25.01 | Балаңызды аңдитын бағдарлама, ДДСҰ мәлімдемесі, Ресейге санкция сала ма?

Қазақстанда баланың қайда жүргенін анықтайтын бағдарлама іске қосылады

Ішкі істер министрлігі баланың қай жерде екенін бақылауға көмектесетін “мені тап” балалар қауіпсіздігіне арналған қосымшаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдегенін Holanews.kz хабарлады.

Нұрділда Ораз еліміздің ішкі істер органдарының бір жылғы жұмысын қорытындылап, министрлікте жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғанын айтты. Олардың арасында балалардың қауіпсіздігіне арналған “мені тап” жобасы да бар.

“Министрлік биыл іске асыратын жоспарланған пилоттық жобаларды атап өткім келеді. Бұл баланың қайда жүргенін бақылауға мүмкіндік беретін “мені тап” балалар қауіпсіздігі жүйесі. Ол Bluetooth желісінде трекерлерді бақылап жұмыс жасайтын мобильді қосымша. Бағдарлама ата-ананың смартфонына орнатылады, ал трекерді баланың киіміне немесе рюкзактарына бекітуге болады. Баламен байланысқа шыға алмаған жағдайда ата-ана қосымшадан трекер маякын іздеу режимін қосады”, – деп атап өтті полиция ведомствосының өкілі.

Ол, сонымен бірге, жүйенің Жедел басқару орталығымен байланыста екенін, яғни баланы іздестіру туралы сигнал полицияға хабарланатынын айтты.

Еуропа елдері Ресейге санкция салуы мүмкін

Еуроодақтың бірнеше елдері оппозиционер Алексей Навальныйдың тұтқындалуына байланысты Ресейге қарсы жаңа санкция салуы мүмкін. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Эстония, Латвия және Литва сыртқы істер министрліктері демалыс күндері митингтерде ұсталған адамдарға жауапты шенеуніктерге қарсы санкция салуға шақырды. Польша президенті Анджей Дуда британдық Financial Times газетіне берген сұхбатында “[Ресейде] халықаралық құқықты сақтаудың жалғыз жолы” санкция екенін айтты.

Сонымен бірге, 23 қаңтарда Навальныйды босатуды талап етіп, митингке шыққандардың ұсталғанына АҚШ мемлекеттік департаменті, Франция және Германияның ресми өкілдері наразылығын айтты.

ДДCҰ Pfizer вакцинациясы мен пациенттердің өлімі арасында байланыс таппады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі кіші комитеті Pfizer және BioNTech вакцинасын егде жастағы пациенттердің өліміне әкелуі мүмкін деген болжамға дәлел таппады. Бұл туралы ТАСС сайты хабарлады.

Еуропалық медицина агенттігі және Упсала мониторинг орталығынан шақырылған сарапшылар Еуропа және ДДСҰ-ның әлемдік базасы келтірген деректер бойынша, өлім-жітімге шолу жасады.

Сарапшылардың пікірінше, “қолда бар ақпарат вакцинаның өлімге әкелетін оқиғаларға ықпал ететінін растамайды”.

Factcheck.kz бұған дейін “Норвегияда Pfizer вакцинасы салдарынан 23 адам қайтыс болғаны туралы” ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz