Канадалық музыканттар Spotify-дағы коронафейкке қатысты наразылық танытты

Канадалық музыканттар Нил Янг пен Джони Митчелл Spotify-да Джо Роган подкастындағы Covid-19 вакцинасы туралы дезинформацияға қарсылық білдірді. Бұл туралы The Guardian сайты хабарлады.

Нил Янгтың сөзінше, вакцина туралы жалған әңгімелер адам өліміне алып келуі мүмкін. Spotify Янгқа берген жауабында қолданушыларға ән мен аудио-контент қолжетімді болуы, сонымен қатар, платформаға тыңдарман қауіпсіздігі мен аудио-контент жасаушылардың арасында баланс сақтау міндеті жүктелгенін хабарлады.

Бұдан бөлек, Spotify пандемия басталғалы коронавирусқа байланысты подкасттардың 20 мың эпизодын өшірген.

Янгты Джони Митчелл де қолдады: “Жауапкершілігі жоқ адамдар адам өміріне қауіпті жалған әңгіме таратып жүр. Мен Нил Янг пен халықаралық ғылыми және медициналық қауымдастықты қолдаймын” деп ресми сайтында хабарлады.

Вакцина туралы расталмаған деректерді таратқаны үшін бірнеше рет сынға алынған вирусолог Роберт Мэлоун желтоқсанда Джо Роган подкастында болған. Осыған байланысты 200-ден астам дәрігер, ғалым мен медицина қызметкерлері Spotify-ға протест хатын жолдаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz