2020 жылы көлік өндірісі 70%-ке артты ма?

Қаңтардың 27-де Kazinform сайты Қазақстанда автомобиль өндірісі 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 70%-ке өсті деген ақпарат таратты. Материалда көлік өндірісе қатысты тағы да басқа деректер келтірілген. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Материал Мәтінге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай, 10.02.21 жаңарды: Сандарды есептеуде кеткен қателікке байланысты Қазақстандағы автокөлік өндірісі 2019 жылмен салыстырғанда ақшалай көрсеткіште 70,1%-ке, транспорт құралын өндіру 50,3%-ке өскенін хабарлаймыз. Тиісінше, үкімдер де өзгерді. Жіберген қате үшін оқырмандардан кешірім сұраймыз.

ЖІӨ-де автокөлік өндірісінің үлесі 612,8 млрд долларға өсті.

Kazinform

Үкім: Шындық

Талдау ақпараттық-сараптамалық жүйесінің ақпаратына сай, 2020 жылы 12 ай ішінде “Автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер” бойынша құндық көріністегі өндіріс көлемі 612 809 232 мың теңгеге жеткен.

Қазақстандағы автокөлік өндірісі [ақшалай – ред.] 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 70,4%-ке өсті.

Kazinform

Үкім: Шындық

Статистика комитетіндегі ақпаратқа сай, екі жылды салыстырғанда көлік өндірісі 52,5%-ке өскен. Ақпаратты таратқан сайт деректі ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігінен алса керек (Олар Қазақстан АвтоБизнес қауымдастығына сілтеген). Алайда министрлік сайтында автомобиль өндірісінің ақшалай көрсеткіші 70,4%-ке көбейгені айтылған. 2019 жылдың ақшалай көрсеткіші 360,2 млрд теңге болса, 2020-да 612,8 млрд теңге. Яғни ақшалай көрсеткіш 70,1%-ке өскенін көреміз.

77 431 дана транспорт құралы өндірілді (2019 жылға қарағанда 53,2%-ке көп).

Kazinform

Үкім: Шындық және техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2020 жылдың он екі айында жалпы саны 75 626 дана көлік өндірілген (Жеңіл жолаушылар автомобильдері, он немесе одан көп адам тасымалдауға арналған автокөлік, жүк көліктері, арнайы және мамандандырылған көліктер мен тіркемелерді қоса санағанда). Сандардың сәл төмендігін техникалық қатеге жатқызуға болады. Дәл осы көрсеткіші 2019 жылы 50 285 дана болған. Яғни 50,3%-ке көбейген.

55,9 млрд теңгеге 8 122 дана автокөлік сатылды (2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп).

Kazinform

Үкім: Үкім жоқ

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сай, 2020 жылдың толық он екі айының ақпараты әлі жоқ. Қаңтар мен қараша аралығындағы он бір ай есебіне сенсек, 6 520 дана көлік экспортталған. Бұл 117,5 миллион доллар пайда түсірген. Дегенмен 2019 жылға қарағанда сандардың өскені расымен-ақ байқалған. Мысалы, ол жылы 2 307 дана көлік шет елге сатылған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz