Болат Әбілов, Рысбек Сәрсенбайұлы және Балташ Тұрсынбаев бастаған бір топ саясаткер және қоғам қайраткерлері Алматыдағы Республика алаңына 1986 жылғы Желтоқсан және 2022 жылғы Қаңтар оқиғасының құрбандарын еске алу үшін жиналды. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады.
Vlast.kz мәліметінше, Болат Әбілов Алматыдағы “Назарбаев көшесінің” атауын “Қаңтарға” өзгертуге шақырды. Сонымен қатар, саясаткер Қаңтар қырғыны құрбандарына арналған ескерткіштің макетін ұсынды.

Ескерткіштің артқы жағында «Қарапайым халықпыз, террорист емеспіз» деген жазуды ұстаған халық тұр. Алдында ту ұстаған адам мен қаза тапқан балалардың мүсіні қойылған.
Бұдан бөлек, 6 шілдеде ресми тіркелмеген “Демократиялық партияның” жиырмаға жуық белсендісі Алматыдағы Абай ескерткішінің алдына жиналды.

Наразылық акцияға қатысушылар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнінде тойланатын “Астана күнін” жоюды және партия жетекшісі Жанболат Мамайды босатуды талап етті.
Vlast.kz мәліметінше, митиң бірнеше минутқа созылған. Себебі арнайы жасақ митиңге қатысушылардың бәрін ұстаған. Бұған дейін әкімдік өкілдері акцияның заңсыз екенін ескерткен.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.