Ресейде Deutsche Welle медиасының хабар таратуына тыйым салынды

Ресей билігі Германиялық Deutsche Welle медиакомпаниясына санкция салды. Бұл туралы 3 ақпанда Ресей Сыртқы істер министрлігінің сайтында хабарланды.

Енді медиакомпанияның Мәскеудегі корреспонденттер пункті жабылады, сонымен қатар, журналистер аккредитациясының күші жойылады. Ресей аумағында медиакомпанияның хабар таратуы толықтай доғарылады.

Бұған қоса, Ресей билігі медиакомпанияны “шетел агенті” ретінде жұмыс жасайтын шетелдік медиа ретінде тануды қарастыруы мүмкін.

Бұған дейін, Германия медиасын бақылайтын органға қарасты Лицензиялау және қадағалау комиссиясы (ZAK) Ресейге тиесілі RT DE телеарнасын «Германиядағы БАҚ туралы ережені жаңғырту туралы мемлекеттік заңға» сай лицензиясы жоқ деп жұмысын шектеген.

Мәскеу осыған байланысты RT DE телеарнасының қызметін шектеп, қысым көрсеткен Германия азаматтарының тізімін жасап, Ресейге кіруге шектеу енгізетінін хабарлады.

DW-дің бас директоры Петер Лимбург (Peter Limbourg) сөзінше, DW-дің Мәскеудегі офисіне Ресей билігінен тиісті ресми құжат келмейінше жұмысын жалғастыра береді.

Германия журналистер одағы (DJV) Владимир Путинді DW қызметін шектемеуге, журналистерді аккредитациядан айырмауға шақырды. Бұдан бөлек, DJV хатында Германия үкіметі DW мен оның қызметкерлері үшін жауапты екенін жазған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz