БҰҰ тәліптердің* қыздарға ЖОО-да оқуға тыйым салғанын сынады

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстандағы “Талибан”* қозғалысының елдегі әйелдердің университетте оқуға тыйым салу шешімін сынға алды. Олар мұны “әйелдер мен қыздар құқығының тағы бір өрескел әрі қатігездікпен бұзылуы” деп атады.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрктің айтуынша, Ауғанстанның дамуына орасан зор үлес қосқан әйелдердің оқу мүмкіндігінен айырылуы — өкінішті жағдай. Сонымен қатар ол Ауғанстан билігі бұл шешімімен халықаралық құқық бойынша өз міндеттемелерін бұзып жатқанын мәлімдеді.

Әйелдер мен қыздар дискриминацияға ұшырамай білім алуға толықтай құқылы.

Фолькер Тюрк, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары

БҰҰ өкілі Ауғанстан билігін елдің әйелдері мен қыздарының, бүкіл ауған қоғамының әл-ауқаты үшін өз шешімін дереу өзгертуге шақырды.

  • *Қазақстан Республикасында «Талибан» қозғалысына тыйым салынған.
Factcheck.kz