Қырғызстанда Kaktus.media сайтына қылмыстық іс қозғалды

Қырғызстан прокуратурасы Kaktus.media сайты жариялаған Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыс туралы мақалаға құқықтық баға береді. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.

Жергілікті прокуратураның хабарлауынша, 27 қаңтарда Kaktus.media сайтында шекара аймағындағы қарулы қақтығыста Қырғызстанның әскери қызметшілері бірінші болып атуды бастап, Тәжікстанды “арандатқаны” туралы “жалған” ақпарат жазылған.

Бішкектің Бірінші май аудандық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 407-бабы (“Соғысты насихаттау, бірінші тараптың басқа тарапқа агрессиясын қолдау және жанжалды бастау мақсатында түрлі пікірлерді, идеяларды және үндеуді әртүрлі формада жариялау”) бойынша қылмыстық іс қозғады.

1 ақпанда Kaktus.media директоры Дина Маслова редакцияның бірнеше редакторы қылмыстық іс аясында куәгер ретінде түсініктеме беріп, әңгіме барысын жарияламау туралы прокуратураға қолхат бергенін хабарлады.

Маслованың айтуынша, редакцияға бағытталған қылмыстық іс қысым жасау үшін қолданылатын құралдардың бірі. Сонымен қатар, қазіргі уақытта болжам жасаудың өзі қиын екенін айтты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz