Латвиядағы фельдшер Марина: ковид-диссидент оқиғасы

Желтоқсан айының басынан бастап әлеуметтік желілер Латвиядағы Рига Шығыс клиникалық университеті ауруханасының фельдшері, вакциналар мен маскалар адамдарғп қауіпті екенін ескерткен Марина деген азамат туралы және ол жұмыс істейтін аурухана статистикалық мәлімет үшін өз пациенттерін өлтіріп жатыр деген жаңалықтар тарата бастады.

9 желтоқсанда полиция Марина Корнатовскаяны жалған ақпарат таратқаны үшін ұстады. Дегенмен оның видеолары мен аудиожазбалары желіде әлі де таралып жатыр және интернеттің қазақстандық сегментіне жетті.

Бұл шолу мақалада Корнатовская туралы оқиға қалай өрбігенін, оның айтқандарына неге сенбеу керек екенін айтып, ең жиі таралғандарын талдаймыз.

Қысқаша қорытынды

Алдарыңызда әдеттегі қастандық қоқысы тұр. Біз көрген және тыңдаған жалпы ұзақтығы бір сағаттан асатын видео және аудио материалдарда бірде-бір шындық айтылмайды. Атап айтқанда, AstraZeneca вакцинасы мен бұлшықет босаңсытқыштары туралы мәлімдеме жалған. Бұл әңгімені жасаушы коронавирустық ауруханада фельдшер болып істесе де, ковидті жоққа шығарушы, маскаларға, вакцинацияға қарсы және мүмкін, өзі де байқамай, QAnon қастандық теориясы жақтаушысы саналады.

Сізге оқиға қалай басталғаны емес, нақты мәлімдемелерді тексеру маңызды болса, материалдың екінші жартысына өтіңіз.

Оқиға қалай өрбіді?

Барлығы аудиожазбадан басталды, онда ол кезде көпшілік танымайтын Марина Корнатовская Карина деген адамға Кипсалуды (Рига аудандарының бірі орналасқан арал – ред.) Жұқпалы аурулар ауруханасына айналдыру жоспарланып отырғанын, қазірдің өзінде кереуеттер мен өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынғанын, «олар шынайы концлагер дайындап жатқанын» және қаңтар-ақпан айларында жоспарланған вакцинацияға қарсы тұру керек екенін, өйткені бұл «ұзартылған эвтаназия» екенін және «оны оңды-солды сала беретіндей ешқандай фазадан – біріншісінен де, екіншісінен де, үшіншісінен де өтпегенін» айтады.

Ол әрі қарай англиялық-шведтік AstraZeneca компаниясы вакцинасы сал ауруын, энцефалит пен жұлынның қабынуын тудыратынын және компания «мүгедектерге, ересектер мен балаларға» сынақ жүргізіп жатқанын айтады. Тестке қатысушылар да «мүгедек болды-мыс», ал 4 адам ендігі қайтыс болған. Әйелдің айтуынша, бұл туралы оған Англиядағы мультимиллионер Виталий деген досы баяндаған.

Аудиожазба ортасында Корнатовская латыштардың тағдырын жұмбақ түрде Трамптың президенттігімен байланыстырады. Оның айтуынша, Трамп сотта жеңіп, сайлауда жеңіске жете алса, онда «2022 жылға қарай мұның бәрі бітеді». Бірақ бұл соттар жүріп жатқанда, Латвия үкіметі халықты барынша «әшкерелеуге» тырысады.

Жазбада басқа да әңгімелер бар, оны мына жерден тыңдай аласыз. Назар аударыңыз: жазбада әдепсіз сөздер бар.

Осыдан көп ұзамай Корнатовская Facebook-те тікелей эфирге шықты, онда Латвия халықтық билік майданы қозғалысы жетекшісі Валентин Еремеев онымен өзінше бір сұқбат құрды. Жарты сағаттық эфир коронавирус туралы барлық ықтимал қастандық теориясын жалпылайды: онда түбі өлімге әкелетін вакциналар және ақшаға сатылған дәрігерлер бар, оларға белгілі бір оң нәтижелер мен өлімдер тіркеуге тапсырыс беріледі, фельдшер тұмсық деп атайтын маска тағу зияны мен карантин қаупі бар. Жазбадан Еремеевтің де пікірі осы көзқарасқа ұқсас екенін түсінуге болады. 

Сондай-ақ, желіде әйелдің өз көлігінде түсірген екі видеосы да таралды. Екі видеода да Корнатовская бір нәрсе туралы айтады. Ол өзі істейтін ауруханаға қалыпты жағдайда түскен адамдар неге нашарлап, қайтыс болып жатқанын білгісі келеді. Фельдшер оның себебін вирустан емес, науқастарды емдеуден көреді. Атап айтқанда, ол бұлшықет босаңсытқышы болып табылатын «Нимбекс» деген препаратты кінәлайды. Оның айтуынша, мұны пациенттерге адам тыныс ала алмауы үшін және интубацияға ұшыратау үшін салады. Сонымен қатар, Корнатовская мұны мүмкіндігінше көп адам өкпені жасанды желдететін аппаратқа қосылу үшін әдейі жасалады деп меңзейді.

Жоғарыда аталған барлық жазба бір аптаға жуық уақыт аралығында жасалды және барлық әлеуметтік желіге таралды. Нәтижесінде, 9 желтоқсанда Киберқылмыспен күрес бөлімі қызметкерлері жалған ақпарат таратқаны үшін Марина Корнатовская мен Валентин Еремеевті ұстады. Қылмыстық заңның бұзақылық бабы бойынша іс қозғалды. Осы бап бойынша жаза – 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, мәжбүрлі жұмыс немесе айыппұл.

Корнатовская жұмыс істейтін аурухана көпшілік алдында бұл қызметкерінің мәлімдемесінен мүлдем алыс екенін айтты. Бұл жағдайды бағалау үшін медициналық мекемеде қызметтік тергеу бастады. Сонымен бірге, қызметкермен еңбек қатынастары бұзылмайтыны хабарланды, бірақ оның коронавирусы бар науқастармен жұмыс істеуі тоқтатылады.

Корнатовская мәлімдемелеріне қатысты Шығыс ауруханасы өкілі Ильга Намниеце былай деді:

Ақиқат дәнін іздеудің қажеті жоқ, өйткені ол жерде шындық жоқ. Ол біз шын деп айта алатын бірде-бір мәлімдеме жасаған жоқ. Токсикология және сепсис бөлімі персоналдары мен бастығы өте таңғалды. Бізде COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеуге осындай көзқарасы бар әйел қызметкер қатысып жүр деген түсінік болған жоқ.

Сонымен қатар, Намниец Корнатовская сөздеріне байланысты ауруханаға қоқан-лоқы көре бастағанын айтты.

Сәл кейінірек Корнатовскаяның босатылғаны белгілі болды, ал Еремеев түрмеде қалды. Оны босату үшін оған 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін 50 мың еуро кепілдеме төлеуі керек. Сонымен қатар, Facebook платформадағы жалған ақпаратпен күресу аясында Корнатовскаяның видеосы мен аудиожазбаларын жалған деп белгіледі. Бірақ олар әлі таралып жатыр.

Корнатовская Facebook-тегі жеке парақшасында жазылушыларына жіберген қысқа хабарламасында әзір ауырғаны бойынша демалыста екенін және жұмыс туралы ештеңе айта алмайтынын, бірақ өзінің қаңтар айынан бастап кестеде жоқ екенін айтты.

AstraZeneca вакцинасы және «Nimbex» бұлшықет босаңсытқышы

Корнатовская жазбаларында айтқанының көпшілігі әртүрлі фактіні тексеретін ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет тексерілді, ол маскалар, вакциналар, статистиканы бұрмалау қаупі және коронавирустың жоқ екеніне қатысты мәлімдемелер болсын, бәрі. Біздің сайтта осы тақырыптардың барлығына дерлігіне арналған мақала таба аласыз. Фельдшер айтқандарының ешбірі дұрыс емес.

Сонымен бірге, біз бұрын тексермеген және мүмкін, оқырмандарымызды қызықтыратын екі тұжырымға назар аударғымыз келеді. Бұл, ең әуелі, Корнатовскаяның AstraZeneca вакцинасы сал ауруын, энцефалитті және жұлынның қабынуын тудырады, сынаққа қатысушылардың мүгедек болып қалғаны, сонымен қатар оны мүгедектерге, оның ішінде балаларға сынақ жүргізіліп жатыр деген мәлімдемеге қатысты.

Үкім: Жалған және манипуляция

AstraZeneca вакцинасын сынауға мүгедектер мен балалардың қатысқаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Сіз 18 жастан бастап және тек өз еркіңізбен қатысушы бола аласыз. Вакцина осы ауруларды тудырады деген де жалған.

Сынақтың үшінші кезеңінде неврологиялық патологияның екі жағдайы тіркелді, нәтижесінде сынақтар тіпті тоқтатылды. Дегенмен қосымша тергеу кезінде бұл жағдайлардың вакцинамен байланысы табылған жоқ. Алайда Азық-түлік және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету басқармасы (FDA) компанияға осындай проблемалардың кез келген белгілеріне сақ болуға кеңес берді.

Сондай-ақ, Бразилияда тестке қатысушының бірі қайтыс болды. Кейінірек ол коронавирусқа емес, менингитке қарсы вакцинаны қабылдаған бақылау тобында екені белгілі болды.

Осы тақырып бойынша егжей-тегжейлі тексеруді stopfake.org сайтындағы әріптестеріміздің талдауынан оқи аласыз.

Бізді қызықтырған Корнатовскаяның келесі мәлімдемесі бұлшықет босаңсытатын «Нимбекс» препаратына қатысты, оны өкпені жасанды желдету аппаратында көп адамды қосу үшін қолданады-мыс.

Үкім: Жалған және манипуляция

Бұлшықет босаңсытқышы құралдары шынымен пациентті интубациялау қажет болған кезде қолданылады, бірақ дәл осы кезекте әуелі өкпені жасанды желдеткішке қосу қажет, сондықтан бұлшықет босаңсытқыш қолданылады, керісінше емес.

Сондай-ақ, бұлшықет босаңсытқыштары хирургиялық топқа оңтайлы жағдай жасау үшін операция кезінде қолданылады. Тіпті Корнатовскаяның өзі бұл туралы өзінің видеоларының бірінде айтады.

Жалпы, әйелдің бұл мәлімдемесі, өзіңіз көріп отырғандай, дәрігерлер науқастарын статистика үшін қасақана өлтіреді деген күдікке негізделген, бұл дұрыс емес. Пандемияның басталуынан бастап 2020 жылдың 21 желтоқсанына дейінгі Латвия бойынша статистиканы бағалауға да болады.

Латвиядағы фельдшер Марина: ковид-диссидент оқиғасы

Айтпақшы, бүкіл әлемдегі дәрігерлер пациентті соңғы уақытқа дейін өкпені жасанды желдету аппаратына қоспауға тырысады, бұл – ең соңғы шара.

Осы мәлімдемені көріп, гуглда препаратты іздейтін ерекше алаңдайтын қазақстандықтар үшін біз COVID-19 диагнозы мен емінің жергілікті хаттамасында «Нимбекс» (цисатракурия безилат) жоқ екенін айтып өтейік. Оған басқа бұлшықет босаңсытқыштары кіреді: пипкуроний бромид, рокуроний бромид, атракурия бесилаты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды.

Қорытынды

Латвиядағы фельдшер туралы әңгіме – бұл әдеттегі компоненттері бар қастандық қоқысы. Трампқа адамзат тағдыры тәуелді адам ретінде сілтеме осы оқиғадағы QAnon қозғалысының ізін көрсетеді. Корнатовская өзінің Facebook-тегі жеке парақшасындағы жазбаларының бірінде өзін «ояндым» деп санайды.

  • Корнатовская ауруханада фельдшер болса да, оның кейбір мәлімдемесі оның кәсіби қызметіне сай екендігіне күмән келтіреді. Мысалы, өзінің жеке көлігінде түсірілген видеоларының бірінде ол полиомиелиттің жоқ екенін айтады (уақыт коды 19:35). Facebook-те тікелей эфирде Валентин Еремеевпен сөйлескенде ол вирустың жоқ екенін, өйткені бар болса бәрі ендігі ауырып өліп қалуы мүмкін екенін айтады (уақыт коды 20:36).
  • Корнатовскаяның біз тексерген екі тұжырымы жалған және манипулятивті. Оның видео және аудио жазбаларында қозғалған басқа тақырыптағы мақалаларды Factcheck.kz веб-сайтынан таба аласыз.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz