Мүгедектік қалай тағайындалады? Жұмыс істеп, жәрдемақыны сақтауға бола ма? — заңгер жауабы

Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам (МБА) өмір сүретініне қарамастан, ел арасында мүгедектіктің құқықтық негіздеріне қатысты сұрақ көп. Мүгедектік қалай тағайындалады? Мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналасу үшін қайда баруы керек? Мүгедектік жәрдемақысы қалай есептеледі? Ал МБА жұмысқа орналасса, жәрдемақы сақтала ма?

Осы және басқа да сұрақтарға құқыққорғаушы, «Қ.Иманалиев атындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Бурашева жауап берді.

Мазмұны

Мүгедектікті тағайындау процесі қалай жүреді?

Мүгедектік категориясына өту үшін адам өзі тіркелген медициналық ұйымға (әдетте тұрғылықты жері бойынша емханаға) жүгінеді, содан кейін емдеуші дәрігер оны дәрігерлік-консультациялық комиссияға (ДКК) жібереді. ДКК өз кезегінде №031/ж нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) қорытынды жасайды.

МӘС жүргізу үшін медициналық ұйымның келесі жолдамалары негіз болады:

  • 1) ағза функцияларының тұрақты бұзылуы кезіндегі алғашқы тексеру;
  • 2) қайталама сараптама.

МӘС құзыретіне мүгедектік пен еңбекке қабілеттігінен айырылу дәрежесін белгілеп, дене функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған адамның тыныс-тіршілігі шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін айқындау кіреді.

МӘС-тен өту үшін заңнамалық белгіленген мерзімдер мен негіздер бар: ауруларға, жарақаттардың салдары мен ақауларға байланысты тыныс-тіршіліктің шектелуіне алып келетін ағза функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларының кешенін жүргізгеннен кейін медициналық ұйымдар еңбекке уақытша жарамсыздық басталған немесе балаларға диагноз қойылған сәттен бастап төрт ай өткен соң адамдарды МӘС-ке жібереді. Бірақ жұмыс істемейтіндер, анатомиялық ақаулары бар адамдар және дене функцияларының елеулі не айқын бұзылулары бар, оңалмайтын, емделмейтін науқастар бұл процедураға кірмейді.

Мүгедектік тобын және еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу дене функцияларының бұзылу дәрежесіне және тіршілік әрекетінің шектеулеріне байланысты себебін, мерзімін айқындай отырып жүргізіледі.

МБА-ның мүгедектігі бар ауру бойынша денсаулығы нашарлаған кезде еңбекке уақытша жарамсыздық не балалар мен жұмыс істемейтін адамдарға диагноз қойылған күннен бастап екі айдан соң МӘС-ке жіберіледі.

Дереккөз: “Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығы

Мүгедектікті тағайындау кезінде қандай критерийлер ескеріледі?

Мүгедектік — тіршілік әрекетінің санаттарының бірін (өзіне-өзі қызмет ету, жүріп-тұру, еңбек қызметі (еңбекке қабілеттілік), оқыту, бағдарлау, қарым-қатынас, өзін-өзі ұстау, ойын және танымдық іс-әрекет, қозғалыс белсенділігі) шектеуге әкеп соғатын дене функциялары тұрақты бұзылған жағдайда белгіленеді.

Адамды мүгедектігі бар деп тану үшін мынадай міндетті шарттар болуы қажет:

  • 1) организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған ауру;
  • 2) тіршілік әрекетін шектеу (адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өз бетінше жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзін-өзі ұстау, оқу немесе еңбек қызметімен айналысу қабілетін я мүмкіндігін толық немесе ішінара жоғалтуы);
  • 3) әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттілігі.

Ағзаның жасқа байланысты өзгерістері мүгедектік тобын белгілеуге негіз емес.

Дереккөз: “Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығы (15.10.2022 ж. жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен)

Мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?

Мүгедектігі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар өтінішті, жеке басын куәландыратын құжатты келесідей өткізе алады:

  • 1) “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы (бұрын ХҚКО атауы).

Бұл ретте, “бір өтініш” қағидатына сай, өтініш берушінің таңдауы бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау жөніндегі жәрдемақы тағайындауға МБА белгіленген тәртіппен өтініш бере алады;

  • 2) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі көрсетілетін қызметті алушының таңдауы бойынша мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасау жөніндегі жәрдемақы, еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем тағайындау үшін “бір өтініш” қағидаты бойынша өтініш беріледі;
  • 3) “электронды үкімет” порталы арқылы (egov.kz) мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар үшін;
  • 4) проактив қызметі арқылы — мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау кезінде проактив қызметі арқылы өтініш беру талап етілмейді.

Қандас мәртебесі бар адамдардың зейнетақылары мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларын тағайындауға өтініш білдірген жағдайда сәйкестендіру үшін қандас куәлігі ұсынылады.

Іс-әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі не қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін өтініш пен қажетті құжаттарды олардың заңды өкілдері береді.

Үшінші тұлғалардың зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындауы үшін өтініш сенімхатымен беріледі.

Мемлекеттік корпорацияға жүгінгенде өтініш пен келесідей құжаттар ұсынылады:

  • 1) жеке басын куәландыратын құжат (ҚР азаматының паспорты, ҚР азаматының жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты, ҚР азаматтығын алғанға дейін қандас куәлігі). Жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі;
  • 2) мүгедектік туралы анықтама.

Болса мынадай құжаттардың бірі ұсынылады:

  • 1) радиациялық әсерге ұшыраған адамдардың ауруларының, мүгедектігінің себептік байланысын белгілеу жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық кеңестің шешімі;
  • 2) орталық әскери-дәрігерлік комиссияның шешімі;
  • 3) госпиталь берген ауру туралы куәлік немесе әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы;
  • 4) он алты жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланың туу туралы куәлігі (туу туралы актілік жазбадан үзінді не азаматтық хал актілерін жазу органдары берген азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама);
  • 5) неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді (ата-анасының (қамқоршысының) тегі өзгерген кезде). Қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген кезде қорғаншылықтың (қамқоршылықтың) белгіленгенін растайтын құжат ұсынылады.

Құжаттарды ұсыну оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелерден, оның ішінде Цифрлық құжаттар сервисінен алу мүмкіндігі болған кезде талап етілмейді.

Порталға: мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау үшін-көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында портал арқылы мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындауға өтініш;

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы ақпарат алу үшін көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу.

Көрсетілетін қызметті берушілер цифрлық құжаттарды “электрондық үкімет” веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы бір реттік парольді беру арқылы немесе “электрондық үкімет” веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен алады.

Дереккөз: “Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы №126-I Заңы; “Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнаулы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі №223 бұйрығы

Мүгедектік бойынша жәрдемақы қалай есептеледі? Бүгінгі есептеу формуласы мүгедектігі бар адамдарға қалыпты өмір сүруге мүмкіндік бере ме?

Мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшері “Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы” 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126-I Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген және келесідей мөлшерде төленеді:

  • жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 1,40 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 56 794 теңге);
  • бірінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 77 889 теңге);
  • екінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 1,59 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 64 502 теңге);
  • үшінші топтағы жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 1,40 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 56 794 теңге);
  • бірінші топтағы бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға — 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 77 889 теңге);
  • екінші топтағы бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға — 1,59 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 64 502 теңге);
  • үшінші топтағы бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға — 1,20 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 48 680 теңге);
  • бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға — 1,92 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 77 889 теңге);
  • екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға — 1,53 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 62 068 теңге);
  • үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға — 1,04 ең төменгі күнкөріс деңгейі (немесе 42 190 теңге).

Маған мүгедектігі бар адамдар жұмысқа орналасса, мүгедектік бойынша жәрдемақыдан айырылып қалам ба деп жиі жүгінеді. Мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдарға мүгедектік бойынша жәрдемақы толық мөлшерде төленетінін ерекше атап өткім келеді!

Мүгедектік бойынша жәрдемақылардың мөлшеріне келсек, менің ойымша, бұл өте аз ақша. Оны Қазақстан бойынша ең болмағанда орташа жалақы мөлшеріне дейін арттыру қажет. Біздің арамызда әсіресе осал — үшінші топтағы адамдар. Егер олар жалғыз тұрса, жағдай тіптен қиын.

Менің ойымша, жәрдемақы төлеу тәсілдерді мүлдем өзгерту керек және әр жағдайды жеке қарастыру қажет. Неге екенін түсіндірейін: біздің арамызда мүгедектіктің ауыр дәрежесіндегі адамдар бар, олар қолдауды көбірек қажет етеді және жұмыс істей алмайды. Бірақ, мысалы, еңбекке жарамды, жұмыс істей алатын адамдар да бар. Тиісінше, бұл жағдайда олар мемлекеттен әлеуметтік қолдаудың белгілі бір түрлеріне мұқтаждық аз болады. Бірақ! Бұл олардың денсаулық жағдайын ескере отырып және олардың еңбегіне әділ, нарықтық ақы төленетін жұмыс орындары құрылса ғана; егер олар мектепте де, арнайы орта мектепте де, жоғары оқу орнында да сапалы білім ала алса ғана іске асады. Өкінішке орай, қазір мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Мұның себебі: сапасыз білім (толық бейімделген бағдарламалар жоқ, үйде оқитын мүгедектігі бар балалар бағдарлама бойынша белгіленген сағаттарды толық ала алмайды не мұғалімдер оларға келуден мүлдем бас тартады, көптеген орта және жоғары білім беру мекемелері МБА үшін қол жетімді емес не мектепті бітіргеннен кейін, оқыту сапасының төмендігіне байланысты МБА балалар ҰБТ-да басқалармен бәсекеге түсе алмайды), бұл мүгедектігі бар адамдардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болуына әкеледі. Сондай-ақ, жұмыс берушілер тарапынан қорқыныш пен бас тарту бар: көбісі мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдаудан бас тартады немесе жалақысы төмен, біліктілігі жоқ еңбекті ұсынады. Мүгедектігі бар адамдар көбінесе ұжымдарда буллиңге ұшырайды және т. б.

Жұмысқа тұра алған мүгедектігі бар адамдар аз, олардың өзі мүгедектігін жасыруға немесе олардың құқықтарын ескермейтін еңбек жағдайларына төзуге мәжбүр.

Бұл, мысалы, курорттық емдеуді қамтамасыз етуге де қатысты. Жасыратыны жоқ, бізде барлық санаторий мүгедектігі бар адамдардың барлық санаты үшін қол жетімді емес. Бұл жағдайда мен адамға таңдау жасауға мүмкіндік беру керек деп санаймын: санаторийге жолдаманы немесе оның ақшалай баламасын алуға мүмкіндік болы қажет (ваучер ретінде). Бұл соманы, мысалы, массаж немесе ақылы емдеу курсына жұмсай алар еді және т.б. Яғни, қызметтерді монетизациялау қажет.

Дереккөз: “Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы №126-I Заңы

МБА жылына қанша рет мүгедектігін дәлелдеу үшін дәрігердің тексеруінен өтуі керек?

Бұл мүгедектіктің қандай мерзімге белгіленгеніне байланысты. Қазір мүгедектік балаларға 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе 7, 18 жасқа толғанға дейін белгіленеді;

Он сегіз жастан асқан ересектер – 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жыл немесе қайта куәландыру мерзімінсіз болады.

Яғни, егер мүгедектік мерзіммен белгіленсе, онда осы мерзімнен кейін адам қайта куәландырудан өтуі керек.

Қазақстанда мүгедектік қалай анықталады?

МӘС жүргізу кезінде мүгедектіктің мынадай себептері анықталады:

  • 1) жалпы ауру;
  • 2) еңбек жарақаты;
  • 3) кәсіптік ауру;
  • 4) бала кезінен мүгедектік;
  • 5) жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар;
  • 6) жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар;
  • 7) қызметтік міндеттерін орындау кезінде, әскери қызмет кезінде, азаматтық немесе әскери ядролық объектілердегі авариялар немесе ядролық объектілердегі төтенше жағдайлар нәтижесінде, не міндетін орындаумен байланысты емес авария нәтижесінде алған жарақаттар, контузиялар, дене жарақаттары, аурулар тиiстi қызмет саласындағы уәкiлеттi орган себеп-салдарлық байланысты белгiлеген жағдайда әскери мiндеттердi өткеру немесе әскери және қызметтiк борышын орындаумен байланысты емес ауру;
  • 8) тиiстi қызмет саласындағы уәкiлеттi орган себеп-салдарлық байланыстарды белгiлеген жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, оның iшiнде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезiндегi радиациялық әсер және (немесе) олардың зардаптары салдарынан болған мүгедектік.

Мүгедектіктің себебі себеп-салдарлық байланысын белгілеген уәкілетті органның берілген тұжырымына сәйкес шығарылады.

Мүгедектігі бар деп танылған адамға дене функцияларының бұзылу дәрежесіне және тыныс-тіршілігінің, оның ішінде еңбек қабілетінің шектеліуіне қарай бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік, жеті жасқа дейінгі адамға «мүгедектігі бар бала» санаты, ал жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі адамға бірінші, екінші, үшінші топтағы «мүгедектігі бар бала» санаты белгіленеді.

МӘС өткізу кезінде даулы сараптамалық мәселелерді шешу үшін МӘС әдіснамасы және бақылау бөлімдерінің отырысына консультанттар (кардиологтар, онкологтар, офтальмологтар, педиатрлар, психологтар және басқа да бейінді мамандар) шақырылады.

Мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасқысы келсе, не істеуі керек? Қайда баруға және өтініш беруге болады?

Жағдай мынадай: нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасу құқықтары мен артықшылықтары көп. Мысалы, МБА үшін (ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда) жұмыс орындары санының 2-4% мөлшерінде квота белгіленген. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарын құруға арналған мүмкіндік бар, алайда іс жүзінде ешкім квотаны орындамайды, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген, бірақ толық көлемде жұмыс істемейді.

Ресми түрде жұмыс іздеп жүрген мүгедектігі бар адам жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Осыдан кейін оған қолайлы жұмыстың үш нұсқасын іздеп, ұсынуы керек. Мүгедектігі бар адамның тіршілігінің шектелу дәрежесін ескере отырып, оған қолжетімділік қамтамасыз етілген жағдайда ғана жұмыс жарамды деп есептеледі. Басқа нюанс жоқ.

Дереккөз: ҚР-да мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы; Халықты жұмыспен қамту туралы

Қазақстанда мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдар үшін бизнес ашуға жеңілдіктер мен көмек бар ма?

Жоқ, мұндай жеңілдіктер жоқ!

Қазақстанда парламентте, мемлекеттік маңызды лауазымдарда мүгедектігі бар адам болуы керек деген квота бар ма? Болса, оған қаншалықты көңіліңіз толады?

Иә, мұндай түзетулер өткен жылы президенттің бастамасы бойынша енгізілді, қазір “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” ҚР 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық Заңына және “саяси партиялар туралы” Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі №344-II Заңына сәйкес, саяси партия Парламенті Мәжілісінің депутаттарына кандидаттардың партиялық тізімін бекіту кезінде үш категориядағы адамды қамтуы керек: әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар — жиынтық бойынша кандидаттардың жалпы санының кемінде 30%-і.

Депутаттық мандатты бөлу кезінде 3 категориядағы адам саны (әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар) жиынтық бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30%-іне жетуге тиіс.

Менің ойымша, біз үшін мұндай мүмкіндіктің пайда болуы үлкен жетістік. Әзірге Парламентте МБА-ның бір ғана өкілі бар. Ол президент тағайындаған сенат депутаты Ләззат Қалтаева. Биліктің барлық тармағында мүгедектігі бар адамдар арасынан шыққан депутаттар, басшылар мен шенеуніктер көбірек болғанын қалаймын.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жақындап келеді, қалғанын уақыт көрсетер.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz