кесілгені туралы мәлімдемелерді жариялай бастады. Reuters фактчекерлері ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

16 қыркүйекте 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін Иранда жаппай наразылық өтті. 14 қарашада “Иранның адам құқықтары” үкіметтік емес ұйымы ресми деректерге сілтеме жасап, кем дегенде протеске шыққан 20 адамның өлім жазасына кесілетінін хабарлады. Ал Reuters агенттігінің жазуынша, 16 қарашада Иран соты наразылық білдірген үш адамды өлім жазасына кескен.

HRANA ақпарат агенттігінің мәліметінше, 14 қарашадағы жағдай бойынша елде барлығы 15 820 демонстрант ұсталды, 344 адам өлтірілді (мұнда және мұнда). 17 қарашада бұл статистика жаңарды — 16 033 наразылық білдіруші ұсталды, 362 адам өлтірілді.

6 қарашада Иран парламентіндегі қатаң саясатты жақтаушылар елдің сот жүйесін тәртіпсіздіктерге қатысы бар адамдармен «батыл күресуге» шақырды. Иранның 290 орындық парламентінің 227 депутаты мемлекеттік медиа таратқан мәлімдемесінде: «Біз сот жүйесінен осы қылмыстарды жасағандарға, қылмыс жасауға көмектескен және тәртіпсіздіктерге себепкер болғанның барлығына қатаң шара қолдануын сұраймыз», – деген.

БҰҰ 11 қарашадағы баспасөз мәлімдемесінде ирандық парламентарийлердің өтінішіне қатысты алаңдайтынын жазған.

Ал әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға қатысты жағдай біршама бұлыңғыр.

Көптеген қолданушы, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен атақты адамдар 15 000 адамның өлім жазасына кесілгені туралы хабарламаларды бөлісті (кейін көбі ол ақпаратты өшірді).

Оған қоса әлеуметтік желілерде бір құжаттың суреті тарады. Онда сотты 227 парламентарий ұсталғандарды өлім жазасына кесілуі мүмкін қылмыстар үшін айыптауға шақырғаны жазылған. Кейін Иранның ISNA мемлекеттік ақпарат агенттігі парламент сайтына сілтеме жасап, хаттың жалған екенін хабарлады. BBC тілшісі Киан Шарифи де оның фейк екенін айтты. Reuters хаттың шынайылығын тексере алмады.

Басқа да желі қолданушылары Newsweek басылымының 10 қарашадағы «Ирандағы наразылық білдірушілер 15 000 адамға өлім жазасы қаупі төніп тұрғандықтан, шегінуден бас тартты» атты мақалаға сілтеме жасады (мұнда, мұнда және мұнда). Басылым материалында: «Ел парламенті көпшіліктің даусымен наразылық білдірушілердің өлім жазасына кесілуіне дауыс берді» делінген.

15 қарашада басылым түзетулер енгізіп, қайта жариялады. Онда олар өлім жазасы үкіміне қатысты ақпаратты алып тастаған және оның орнына парламенттегілер сот жүйесін наразылыққа шыққандарды қатаң жазалауға шақырғанын, оның ішіне өлім жазасы кіруі мүмкін екенін жазған.

Алайда Newsweek басылымы мақаланы жариялаған уақытта Reuters агенттігінің түсініктеме сауалына жауап бермеді.

Иранның адам құқықтарын қорғау ұйымының (HRA) басшысы Скайлар Томпсон Reuters агенттігіне: «HRA, HRANA ақпараттық агенттігі 15 мың наразылық білдіруші өлім жазасына кесілетінін ешқашан хабарлаған жоқ. Тақырып бірнеше оқиғаның араласуына байланысты болды»,-деді.

Десе де митиң кезінде ұсталғандардың жағдайы Ирандағы және басқа аймақтағы көптеген адамды алаңдатып отыр.

Ирандағы адам құқықтары орталығының атқарушы директоры Хади Гаеми Reuters агенттігіне электрон пошта арқылы әлеуметтік желілердегі хабарлар қате болғанымен, бұл Иранда жаппай өлім жазасына кесу мүмкіндігіне алаңдауды доғаруымыз керек дегенді білдірмейтінін айтқан. Себебі, тіпті бір адамның өлім жазасына кесілуі дұрыс емес әрі оған жол берілмеуі қажет.

Осылайша әлеуметтік желілерде 15 мың ирандықтың өлім жазасына кесілгені туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Контекст 

2022 жылғы қыркүйекте интернетте Ирандағы наразылықтар кезінде полиция өлтірген ирандық әйелдің әкесі бейнеленген видео жариялана бастады. Онда ер адам марқұм қызының жаназасында «аза тұту биін» билейді-міс. Фактчекерлер видеоға қатысты ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Factcheck.kz