Әлеуметтік желіл ерде «Қытайда қорқынышты пандемияға алып келуі мүмкін жаңа коронавирус табылды» деген ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3). Видеода бұл вирус өлімге әкелетін MERS-CoV вирусының туысы екені айтылады. Factcheck.kz ақпаратты талдап көрді.

Үкім: Манипуляция
Медиада жазылып жатқан жаңа коронавирус емес. «HKU5» деп аталатын коронавирус алғаш рет 2006 жылы анықталған. Ал 2025 жылы тараған осы коронавирус оның жаңа түрі — HKU5-CoV-2. Pubmed ресурсында жарияланған зерттеуде коронавирустың жаңа тұқымы адамның ACE2 рецепторымен әрекеттесе алатыны айтылса де, оның табиғи жолмен жұқпайтыны жазылған. HKU5-CoV-2 2025 жылдың ақпанында анықталғанымен ДДСҰ-ы бүгінгі күнге дейін бұл туралы мәлімдеме жасамады.
Пандемия туралы ақпарат қайдан шықты?
Қазақстандық медиада коронавирус туралы ақпараттың тарауына, маусымның 5-і күні жарияланған «Dailymail» басылымының мақаласы себеп болды. Онда Уашиңтон мемлекеттік университетінің вирусологы Профессор Майкл Летконың «HKU5 вирусы адамдарға жұғуына бірнеше қадам қалған болуы мүмкін» деген болжамы жазылған. Басылым, Nature Communications журналының 2025 жылдың 28 мамырында жарияланған зерттеуіне сілтеме қалдырады. Десе де, журнал зерттеуінде «пандемияға жақын» немесе «адам үшін қауіпті» деген қорытындылар жоқ. Dailmail мақаласының соңында Майкл Летконың «коронавирустың адамға жұққаны туралы әлі ешқандай дәлел жоқ, бірақ зерттеп көруге тұрарлық» деген сөзі жазылған. Factcheck.kz осыған дейін де «Dailymail» басылымына сілтеме қалдырылған бірнеше ақпараттың манипуляция екенін жазған еді (1, 2, 3).
HKU5 коронавирусының жаңа түрі
2025 жылдың ақпан айының соңында Ухань вирусология институтының ғалымдары жарқанаттардан HKU5 коронавирусының жаңа түрін тапқан (HKU5-CoV-2). HKU5-CoV-2 вирусы Таяу Шығыстағы респираторлық синдромды (MERS) тудыратын вируспен туыстас. Бүгінге дейін вирус жұқтырған адамдар анықталмаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы HKU5-CoV-2 туралы мәлімдеме жасамады.
Қаншалықты қауіпті?
Nature Communications журналының 2025 жылдың 28 мамырында жарияланған зерттеуінде, вирустың зертханалық жағдайда адам жасушаларына ене алатыны жазылған. Зерттеуде адамның ACE2 рецепторымен әрекеттесе алатыны айтылады. Алайда бұл тек зертханада жасалғанын ескеру керек. Қазіргі күні осы вирусты жұқтырған адамдар анықталмаған. Зерттеушілер вирустың теориялық тұрғыда адамға жұғу қаупі бар екенін көрсетілгенімен, қоғамға қауіп төндіріп тұрған жоқ деп қорытындылайды. Жарияланған зерттеу вирустың тарау мен қауіптілік деңгейі төмен деген қорытынды шығарды.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.