Тоқаев су тапшылығы туралы рас айтты ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 сәуірде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңеске қатысып, түрлі мәселеге қатысты бірнеше дерек келтірген. Оның мәлімдемелерінің бір бөлігі елімізді су мәселесіне қатысты болды. Factcheck.kz Тоқаевтың бұл деректерінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін.

Қасым- Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

10 жыл бұрын, қоршаған орта және су ресурстары министрі болған Нұрлан Қаппаров 2040 жылға қарай Қазақстанда суға деген сұраныс 56%-ке артатынын айтқан. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ) болжамына сай, Қазақстан 2040 жылға қарай суға деген мұқтаждығының 50%-іне дейін тапшылық сезуі мүмкін. Экономиканың барлық саласы суға тәуелді болғандықтан, 2050 жылға қарай ел өңірлерінде оның тапшылығына байланысты ЖІӨ 6%-ке төмендеуі мүмкін.

Сарапшылардың сөзінше, елдегі су ресурстарының тапшылығының негізгі себебі — табиғи жағдай (өзен ағынының 90%-і көктемге келеді) және өзендердің жартысына жуығы көршілес мемлекет аумағында қалыптасады. Одан бөлек, Қазақстанда суды ысыраптау мен су шығыны көп.

Мәлімдеме: Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2022 жылғы мәлімдемесіне сай, сумен жабдықтау қызметі 96%-ке жеткен. Бұл дегеніміз, былтыр Қазақстанда 19 122 423 адам болса, оның 18 357 526 адам таза суға қол жеткізген, қалған 764 897 адам оған зәру дегенді білдіреді.

Мәлімдеме: Осылайша, Қазақстан өндірілген ЖІӨ долларына Ресей не АҚШ-қа қарағанда 3 есе, қуаң Аустралияға қарағанда 6 есе суға мұқтаж.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік банктің судың өніміділігіне қатысты 2019 жылғы көрсеткішіне сай, 1 куб метр суға Қазақстанда 9, Ресейде 23 (2,5 есе айырмашылық), АҚШ-та 45 (5 есе айырмашылық), Аустралияда 152 (16 есе айырмашылық) ЖІӨ долларынан келеді.

Су ресурстарының өнімділігі — пайдаланылатын су бірлігіне қанша экономикалық өнім (ЖІӨ) келетінінің көрсеткіші. Ол 2015 жылғы АҚШ долларындағы тұрақты ЖІӨ-ді текше метрдегі тұщы судың жалпы көлеміне бөлу арқылы есептеледі. Бұл судың экономикада қаншалықты тиімді пайдаланылатынын көрсетеді және суды басқару мен бөлуді жақсартады. Яғни, көрсеткіш көлемі көп болса, бұл судың тиімді қолданылатынын, аз болса, тиімсіз қолданатынын көрсетеді.

*Басты беттегі сурет Bing AI көмегімен салынды

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz