Апталық шолу: Factcheck.kz қысымнан жабылуы мүмкін, коронафейк, жемқорлық индексі және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде тараған маңызды ақпараттар туралы жазды. Жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

MediaNet және Factcheck.kz сайты билік қысымынан жабылуы мүмкін

Қазақстанда MediaNet халықаралық журналистика орталығы мен Нобель сыйлығына ұсынылған IFCN мүшесі Factcheck.kz сайты жабылуы мүмкін. Сонымен бірге, айыппұл салынып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған үкіметтік емес ұйымдарда да бар, – деп хабарлады Factcheck.kz тілшісі.

Үкіметтік емес ұйымдарға айыппұл салынып, қызметінің мәжбүрлі түрде тоқтатылуы «азаматтық қоғамды дамытуға ден қойдық» деген мемлекет бағытына қайшы. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық абыройына нұқсан келтіреді.

Қазіргі уақытта «Эхо» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарының әрбіріне 400 АЕК (1 166 800 теңге) көлемінде айыппұл салынып, қызметіне үш айға шектеу қойылды. Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросына 800 АЕК (2 333 600 теңге) мөлшерінде айыппұл кесіліп, қызметі 3 айға тоқтады. “Еркіндік қанаты” ұйымына 100 АЕК (277 800 теңге) шамасында айыппұл салынған.

Солардың бірі — қызметі шектеліп, 5,5 миллион теңге айыппұл салыну қаупі төніп тұрған MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүргізетін Орталық Азиядағы фактілерді тексеру бойынша алғашқы ресурс Factcheck.kz сайты. Factcheck.kz те мүше саналатын халықаралық фактчекерлер желісінің Нобель сыйлығына ұсынылуы қазіргі ахуалға тағы бір қырынан қарауға мүмкіндік береді.

Қара шайдың 10 секундта COVID-19-ды жоятыны рас па?

25 қаңтар stan.kz сайтында “коронавирусты жояды” деген мазмұнда тағы бір ақпарат жарияланды. Бұл жолы вирусты “емдейтін өнім” – қияр, мия өсімдігі, сарымсақ, тіс пастасы емес, күнделікті өзіміз ішетін – қара шай. Ол COVID–19-ды 10 секундта жояды екен. Factcheck.kz журналисі бұл ақпаратты тексеріп көрді.

Ғалымдардың өзі COVID–19-ды шаймен емдеуге және алдын алуға әсері болмайтынын айтқан. Өйткені оның құрамындағы биологиялық белсенді заттар ішектен қанға нашар сіңеді және олардың мөлшері вирусты жою үшін жеткіліксіз. Сондай-ақ шайды шамадан тыс тұтыну, ауыз-қуысын күйдіреді. Ал вирус құрғақ ұлпаға оңай жабысады. Сонымен қатар ДДСҰ бұған қатысты ешқандай ресми дерек ұсынбады. Ал үкімі жалған және манипуляция.

TI: Коронавирус індеті Орталық Азияда жемқорлық ауқымын айқындай түсті

2020 жылы коронавирус індеті Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда жемқорлық ауқымын айқындай түсті, жемқор, авторитар басшылар бюджет ашықтығын азайтып, азаматтық бостандықты шектеді. 28 қаңтарда жыл сайынғы жемқорлық рейтингісінде халықаралық Transparency International (TI) ұйымы осылай деп жазғанын Азаттық радиосы хабарлады.

Сарапшылар есепте аймақтағы кейбір саяси басшылар “билігін күшейту үшін дағдарысты пайдаланды” деп жазған. Онсыз да шектеулі ақпаратқа қол жеткізу құқығының аясын тарылтып, мемлекеттік сатып алуда ашықтықты жою үшін және қоғам алдында есеп беру механизмінен бас тарту үшін пандемияны пайдаланды деп жазды штаб-пәтері Берлинде шоғырланған халықаралық ұйым.

Ұйымның жемқорлық рейтингісінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орында тұр. 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2020 жылы 19 сатыға жоғарылаған. Елдің 5 сала бойынша көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда өзгермей, 4 сала бойынша көрсеткіші жоғарылаған.

28 қаңтарда жарияланған зерттеуде ұйым жылдағыдай әлем елдерінің мемлекеттік органдарындағы жемқорлық деңгейіне баға беріп, рейтингіге орналастырған. Рейтинг неғұрлым жоғары болған сайын жемқорлық деңгейі де жоғары. Зерттеу 13 сарапшы мен компания басшыларының сауалнамасы қорытындысына негізделіп жасалған.

Дүниежүзілік банк Түркістан облысын бизнес жүргізу үшін ең қолайлы өңір деп танығаны рас па?

13 қаңтарда Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Дүниежүзілік банктің Doing Business (Кәсіпкерлікті жүргізу) баяндамасына сәйкес Түркістан облысы Қазақстандағы кәсіпкерлікті жүргізудің көшбасшысы деп танылғанын хабарлады.

Түркістан облысы әкімдігі нақты қандай рейтингті негізге алғаны белгісіз, бірақ қазіргі уақытта Doing Business-тің 2019 жылы ең кейінгі жарияланған субұлттық есебінде бұл аймақтың аты да аталмайды, себебі Түркістан облысы 2019 жылдың ортасында құрылды. Бизнес үшін ең қолайлы өңір – Алматы қаласы, одан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы мен Ақтөбе облысы тұр. Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа қандай материал жарияланды

  • Twitter Birdwatch деп аталатын жаңа функциясын іске қосты. Мұның көмегімен желі қолданушылары жалған ақпаратпен күресуге көмектесе алады.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі кіші комитеті Pfizer және BioNTech вакцинасын егде жастағы пациенттердің өліміне әкелуі мүмкін деген болжамға дәлел таппады.
  • Еуроодақтың бірнеше елдері оппозиционер Алексей Навальныйдың тұтқындалуына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкция салуы мүмкін.
  • Ішкі істер министрлігі баланың қай жерде екенін бақылауға көмектесетін “мені тап” балалар қауіпсіздігіне арналған қосымшаны іске қосуды жоспарлап отыр.
  • Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков бұрынғы вице-премьер Дуйшенбек Зилалиев ісі бойынша куәгер ретінде сотқа шақыртылды.
  • Facebook әлем бойынша ұсыныс жүйесі арқылы саяси топтарды жарнама жасауын тоқтатады. Сонымен бірге, қолданушылардың жаңалықтар лентасында саяси контентті азайтуы мүмкін.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz