Манипуляция | 6 жастан баланы мектепке бермеген ата-анаға 5-10 АЕК айыппұл салынады

Соңғы кездері әртүрлі сайттарда баланы 6 жасынан мектепке беріп/бермеуі туралы және бермеген жағдайда ата-аналары 5-10 АЕК айыппұл төлейтіндігі жайында материалдар шығып жатыр. Ал, әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу талқыға түсуде. Ата-аналар екі тарапқа бөлініп, бірі 6 жастан беру керек десе, енді бірі әлі тым ерте дейді.

Үкім: Манипуляция

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Заңы 409-бабының 2-тармағына сәйкес ата-аналардың ҚР Білім беру саласындағы міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Білім беру туралы заңда не жазылған?

ҚР Білім туралы заңының 31-бабының 1-тармағында 1-сыныпқа оқуға балалар алты жастан бастап қабылданатындығы туралы нақты жазылған. Заңға 2016 жылы сәуір айының тоғызы күні өзгерістер еңгізілген. 

Қазақстан Републикасында әрбір бала тегін білім алуға құқылы. Бұл ҚР Баланың құқықтары туралы заңның 15-бабының 1-тармағында жазылған. Ал, сол білімді 6 жастан бастап алу, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа еңгізілді. Заңда былай көрсетілген:

1-сыныпқа оқуға балалар алты жастан қабылданады”.  

Бұл заңға қарайтын болсақ, баланы 6 жастан бастап мектепке қабылдайтынын әрі барлығына бірдей міндетті емес екендігін көруге болады. Жалпы, бұл заң балаларын мектепке жібермейтін ата-аналарға арналады әрі міндеттеледі. Бұл туралы ҚР экс-Білім және Ғылым министрі К.Шамшидинова Үкімет отырысынан кейінгі сұхбатында айтқан болатын. 

Ал, айыппұлға келетін болсақ ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 409-бап 2-тармағында былай жазылған:

“Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы – ескерту жасауға немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады”.

Баласы алтыға толған әрі сол баласы не мектепке, не балабақшаға бармаған ата-аналарға бірінші ретте ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 409-бап 2-тармағына сәйкес ескерту жасайды. Екінші ретте 5 АЕК айыппұл салынады. 2019 жылы АЕК 2525 тг екенін ескерсек, ата-аналарға салынатын айыппұлдың көлемі – 12,625 тг. Баласын 6 жастан бермеген ата-аналарға бірден алып 10 АЕК-ке дейін айыппұл салады деген ақпарат – манипуляция. 

Бұл мәселе жайында заңгер Сәуле Кеңесбайқызы былай дейді:

 

“Биылғы “Білім туралы” заңға еңгізілген өзгерістерге сәйкес, 30-баптағы: “балалар 6 жастан бастап мектепке қабылданады” деген көп ата-аналар арасында жауапкершілік, міндеттілік жөнінде сұрақтар туындады. Бірақ, егер де нақты заң тұрғысынан алатын болсақ, 30-бапта “6 жастан” деп жазылған, яғни сіздің балаңыз қыркүйек айына дейін 6 жасқа толмаса, онда сізді ешкім заң тұрғысынан міндеттей алмайды.

Ал, Білім министрлігінің түсіндіріп отырғаны, бұл біздің 12 жылдық бағдарламаны еңгізуге байланысты бірінші сыныптағы балаларға қосымша нөлдік сынып (мектепке дейінгі дайындық) мектеп жанынан немесе мектепке дейінгі шағын орталықтарда жүзеге асырылады. Ал, 2020 жылдан бастап бұл бағдарлама теңдей мемлекеттік стандарт бойынша мектепке даярлық жүргізіледі. Бірақ, 6 жасқа толған балаңызды балабақшада қалдыра алмайсыз, ол балалардың барлығын (2019 жылы 6 жасқа толатын/толған) мектепке дейінгі мемлекеттік мекеме шығаруға құқылы. Яғни, сіз осы бір жыл аралықта балаңызды мектепке дейінгі шағын орталықтарда, мектеп жанындағы нөлдік сыныпқа немесе бірінші сыныпқа беруге құқылысыз”.

Қандай жауапкершілік бар?

Бұл сұрақты заңгер Сәуле Кеңесбайқызы былай түсіндірді:

“Жауапкершілік негізінде айтатын болсақ, бұл жерде бізде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте еңгізілген жауапкершіліктерге қатысты ата-ананың тиісті міндеттерін жүзеге асырмау жайында болып отыр. Бұл жерде де көптеген сұрақтар туындауы мүмкін, яғни ата-ана баланы мектепке “тиісті талап” бойынша бермеуіне жауапкершілік туындай ма деген, заңдық тұрғыдан оған ешқандай негіз жоқ. Себебі тиісті қарамауға бұл толыққанды сәйкес келмейді. Тиісті қарамау ол жаңағы балаға қатысты міндеттемелерді ата-ана тарапынан атқармау, яғни тамақтандырмау, киіндірмеу, қараусыз қалдыру немесе ауыр жағдайға қалдыру деген сияқты, бұл тұрғыдан ешқандай негіз жоқ деп айтуға болады.

Ал, екіншіден, Білім министрлігінің түсінігі бойынша “егер де сіз 6 жасқа толған балаңызды бірінші сыныпқа беруден бас тартатын болсаңыз, келесі жылы бергенде балаңыз 7-7,5 жаста 5-6 жастағы балалардың жанында балаңыздың жас айырмашылығы көп болады, бұл балаға қосымша комплекс тудыруы мүмкін” деген сияқты түсініктер береді”.         

Ашық деректер
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңы
ҚР Білім туралы заңы
ҚР Білім және Ғылым министрлігі
ҚР Білім және Ғылым министрі А.К. Аймағамбетовтың жеке блогы
ҚР Баланың құқықтары туралы заңы

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz