Тәліптер* “өз ойындағы” әлем картасын жасағаны рас па?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тәліптер өзінің әлем картасын жасап, оны бейнелейтін глобусты Кабул көшелерінің біріне орнатқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Онда “Ауғанстан Ислам Әмірлігінің» аумағы қазіргі Ауғанстан аумағынан әлдеқайда үлкен етіп көрсетілген.

Factcheck.kg сайтындағы әріптестеріміз оқырмандардың өтінішімен бұл ақпаратты тексеріп көрді.

Шынымен-ақ, 6 желтоқсанда Twitter-де Дахан-и-Баг алаңында орнатылған глобустың видеосы пайда болды. Оның сыртқы көрінісі кәдімгі глобустан ерекшеленеді.

Тәліптер* "өз ойындағы" әлем картасын жасағаны рас па?
@Zaki_Wardak4 видеосынан скриншот

Ол картаға қарасақ, Иран шығыстағы Мешхед, Захедан, Керман сияқты қалаларынан айырылған, есесіне Каспий теңізінің шығыс жағалауына және Грузияға шығатын аумаққа ие болған. Пәкістан астанасы Исламабадтан және оңтүстіктегі Белуджистан провинциясының көп бөлігінсіз қалған, бірақ Үндістанның Нью-Дели қаласына жақындаған. Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Қазақстанның шекарасына көшіп кеткен. Оған қоса осы елдер және тәліптердің нұсқасы бойынша Ауғанстанмен шекараласқан Қазақстан да жерінің жарты бөлігінен айырылған.

Ariana News агенттігінің хабарлауынша, жергілікті муниципалитет Ауғанстанның глобустағы жер аумақтарын бұлай бейнеленуінің саяси астарын жоққа шығарды.

Жобаның бас инженері Эсматулла Хабиби AFP агенттігіне бұл тек картадан елді анық көрсету үшін жасалғанын айтты.

Суретші Абид Вардактың сөзінше, бамбуктан жасалған баспалдақта тұрып, өз қолымен картаны толық салуға төрт күні кеткен.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, глобустың ұзындығы — 8 метр, салмағы — 2 тонна. Қозғалтқыш механизмінің көмегімен шар минутына бес рет айналады.

Фактчекерлер бұл жаңалық “шынайы” деген қорытындыға келді.

Factcheck.kz редакциясынан: шын мәнінде ақпарат тек ішінара расталған. Кабул көшесінде қойылған глобустың Ауғанстандағы билеуші ​​қозғалыстың кейбір саяси көзқарасын көрсететініне ешқандай дәлел жоқ. Сонымен бірге глобусты салған автор да шығармышылық мақсатта үлкейтіп салғанын айтып, жауап берді. Оның үстіне, біздіңше, талқыланып жатқан қалалық нысанды Ауғанстан мамандарының картографиялық қиялының дәл көрінісі деп санау, тіпті олар биліктің тапсырысы бойынша жұмыс істесе де, асығыстық болар еді. Тексерудің нәтижесінде Кабулда аталмыш глобустың орнатылғаны рас, бірақ оның қандай мақсатта қойылғанын, саяси астары бар-жоғын біржақты айту үшін ақпарат аз.

  • *Қазақстан Республикасында “Талибан” қозғалысына тыйым салынған.
Factcheck.kz