Twitter Трамп аккаунтын өмірбақи бұғаттағанын растады

Twitter АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың аккаунтын өмірбақи бұғаттағанын растады. Енді Трамп президент сайлауына қайта түскісі келсе де, тіпті жеңсе де аккаунтын қайтара алмайды. Бұл туралы сәрсенбі күні CNBC арнасына берген сұхбатында әлеуметтік желінің қаржы директоры Нед Сигал айтты. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.

Ол күш қолдануға тыйым салатын барлық азаматқа ортақ Twitter ережелерін еске салды. Трамп импичментіне байланысты сенатта тыңдаулар өтіп жатқан тұста осындай мәлімдеме жасалды. Ақ үйдің бұрынғы жетекшісі жақтастарын 6 қаңтар күні Капитолий ғимаратына шабуыл жасауға итермеледі деп айыпталып отыр.

Трампты кінәлі деп тану үшін сенаттың үштен екісінің дауысы яғни, 100 сенатордың кемінде 67-сі бұрынғы президентке импичмент жариялауды қолдап дауыс беруі тиіс. Сарапшылар конгресмен-республикашылдардың позициясына байланысты бұлай болуы екіталай деп санайды. Егер бұрынғы президент ақталып шықса, ол келесі сайлауда кандидатурасын ұсына алады.

10 ақпанда Джорджия штаты прокуратурасының бұрынғы президент Трампқа қатысты тергеу амалдарын жүргізе бастағаны белгілі болды. Прокурорлар Дональд Трамп 3 қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін жоюға тырысты деген ақпаратты тексереді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz