Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде тараған ақпараттарды тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.
Еспаева: Туабітті сал ауруымен ауыратын балалар туралы
27 қаңтарда мәжілістің пленарлы отырысында депутат Дания Еспаева Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдар соның ішінде балалар мен туабітті сал ауруы (ДЦП) туралы сөз қозғаған болатын. Депутат ҚР Ұлттық Генетикалық реестрінің статистикалық мәліметіне сүйене отырып бірнеше деректер келтірді. Біз тексеріп көрдік.
Мәлімлеме: Қазақстанда жылына туа біткен және тұқым қуалайтын паталогиясы бар 2000 мен 3500 адам [аралығы – ред.] дүниеге келеді.
Дания Еспаева
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда соңғы 5 жылда жалпы саны – 10 861 туа біткен және тұқым қуалайтын паталогиясы бар адам дүниеге келген. Осы жылдар аралығында ең азы 1861 адам (2019 жылы) болса, ең көбі 3007 адам (2020 жылы) дүниеге келген. Ал үкімі жартылай шындық және манипуляция.
Коронавирусты бір минутта жоятын спрей жасалды ма?
Ресейлік және қазақстандық медиада Түркияда жасалған спрей туралы ақпарат тарады. Материалда Genoxyn-ның ауыз бен мұрын ішіндегі коронавирусты минут ішінде жоятыны, сол арқылы ішке түсетін вирусты азайтатыны жазылған. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.
Ақпараттың рас екенін дәлелдейтін тәуелсіз ғылыми журналдарға жарияланған зерттеу нәтижесін таба алмадық. Ғалымдар жұмыс істейді деген Түркияның Бурса қаласында орналасқан Ұлыдағ университетінің сайтында шағын ақпараттан басқа түк жоқ. БАҚ-та алғаш болып ақпарат таратқан Daily sabah сайтында айтылған ғалымдардың сөзі ғана дәлел ретінде пайдаланылып жүр. Ақпарат мүдделер қақтығысына ұқсайды. Үкім жалған және манипуляция. Толығырақ мына сілтемеде.
Халықаралық құқықтық бастамаға айыппұл салынғаны хабарланды
Халықаралық құқықтық бастама бейүкіметтік ұйымына 297 170 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы ақпарат ұйымның Facebook парақшасында хабарланды.
Алматы қаласының салық органы Халықаралық құқықтық бастама ұйымына қатысты айыппұл мен қызметін шектеу туралы 3 қаулының күшін жойғанына қарамастан, кеше салық органындағы жеке шотымыздан 297 170 теңге айыппұл салынғанын білдік. Осылайша, бізге қарсы қудалау жалғасуда деп айтуға құқығымыз бар.
Ұйымның Facebook парақшасынан алынды.
25 қаңтарда салық органдары Адам құқығы жөніндегі бюро мен “Халықаралық құқықтық бастаманың” жұмысын 3 айға тоқтатқан. Ал 4 ақпанда бірнеше бейүкіметтік ұйым үстінен қозғалған іс пен өндірістің тоқтатылғаны хабарланған еді. Толығырақ мына сілтемеде.
Нұр-Cұлтанға 20 талап. Еуропарламент Қазақстанды сынайтын қарар қабылдады
11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен “Қазақстандағы адам құқықтарына жөніндегі” қарар қабылдады. Елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуын және сайлаудағы әділетсіздікті сынайтын қарарды дауыс берген 693 депутаттың 598-і қолдаса, тек 43 депутат қарсы шыққан.
Қарарда депутаттар Қазақстан басшылығын адам құқықтары мен бостандықтары бойынша мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырып, 20 түрлі талап қойды. Онда адамдардың негізгі бостандықтарын құрметтеу, саяси өмірге қатысу, саяси плюрализм, сайлау комиссияларының бейтараптығы, сайлау және сайлану құқықтары, сайлау нәтижесін жариялау мәселелері алдымен айтылады.
Мұнымен бірге депутаттар “құқық қорғаушы белсенділерді, діни ұйымдарды, азаматтық қоғам ұйымдары мен кәсіподақтарды, журналистер мен саяси оппозициялық қозғалыстарды саяси себеппен қудалауды тоқтатып, жұрттың саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіруіне жағдай жасауға, еркіндікті қамтамасыз ету үшін бейбіт жиындар туралы заңдарға өзгеріс енгізуге” және саяси тұтқындарды дереу босатуға шақырады.
Басқа қандай материал жарияладық
- Қытай билігі BBC World News телеарнасына Қытай аумағында «ақпарат тарату ережесін бұзғаны үшін» хабар таратуына тыйым салды.
- Twitter АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың аккаунтын өмірбақи бұғаттағанын растады. Енді Трамп президент сайлауына қайта түскісі келсе де, тіпті жеңсе де аккаунтын қайтара алмайды.
- Facebook коронавирус вакцинасына байланысты жалған ақпаратты өшіреді.
- Коронавирус туралы хабарлаған қытайлық жеті журналист әлі қамауда отыр.
- Қытай билігі аустралиялық тележүргізушіні «тыңшылық жасады» деген күдікпен қамауға алды.
- 2020 жылы көлік өндірісі 70%-ке артты ма?
Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.