Ауғанстанда белгісіз аурудың тарап жатқаны рас па?

Түрлі медиа мен мессенжерде Ауғанстанда белгісіз аурудың тарап жатқаны туралы ақпарат жарияланды. Оған сәйкес, бүгінге дейін елде 80 адам инфекция жұқтырған, салдарынан екі бала қайтыс болған.

Factcheck.kg сайтындағы әріптестеріміз мағлұматты тексерді.

Ауғанстанның Забуль провинциясының шығысында орналасқан Шаджой аймағында шынымен-ақ бір күнде кем дегенде 80 адам ауру жұқтырған және екі бала қайтыс болған. Бұл туралы 20 желтоқсанда жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасап, ауғандық TOLOnews арнасы хабарлады.

Қоғамдық денсаулық сақтау директоры Забул Абдул Хаким Хакими «күдікті аурудың» негізгі белгілері – дене қызуының жоғарылауы, ауыз бен мұрыннан қан кету екенін айтты. Ол осы уақытқа дейін 80-ге жуық адам ауруды жұқтырғанын, екі баланың қайтыс болғанын растады.

Сонымен қатар ол қазір дәрігерлердің науқастарды емдеуге тырысып жатқанын, бірақ әлі күнге дейін нақты қандай ауру тарап жатқаны және оның ем-домы анықталмағанын мәлімдеді.

Ауғанстанда инфрақұрылым нысындарының, денсаулық сақтау орталықтарының жоқтығы, шалғай аудандарда ауыз судың тапшы болуы, климаттың өзгеруі елдегі кедейлік деңгейін 97%-ке дейін арттырып, жергілікті тұрғындардың белгісіз аурудан өлуіне себеп болды.

Еске салайық, Ауғанстан — әлемдегі нашар дамыған елдердің бірі. Билікті “Талибан”* қозғалысы басып алғанға дейін ондағы денсаулық сақтау жүйесін толығымен дерлік шетел донорлары қаржыландыратын.

Оған қоса осы жазда Забуль провинциясындағы Шаджойда кем дегенде 200 адамнан тырысқақтың белгілері байқалған. Дәрігерлер індеттің тарауын гигиенаның нашарлығымен байланыстырады. Ал қарашаның соңында 300 адам көкжөтелді жұқтырып, салдарынан екі бала қайтыс болды.

Осылайша, Ауғанстанда белгісіз ауруды 80 адам жұқтырып, екі баланың қайтыс болғаны — шындық.

  • *Қазақстан Республикасында «Талибан» қозғалысына тыйым салынған.
Factcheck.kz