Тезек қоңыздары Құс жолына қарап жүретіні рас па?

“Тезек қоңыздары Құс жолына қарап қозғалады” деген ақпарат бірқатар медиа мен қызық деректер тарататын ресурста жарияланды (1, 2, 3). Factcheck.kz мағлұматты тексеріп көрді.

Құстар, итбалықтар мен адамдар жұлдыздарға қарап жолды табады, бірақ африкалық тезек қоңыздары түзу сызық бойынша жүріп жатқанын жұлдыздарға емес, ғаламшарға қарап біледі.

делінген Fishki.net сайтындағы жазбада

Тезек қоңызы — Құс жолына қарап бағытын таңдайтын жалғыз жануар.

делінген Infoniac.ru сайтында

Үкім: Шындық

“Тезек қоңыздары Құс жолына қарап жүреді” деген тұжырымға негіз бар. Кем дегенде бұл жағдайдың рас болуы мүмкін екенін дәлелдейтін бірқатар эксперимент жасалған. Оған қоса авторлардың тұжырымдары ғылыми басылымдарда жазылған.

Біз Google-дан BBC орыс қызметінің 2013 жылғы мақаласын таптық. Онда бұл қоңыз түрінің шынымен де Құс жолына қарап, тезекті дөңгелетіп ініне апаратыны жазылған.

Материал бастапқы дереккөз ретінде Швеция, Оңтүстік Африка энтомологтары Мари Дакенің, Эмили Бэрдтың, Маркус Бирннің, Кларк Шольцтің және Эрик Уорренттің Current Biology (Dung Beetles Use the Milky Way for Orientation, Current Biology, 2013) деген британ журналына жарияланған зерттеуіне сілтеме берген.

Зерттеуде былай делінген: “Тіпті ашық, айсыз түндерде көптеген қоңыз түзу траекториямен қозғала алады. Бұл бізді “тезек қоңыздары жұлдыз аспанын бағыт табу үшін пайдаланады” деген гипотеза жасауға әкелді. Біздің білуімізше, бұл — жәндіктер ешқашан көрсетпеген қабілет. Мұнда біз тезек қоңыздары жұлдыз аспаны астында тезек түйіршіктерін тікелей траекториямен тасымалдайтынын, бірақ бұлтты ауа райында бұл қабілетін жоғалтатынын байқаймыз”.

Авторлар таза ауада эксперимент жүргізген. Олар тезек алып жүретін қоңыздарды жан-жағы жабық, тек аспан көрінетін кеңістікте ұстап, бақылаған. Кейбірінің көзін арнайы жапқышпен жапқан. Сондай-ақ, қоңыздар Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласының планетарийіне жеткізілді. Онда проектордан аспан әлемі көрсетіліп тұрды. Ғалымдар жасанды кеңістіктегі жәндіктердің мінез-құлқын бақылады.

Зерттеу авторы Мари Даке “BBC арнасының қызметіне” қосымша түсіндіре кетті. Оның айтуынша, қоңыздар проектордан жұлдыз аспаны көрсетілгенде бағытын дұрыс таба алған. Бұлыңғыр Құс жолын көрсеткенде де адаспады.

Бір қызығы, 2013 жылы ғалымдарға дәл осы зерттеуі үшін әзілге толы Шнобель сыйлығы берілді.

Дегенмен зерттеушілер жұмысын жалғастырды. Үш жылдан соң олардың жаңа командасы (ғалымдар тобынан Эмили Бэйрб, Маркус Биррр, Мари Даке шығып, Басил эль-Джунди және Джеймс Джей Фостер кірді) жаңа нәтижесін бөлісті (A Snapshot-Based Mechanism for Celestial Orientation, Current Biology, 2016). Авторлар тезек қоңыздары “биге” ұқсас қозғалыс барысында аспанды “суретке түсіріп” алып, есінде сақтап қалатынын айтады.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz