Тоқаев пен Путин сұхбатта рас сөйледі ме?

8 қарашада, Владимир Путиннің Қазақстанға келуіне 1 күн қалғанда, ресейлік “Известияда” (архив) Тоқаевтың, ал қазақстандық “Казахстанская правда” (архив) сайтына Путиннің сұхбаты жарияланды. Сұхбат кезінде екі ел президенті ел аралық достық туралы айтқаннан бөлек, экономикалық тақырыптарға қатысты деректер де келтірген.

Factcheck.kz редакциясы екеуінің де сөзі қаншалықты рас екенін тексеріп, нәтижесін жариялап отыр.

Мұнай, инвестиция және бірлескен жоба

Мәлімдеме: Мұнайды екі елдің аумағы арқылы тасымалдау біздің отын-энергетикалық кешендерімізде айтарлықтай үлесті алады. Қазақстандық мұнайдың шамамен 80%-і сыртқы нарыққа Ресей аумағы арқылы экспортталады (Каспий құбыр консорциумы).

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылы Қазақстаннан 65,2 млн тонна мұнай экспортталған, ал каспий құбыр консорциумының хабарлауынша, өздері траспорттаған 58,7 млн тоннаның 52,2 млн тоннасы Қазақстаннан болған. Демек, Қазақстаннан экспортталған мұнайдың 80,06%-і каспи құбыр консорциумы арқылы шетелге жөнелтілген.

Factcheck.kz 2022 жылы жариялаған материалында да Қазақстанның 2020 жылғы мұнай экспортының шамамен 73,4-75,6%-і, ал 2021 жылғы мұнай экспортының 78,4%-і каспий құбыр консорциумы арқылы өткенін жазған.

Тоқаев пен Путин сұхбатта рас сөйледі ме?
Қазақстан мұнай құбырларының жүйесі. Дереккөз: kazenergy.com

Мәлімдеме: Сіздің инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты сұрағыңызға қатысты, кейінгі 18 жылда Ресейден Қазақстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны $20 млрд-тан асқанын айта кетейін деп едім. Өз кезегінде Ресейге құйылған қазақстандық инвестиция шамамен $6 млрд-қа жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық банк дерегіне сай, кейінгі 18 жылда, яғни 2005-2022 жылдары аралығында Ресейдің Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 19,2 млрд доллар, ал дәл сол уақытта Қазақстанның Ресейге құйған тікелей инвестициясы 5,3 млрд доллар болған.

Владимир Путин де “Казахстанская правда” газетіне берген сұхбатында екі ел арасындағы инвестициялар жайлы сөз қозғады. “Қазақстанда ресейлік инвестициясының жинақ көрсеткіші шамамен 17 млрд доллар“-деді ол.

Алайда жоғарыда келтірілген деректерге сай, Путин ресейлік инвестиция жайлы деректен жаңылды. Оның үстіне, Ресей президенті “жинақ көрсеткіші” деп жалпы статистиканы келтірген, демек жоғарыдағы Ұлттық банк дерегінен бөлек, 2023 жылдың I жартыжылдығында құйылған 1 123,3 млн долларды да айту қажет. Яғни, Ресейдің Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы — 20,4 млрд доллар.

2022 жыл қортындысы бойынша, Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестиция көлемі 17,7%-ке артқан. 2022 жыл бойынша ресейлік инвестиция көлемі 1,52 млрд АҚШ долларына жеткен. Осылайша, Ресей Қазақстанның 5 ірі инвестор мемлекеттер қатарына кірді. Дегенмен 2021 жылмен салыстырғанда ресейлік инвестиция көлемі 19,7%-ке азайған.

Мәлімдеме: Мұндай динамикаға өнеркәсіптік кооперацияның арқасында қол жетті, оның аясында екі елдің бизнес субъектілері $33,5 млрд сомасына 143 бірлескен жобаны іске асырып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Дәлелденбеген

Тоқаевтың сөзіне дәлел табылмады. Дегенмен “143 бірлескен жоба” асыра сілтеу болуы мүмкін. 2023 жылы маусымда ресейлік үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездескен Смайылов “Жалпы екі ел арасында құны $22 млрд-тан асатын 100-ден астам өнеркәсіптік кооперациялық жоба барын” айтқан. Ал Қазақстан премьерінің сөзінен бір ай өткенде индустрияның экс-министрі Марат Қарабаев “Қазір бірлескен өнеркәсіп жобаларының жалпы саны – 125” деп мәлімдеді.

Тауар айналым, өнеркәсіп және студенттер

Мәлімдеме: Екі ел арасында тауар айналымының өсу қарқыны жақсы деңгейде екенін ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы тауар айналымы 10,2%-ке артып, рекордтық 28,2 млрд долларға жетті. Ал осы жылдың қаңтар-тамызында тағы 7,6%-ке өсіп,18,9 млрд долларға жетті.

Владимир Путин

Үкім: Техникалық қате

Путин айтқан мәлімдеменің рас тұсы бар: бұл екі ел арасындағы сауда айналымының артқаны. Бірақ, оның айтқан деректері Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес келмейді. Оған сай, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 9,5%-ке артып, тауар айналымының жалпы көлемі 26,9 млрд АҚШ долларына жеткен. 2023 жылдың қаңтар-тамызында екі ел арасындағы сауда айналымы 17 млрд АҚШ доллары болды.

Ресейдің федералды кеден қызметінің сыртқы саудаға қатысты деректері 2022 жылдың қаңтарынан кейін жаңармаған. 2022 жылы кеден қызметі сыртқы саудаға қатысыты деректерді жариялауды уақытша тоқтатқаны жайлы ресейлік сайттарда жазған. Сонымен қатар федералды кеден қызметінің баспасөз қызметі электронды почтаға жолдаған сауалымызға сыртқы саудаға қатысыты деректерді жариялауды уақытша тоқтатқандарын қосымша мәлімдеді.

Осыған дейін ресейлік БАҚ-та 2022 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымының санкция жағдайына қарамастан рекордтық көрсеткішке жеткенін жазған. 2022 жылы тауар айналымы 26,9 млрд АҚШ доллары болды. Дегенмен 2022 жылы сауда айналымының өсімі рекордтық көрсеткіштен алыс. Кейінгі 5 жылдың дерегін салыстырғанда екі ел арасындағы тауар айналымының ең үлкен өсімі 2021 жылы пандемиядан кейін байқалған. 2021 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 31,5%- ке өсті.

2023 жылы қаңтар-тамызда Қазақстаннан Ресейге экспорт 21,4%-ке өсіп, 6,4 млрд доллар болған. Сәйкесінше, Ресейден Қазақстанға импорт көрсеткіші 8,2%-ке төмендеп, 10,6 млрд доллар болды.

Мәлімдеме: Республикада Ресейдің қатысуымен 6 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Владимир Путин

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының 1 қарашада жариялаған дерегіне сәйкес, Қазақстанда Ресеймен бірлескен меншік нысанымен тіркелген заңды тұлғалар мен филиалдар саны 5151.

Қазақстанда 5000-нан астам Ресеймен бірлескен кәсіпорындар тіркелгенімен, оның тек 3000-нан астамы жұмыс істейді. 1 жыл көрсеткіші бойынша Ресеймен бірлескен нысандармен тіркелген заңды тұлғалар мен филилалдар саны 2022 жылы артқан.

Соңғы деректерге сай, бірлескен меншік нысандардан бөлек Ресейдің қатысумен елде 22845 заңды тұлғалар, филиалдар мен шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары тіркелген. 1 қарашадағы мәліметтерге сай, олардың 19193-і жұмыс істеп тұр.

Мәлімдеме: … 2022 жылы ресейлік жоғары оқу орындарында, оның ішінде олардың шетелдік филиалдарында Қазақстаннан 60 мыңнан астам студент оқыды.

Владимир Путин

Үкім: Шындық 

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми мәлімдемесіне сай, 2022-2023 оқу жылында 67 мың Қазақстандық студент Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алады. Осылайша Ресейде оқитын шетелдік студенттер саны бойынша Қазақстан бірінші орында.  

Ресейдегі қазақстандық студенттердің 30 377-сі Ресейдің мемлекеттік бюджеті есебінен оқыса, 30 663 студент ақылы бөлімде білім алады. 

2023 жылдың І жарты жылдығында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 27 756 шетелдік студент оқиды, бұл білім алушылардың жалпы санының 4,4 %-і (626 208 адам).

Factcheck.kz