Азаттық “Қанды Қаңтар құрбандары” атты кітап шығарды

Азаттық Радиосының “Қанды Қаңтар құрбандары” атты кітабы жарық көрді.

Редакцияның хабарлауынша, онда 2022 жылғы қаңтар қырғыны кезінде қаза тапқандардың оқиғасы баяндалған. Оған қоса жинақта басылымның кейінгі бір жылда жеке адамдар туралы жариялаған 18 оқиғасы жазылған. Сонымен қатар кітапта редакция журналистерінің қаңтар кезінде және одан кейінгі уақытта түсірген фотолары да бар.

Қаңтарда оққа ұшқан әр мұңлықтың оқиғасы құйқа тамырыңды шымырлатады. Алматыда оқ қарша жауған көліктің ішінде болып, бас сүйегі шашылып қалған 4 жасар Айкөркем Мелдехан, дүкенге нан алуға анасымен шығып, снайпер оғынан жан тәсілім еткен Сұлтан Қылышбек, көлігі түгелдей өртеніп, сүйектерін балалары жинап алған ерлі-зайыпты желтоқсаншылар Гүлзипа Құлсұлтанова мен Қуат Біткенбаев, кәмелет жасына толмай оққа ұшқан тараздық Андрей Опушиев пен шымкенттік Абылай Ергеш… Зар еңіреген ана, азаматын жоқтаған әйел, жетім қалған бала..

“Қанды Қаңтар құрбандары” кітабының алғы сөзі

Айта кетейік, Азаттық былтыр 1 маусымда Қаңтар құрбандарының тізімі жүйеленген арнайы микросайт әзірлеген. Басылым осы жобалар арқылы Қаңтар қырғынын егжей-тегжейлі қарастыруды мақсат ететінін айтады.

Қаңтар ақиқатын ашу, оқырманға шындықты жеткізу Азаттықтың басты миссиясы болып қала бермек. Азаттық радиосы алда да бұл тақырыпты назарда ұстайды.

Азаттық Радиосы
Factcheck.kz