Тоқаев Рим сапарында қаншалықта рас сөйледі?

19 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Римге барып, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Шара барысында Тоқаев Қазақстанның экономикасы мен инвестиция көлеміне қатысты бірнеше дерек келтірген.

Factcheck.kz редакциясы президентіміз айтқан мәлімдемелердің маңызды тұстарын тексерді.

Мәлімдеме: Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл – болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен 2 есе жоғары (Дүниежүзілік банк – 2,6%, БҰҰ – 2,7%)

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 5,1% деген қорытындыға келген. Ал Дүниежүзілік банк нақты жалпы ішкі өнімнің дүниежүзілік өсімін 2023 жылы 2,6%, Біріккен ұлттар ұйымы мұны 2,7% деп бағалағаны рас. Бірақ қысқа мерзімді экономикалық индикатор мен жалпы ішкі өнімді салыстыру методология тұрғысынан қате, екеуі екі түрлі экономикалық статистика.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, қысқа мерзімді экономикалық индикатор — жедел дайын болуы үшін және ЖІӨ-ің 60%-тен аса құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

Ал нақты ЖІӨ белгілі бір кезеңдегі бағамен көрсетілген барлық өндірілген тауарлар мен қызметтердің құны.

Мәлімдеме: Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Тоқаевтың мәлімдемесеі шындыққа жақын болғанымен, ол тым асыра сілтеп жіберген. Мысалы, Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігінің баспасөз және ақпарат департаментінің дерегіне сай, Қазақстан мұнайының 70%-ін Еуроодақ елдеріне жеткізеді. Департаменттің жазғанына сенсек, бұл ЕО-ның жалпы импортының шамамен 6%-і. Осылайша еліміз (мұнай экспорттаушы елдер ұйымына мүше емес елдер арасында) Ресей мен Норвегиядан кейін ЕО-ның үшінші ірі экспорттаушы саналады.

Мәлімдеме: Біздің жаңартылатын энергия саласындағы әлеуетіміз 1 триллион кВт/сағ деп бағаланады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның экономикалық зерттеу командасының жазуынша, Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің жалпы әлеуеті айтарлықтай күшті және жылына 1 триллион кВт/сағатқа жетеді, бұл қазіргі 91 миллиард кВт/сағ электр энергиясына сұраныстан 10 есе жоғары.

Команданың сөзінше, ең перспективалы жаңартылатын энергия көздері деп келесіні айтуға болады:

  • жел энергиясы — техникалық әлеует жылына 929 млрд кВт/сағ,
  • гидроэнергетика – техникалық әлеует жылына 62 млрд кВтсағ, оның жылына 8,0 млрд кВтсағ шағын су электр станцияларының әлеуеті, және
  • күн энергиясының әлеуеті жылына 2,5 млрд кВт/сағ.

Мәлімдеме: Территориямыздың 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азиядағы астықты өлке саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Түрлі дереккөздердің жазуынша, оның ішінде ITA-ның (The International Trade Administration) хабарлауынша, ел аумағының шамамен 75%-і ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге жарамды, бірақ тек 30%-ке жуығы пайдаланылады. Бұл жөнінде «Rungis Market» атқарушы директоры Бенуа Джастер де айтқан.

Ekonomist.kz сайтының сарапшысы ауыл шаруашылығының ЖІӨ-дегі үлесі төмендеген дейді. 1990 жылы елдің жалпы өнімінің 34%-і ауыл шаруашылығынан құралса, қазір 4,5% деңгейіне дейн түсіп кеткен (Ұлттық статистика бюросының есебінше, 2023 жылы қаңтар-қыркүйектегі жағдайына сай, ауыл, орман және балық шаруашылығы ЖІӨ-нің 4,1%-і ғана). Ал ауыл шаруашылығындағы жалақы экономикадағы ең төменгі жалақылардың қатарында.

Мәлімдеме: Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Жалған

Біріккен ұлттар ұйымына қарасты FAO ақпаратына сенсек, Қазақстан (2022 жылға сай) бидай өндіру көрсеткіші бойынша алғашқы ондыққа кірмейді.

Тоқаев Рим сапарында қаншалықта рас сөйледі?
Дереккөз: fao.org

Бұдан бөлек, Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне жеткізілетіні туралы ақпаратты дәлелдейтін дерек таба алмадық. Тек 2022 жылғы ауыл шаруашылық министрлігінің жазғаны бар. Оған сай, Қазақстан 70-тен астам елге АӨК өнімдерін экспорттайды. 1 жыл ішінде деректердің қаншалықты өзгергені бізге беймәлім.

Ал ашық дереккөзден ұн өндіру статистикасы туралы ақпарат табылмады. Дегенмен, бидай өндіру көрсеткішіне қарап, бұл салада да “10 елдің қатарында” екенімізді айтудың да күмәнді мәлімдеме екенін түсінеміз.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz