Апта шолуы: Тоқаев мәлімдемесіне фактчек, балалар ұшақпен тегін ұша ала ма?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде тараған ақпараттарды тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Ендеше, жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Балалар ұшақпен тегін ұша ала ма?

Соңғы күндері Қазақстандық интернет кеңістікте “Кәмелет жасқа толмаған балалар ұшақпен тегін ұша алады” деген сарында ақпарат тарап кетті. Халық арасында түсініспеушіліктер мен түрлі қауесет есіп жүр. Осы орайда Factcheck.kz сайты Заң негізінде ақпаратты тексеріп көрді.

Кәмелетке толмаған балалар енді ұшақпен тегін ұша алады.

Хабарлама

Үкім: Манипуляция

“Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы” 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №375 бұйрығына сәйкес, кәмелет жасқа толмаған балалар туристік оператор арқылы билет алып, тегін ұша алады. Бұл дегеніміз, кәмелет жасына толмаған бала кез келген билетті алып, ұша береді деген сөз емес. Яғни, тек туристік оператор арқылы ұсынған пакетті сатып алғанда ғана. Толығырақ мына сілтемеде.

8 наурызда көпбалалы аналарға біржолғы төлем беріле ме?

Қаңтардың соңында “8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай “батыр ана”, 1,2, дәрежелі Ана даңқы”, “Алтын алқа”, “Күміс алқа”, 18 жасқа толмаған және көпбалалы аналарға біржолғы көмек ақша беріледі…” [Хабарлама стилі сақталған – ред.] деген рас-өтірігі белгісіз ақпарат тарап жүр. Ақпаратқа сай, 5 ақпанға дейін құжат өткізу керек. Factcheck.kz сайты “хабарландыруды” тексеріп көрді.

Апта шолуы: Тоқаев мәлімдемесіне фактчек, балалар ұшақпен тегін ұша ала ма?

Үкім: Фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтынан ақпарат таппаған соң ресми өкіліне хабарластық. Бұл ақпаратты бірден жоққа шығарып, министрліктің 8 наурызға орай біржолғы төлемнің қарастырылмағанын жеткізді.

Алайда, әрбір жергілікті атқарушы орган (ЖАО) бюджеттік мүмкіндіктеріне қарай бұндай төлемдерді төлеуі мүмкін, бірақ бұл нақты емес. Мысалы былтырғы жылы әр өңір бойынша қанша ақша төленетіні туралы бірнеше медиа жазған болатын. Толығырақ мына сілтемеде.

Тоқаев Қытаймен сауда-саттық деректерінің айырмашылығы туралы рас айтты ма?

1 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізіп, кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты да атап өтті. Қ. Тоқаев Қытаймен саудадағы статдеректердің айырмашылығын да айтқан (архив). Factcheck.kz президент келтірген ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық және техникалық қате

Несі техникалық қате: Тоқаев келтірген деректер былтырғы емес, 2020 жылғы.

Несі шындық: Қытайдың Бас кеден басқармасының ақпаратына сай, 2020 жылы Қытай мен Қазақстанның жалпы сауда айналымының көрсеткіші 21,4 млрд АҚШ долларын, ал Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 15,7 млрд АҚШ долларын құраған. Айырмашылығы — 5,7 млрд доллар. Толығырақ мына сілтемеде.

Басқа жарияланған материалдар

  • Ресейде Deutsche Welle медиасының хабар таратуына тыйым салынды
  • Роскомнадзор медиадан Навальныйдың зерттеуі жайлы материалдарды өшіруді талап етті
  • Фейк | Франция соты COVID-19 вакцинасынан қайтыс болғандарды өзіне қол жұмсады деп таныды
  • Қытай киберкеңістігінің әкімшілігі (Cyberspace Administration of China, CAC) дипфейк қолдануды бақылайтын заң ұсынды.
  • Қырғызстанда Kaktus.media сайтына қылмыстық іс қозғалды
  • Канадалық музыканттар Spotify-дағы коронафейкке қатысты наразылық танытты
  • Камерун мен Анголаның ортасындағы Қазақстан: Смайлов ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі туралы

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz