Түркістан Қазақстан астанасы бола ма?

WhatsАpp мессенжерде “2024 жылдан бастап Түркістан Қазақстан астанасы болатыны” туралы ақпарат тарады. Facebook қолданушысының скринінде үкімет осындай шешім қабылдағаны жазылған. Factcheck.kz мәлімдемені тексеріп көрді.

Түркістан Қазақстан астанасы бола ма?
Whatsapp-тағы скриншот

Үкім: Сатира

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Деректі алғашқы болып таратқан Аягөз Бегалықызы Түркістан туралы жазбасын 2023 жылы 1 сәуірде жариялаған. Алайда үш күннен соң, 4 сәуірде әзіл ретінде жазғанын хабарлаған.

1 сәуірге орай әзіл ретінде жазғанымды шын қабылдап қалғандары күлкілі. Кеше әріптесім WhatsApp-тан жіберді, олардың отбасылық тобына осы скринді жолдапты. Қызу талқыланып жатыр екен. Facebook-те де түрлі жазбаның астына мені тегтеп, белгілеп жатыр. Мұнда да талқылап жатыр, бірі наразылығын білдірсе, енді бірі астананың ауысатынына қуанып жатыр.

Аягөз Бегалықызы

Оның үстіне, 1 сәуір және басқа күні Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің ресми ресурсына, Youtube-тағы ресми арнасына және Ақорда сайтына бұған қатысты ақпарат шықпады.

Дегенмен Түркістанды Қазақстанның емес, “түркі елдерінің туристік астанасына” айналдыру ұсынысы болған. 2022 жылғы мамырда мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм министрлері-әкімшілік басшыларының отырысына қатысты. Сол кезде ол “Түркістанды түркі әлемінің туристік астанасы” деп жариялауды ұсынды. Бұл туралы бірқатар қазақстандық медиа жазған (1, 2, 3). Сатира ақпараттың тез тарауына осы мәлімдеме әсер еткен болуы мүмкін.

Еркінбаев мұндай ұсынысты жиі жасайды. Мысалы, 2023 жылғы наурызда вице-министр Алматыны Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туризм астанасы ретінде бекітуді ұсынған.

Бұл ел астанасын ауыстыруға қатысты алғашқы фейк ақпарат емес. Бұған дейін осыған ұқсас мәлімдеме – Қостанайдың астана болатыны туралы хабар тараған. Дегенмен Stopfake.kz сайты теріске шығарды. 

Factcheck.kz