ОА елдері өз жеріндегі био-зертханаларды бақыламайды: жаңа нарративтерді талдайық

2024 жылдың 29 сәуірінде Восточный эксперсс (asia24.media) сайтында “АҚШ корпорациялары Орталық Азиядағы жасырын биологиялық соғыста қандай рөл атқаратыны” (архив) туралы мақала жарияланды. Мәтінде “биоқару”, “қауіп”, “АҚШ зертханалары” туралы нарратив тағы қайталанады. Келтірілген деректердің толықтай жалған немесе бұрмаланғанын бірден айта кетейік.

Редакциямыз мақалада келтірілген кейбір деректерді бұрын тексерген еді. Дегенмен Factcheck.kz ол деректердің неге жалған екенін қайта еске түсіріп, бұрын тексермеген жаңа нарративтерді де қарастырды.

Мәлімдеме: Дегенмен, Америка Құрама Штаттарының кепілдігіне қарамастан, аймақтағы америкалық биологиялық зертханалардың жұмысына қатысты бірқатар елеулі алаңдаушылықтар бар. Біріншіден, бұл зертханаларды Ресей, Қытай немесе Иран сияқты АҚШ-тың әлеуетті қарсыластары саналатын елдерге қарсы бағытталған бактериологиялық қару жасау үшін пайдалану мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.

asia24.media

Үкім: Манипуляция

Мәтінде “биоқару” туралы эмоцияға басымдық берілгенінен бөлек, логикалық қате байқалады. Мысалы, Орталық Азия елдерінде орналасқан биологиялық зертханаларды АҚШ “қару жасау үшін өз мақсатында” пайдалана алмайды. Мұның себебі қарапайым фактіге келіп тіреледі: ОА-дағы зертханалар АҚШ-қа емес, орналасқан елдің заңдарына бағынады.

Оның үстіне Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері Бактериологиялық және токсиндік қаруға тыйым салу туралы конвенцияның қатысушылары екенін және соның аясында жыл сайын ерікті түрде баяндамалар ұсынатынын ұмытапған жөн.

Қазақстанға қатысты биологиялық қару туралы нарративтің неге қате екенін мына сілтемедегі материалымыздан оқи аласыздар.

Мәлімдеме: Екіншіден, қауіпті қоздырғыштардың тарау қаупі бар, бұл адамдар мен жануарлар арасында кең таралған эпидемияға әкелуі мүмкін.

asia24.media

Үкім: Манипуляция

Мәтіннен қорқынышқа сілтеу деп аталатын (argumentum ad metum деп те аталады) логикалық айла мен эмоцияны байқауға болады. Бұл айлаға сай, “сіз X-ті шындық деп қабылдамасаңыз, қорқынышты жағдайға ұшырайсыз“. Дегенмен бұл қоғам пікіріне әсер ету үшін пайдаланылатын амалдың бірі ғана. Әрбір биологиялық зертхана деңгейіне байланысты әртүрлі қауіпсіздік шараларын қабылдайды.

Биоқауіпсіздіктің төрт деңгейі бар, яғни биологиялық қауіпсіздік деңгейі (қаз. – биоқауіпсіздік деңгейі) BSL-1-ден BSL-4-ке дейін барады. Әрбір деңгейде микробтар мен биологиялық агенттерді қамтитын арнайы бақылау шаралары болады. Зертхана деңгейін анықтайтын негізгі қатерлер – жұқпалылық, аурудың ауырлығы және орындалатын жұмыстың сипаты. Қарастырылып отырған микробтың немесе агенттің шығу тегі және жұқтыру әдісі де маңызды.

ОА елдері өз жеріндегі био-зертханаларды бақыламайды: жаңа нарративтерді талдайық

Төменде әрбір деңгейдің қысқаша сипаттасы берілген.

  • BSL-1 зертханасы ауру тудырмайтын және зертхана қызметкерлері мен қоршаған ортаға аз деңгейде қауіп төндіретін микробтармен жұмыс істейді. Әдетте BSL-1 зертханасында жұмыс істейтін микробтың мысалы ретінде E. coli (Escherichia coli) бейпатоген штаммын айтуға болады.
  • BSL-2 зертхана қызметкерлері мен қоршаған ортаға орташа қауіп төндіретін және әртүрлі ауырлықтағы ауру тудыратын микробтармен (әдетте эндемиялық) жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысал — сарғыш стафилококк (Staphylococcus aureus).
  • BSL-3 зертханасы ауыр немесе өлімге себеп болатын ауа-тамшылы ауруларын тудыруы мүмкін табиғи және экзотикалық микробтармен жұмыс істеуге арналған. Мысалы, BSL-3 зертханасы жұмыс істейтін микроб түрлерінің бірі — туберкулез тудыратын бактерия Кох таяқшасы ретінде белгілі туберкулез микобактериясы.
  • BSL-4 зертханалары аэрозоль арқылы да берілуі мүмкін қауіпті және өте жұқпалы микробтарды зерттейді. Бұл микробтар тудыратын инфекциялар көбінесе өлімге әкеледі және қазіргі уақытта емдеу немесе вакцина жоқ. BSL-4 зертханасында жұмыс істейтін микробтардың арасында, мысалы, Эбола және Марбург вирустары бар.

Қазір Орталық Азияда BSL-3 деңгейіндегі зертхананың екеуі Қазақстанда, тағы екеуі Тәжікстанда бар. BSL-4 деңгейіндегі зертхана Орталық Азияның ешбір елінде жоқ.

Мәлімдеме: Үшіншіден, зертханалардың қызметі олар орналасқан елдердің егемендігі мен заңнамасын бұзуы мүмкін, өйткені бұл нысандар жергілікті бақылауға жатпайды және олардың ниеттері мен жұмыс нәтижелері туралы толық ақпарат бермейді.

asia24.media

Үкім: Жалған

Әрбір елдегі зертхана жергілікті басқару органдарының қарамағында жұмыс істейді, сондықтан мұндай мәлімдемеге ешқандай негіз жоқ.

Мысалы, Қазақстандағы BSL-3 деңгейіндегі биологиялық зертханалар толықтай Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жұмыс істейді (Орталық референт зертхана; Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты).

Ал Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық обаның, карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың алдын алу орталығының тырысқақ эпидемиологиясы және бактериологиясы зертханасының меңгерушісі Маруфжон Мадаминов республикада АҚШ-пен ынтымақтастық аясында қайта қалпына келтірілген немесе салынған және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалар бар екенін айтқан. Бірақ “Олар санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің ұлттық желілік зертханалары” деген Маруфжон Мадаминов.

Бұдан бөлек, Тәжікстанда “Мерьё қорының” қолдауымен Душанбедегі гастроэнтерологиялық институтының базасында 3-деңгейлі екі және 2-деңгейлі екі зерхана ашылған. Олар да Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жұмыс істейді.

Ашық дереккөзден Қырғызстан мен Түркіменстанда АҚШ-тың қолдауымен салынған қандай да бір жаңа зертхана туралы дерек таба алмадық.

Мәлімдеме: Бұл ретте Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) ҰҚШҰ елдерінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруда негізгі делдал ретінде әрекет етеді. ХҒТО штаб-пәтері Астанада орналасқан және оның бюджеті НАТО елдерінің 95% жарнасынан құралады, қаржыландырудың басым бөлігі АҚШ-тан келеді. ХҒТО басшысы – АҚШ қаруды бақылау агенттігінің бұрынғы басшысы Рональд Леман.

asia24.media

Үкім: Манипуляция

Халықаралық ғылыми-техникалық орталық тек ҰҚШҰ құрамына кіретін елдерде ғана жұмыс істемейді. Орталықтың филиалы Грузияда да бар. Орталықтықтың басшысы Рональд Леман екені рас, бірақ Астанадағы атқарушы директор — Дэвид Клив. Бюджетіне келсек, қаржыландырудың басым бөлігі АҚШ-тан емес, Еуроодақтан келеді. 2022 жылдағы жағдайға сай, орталықта Еуроодақ 35 млн долларға (жалпы жобалар қаржысының 66,6%-і), Жапония 3 млн долларға, Ұлыбритания 285 мың долларға, АҚШ 12 млн долларға, Сингапур 2 млн долларға жобаларды іске асырып жатыр.

ХҒТО-ның жазуынша, жобалардың барлығын мүше мемлекеттердің лауазымды тұлғаларынан тұратын Басқарушылар кеңесі бекітеді және ХҒТО жобалары жүзеге асырылып жатқан объектілерге тұрақты мониториңді қоса алғанда, жүйелі түрде бақылау мен аудит жасалады.

Халықаралық ғылыми-техникалық орталық 1992 жылы Мәскеуде құрылғанын айта кеткен жөн. Негізгі мақсаты — кеңес кезінде қару-жарақ жасаумен айналысқан ғалымдарға бейбіт мақсаттағы тұрақты жұмысқа орналастыру. Осылайша 2015 жылға дейін ХҒТО Ресей Федерациясында орналасқан және ресейлік биолог ғалымдарын бейбіт зерттеулерге көшуіне қолдау көрсетуге шамамен 1,5 миллиард доллар бөлген. Ресей ХҒТО-дан шыққаннан кейін ұйымның штаб-пәтері Астанаға көшірілді.

Мәлімдеме: Мысалы, Украинада он бір биологиялық зертхана DTRA қамқорлығымен жұмыс істейді. Алайда, Украина үкіметі белгілі себептермен өз аумағындағы бұл процестерді бақылай алмайды.

asia24.media

Үкім: Жалған

Автор нақты қай зертханаларды айтқаны белгісіз болса да, нені меңзегені белгілі. Бұл 1993 жылы бұрынғы КСРО елдерінде жұмыс істей бастаған жаппай қырып-жою қаруын жою жөніндегі америкалық Нанн-Лугар бағдарламасын айтқан болуы керек. Оны DTRA (АҚШ қорғаныс министрлігінің қауіптерді азайту агенттігі) іске асырады. Бағдарлама аясында Украинада кеңес кезінен қалған зертханалар ішінара реконструкцияланды, кейбір жағдайда жаңа ғимараттар салынды. MediaSapiens-тегі әріптестеріміздің жазуынша, украиналық зертханаларды АҚШ қаржыландырмайды; олар Украина бюджетінен ақша алады және Украина Денсаулық сақтау министрлігіне бағынады. АҚШ ақшасы негізінен зертханаларды қорғау деңгейін жақсартуға кетті. АҚШ-тан ақша алатын бөлек бағдарламалар да бар.

Мәлімдеме: Америкалықтар олар қауіпті инфекциялардың тарауына қарсы күреске бағытталғанын айтады, бірақ кейінгі пандемия Алматыдағы 2016 жылдан бері жұмыс істеп тұрған биологиялық зертхананың коронавирустың таралуына тосқауыл қоя алмағанын көрсетті.

asia24.media

Үкім: Манипуляция

Мәлімдеменің бұл тұсынан да логикалық және деңгейлік тұрғыдан сәйкеспейтін манипуляцияны байқауға болады. COVID-19 пандемиясы — SARS-CoV-2 коронавирусының жаһандық деңгейде тарауының салдарынан болған халықаралық мәселе. Ал 2016 жылы ашылған Орталық референт зертхана ықтимал індеттің алдын алу үшін қауіпті қоздырғыштарды анықтап, сараптамалық диагностика мен зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұған себеп те жоқ емес, біз бұған дейін жазғандай, Қазақстан аумағының 40%-ке жуығы обаның ең ірі және белсенді табиғи ошақтарының бірі – Орталық Азияның табиғи шөл ошақтарына жатады.

Оның үстіне бұл мәлімдемеден Қазақстандағы BSL-3 (деңгейлерге қатысты толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз) деңгейіндегі зертханаларды дискредитациялауға талпынысты байқауға болады. Бұл, әлбетте қате. Мысалы, SARS-CoV-2 коронавирусына қарсы қазақстандық вакцина QAZVAC Орталық референт зертханамен деңгейлес, тағы бір BSL-3 деңгейіндегі зертханада, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жасалғанын ұмытпаған жөн.

Мәлімдеме: Қырғызстандық сарапшы әлемде биологиялық соғыс қаупі төніп тұрғанын атап өтіп, сібір жарасы, оба және қызылша індеттерінің өршуін, соңғысы Қазақстан мен Қырғызстанда мыңға жуық баланың өліміне әкеліп соқтырғанын айтты. Ол Қазақстан 2023 жылдың соңында қызылша ауруының саны бойынша әлемде үшінші орында тұрғанын, мамырдан қазанға дейін 13 мыңға жуық дерт тіркелгенін, Йемен мен Үндістаннан кейін екінші орында тұрғанын атап өтті.

asia24.media

Үкім: Манипуляция

Автор бұл тұста себеп салдарлық байланыс жоқ кезде пайдаланылатын “байланыссыз” (түпнұсқасы — non sequitur) логикалық айласын қолданған. Нақтырақ айтқанда мәтінде 1) “әлемде биологиялық соғыс қауптің төнуі” (мұның өзі даулы) және 2) Қазақстан мен Қырғызстанда балалар арасында қызылша жұқтырғандардың көбеюін байланыстырылған. Жалпы алғанда, қызылшаның тарауын биологиялық зертхана контексінде айту алғаш қолданылып отырған нарратив емес.

Оның үстіне қызылшаның “мыңға жуық баланың өліміне әкеліп соқтырғаны” туралы тұсы да жалған. Қырғызстанда қызылшадан 2023 жылы 18 жасқа дейін 9 бала қайтыс болса, ал Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова 2023жылы 28 желтоқсанда елде қызылшадан екі баланың өлімі тіркелгенін хабарлады.

Қазақстанның қызылшаның жұғу саны бойынша алғашқы үштікке кіргені туралы ақпарат рас. 2023 жылы желтоқсанда Қазақстан Иемен мен Үндістаннан соң 3-орында болған. Дегенмен мұны жауапты органдар “антиваксерлермен” және коронавирус пандемиясына байланысты салынбай қалған екпемен байланыстырды. Қазір Қазақстан CDC көрсеткішінде (2023 жылдың қазаны – 2024 жылдың наурызы аралығындағы жағдайды қамтиды) Әзірбайжаннан кейін 2-орында тұрғанын (28,660 жағдай) айта кету қажет.

Контекст

Оқырмандарымызға анонимді сайттарға күмәнмен қарау керек деген қағиданы еске салудың реті келіп тұр екен. Восточный эксперсс сайты тұрақты түрде Еуроодақ пен АҚШ-ты қаралайтын, Ресейді мадақтайтын тақырыпта материалдар жариялап тұрады. Мысалы, жақында “Вашингтонның Ереван, Астана, Бішкек және Ташкенттегі «төңкерістерге» қанша қаржы бөлгені белгілі болды“; “Батыстың стратегиялық қатесі: Путинге таңылған Украинадағы соғыс орыс аюын оятты“; “Парижді көру… сонсоң өлу: 2024 жылғы Олимпиада Францияны имидждік апатқа алып келеді“; “Ресей — Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы достық пен диалогтың дәнекері” деген тақырыппен материалдар жарияланған. Сайт өзі және авторлары туралы ақпарат бермейді.

Уеб-сайт 2022 жылы қарашада құрылған, бірақ тіркеушілер өзі туралы барлық деректі жасырған. Тек тіркеуші Ресейден екені ғана белгілі.

ОА елдері өз жеріндегі био-зертханаларды бақыламайды: жаңа нарративтерді талдайық
Asia24.media сайтының тіркеушілері туралы ақпарат. Дереккөз: ps.kz

Восточный эксперсс сайты біз талдаған материалдың түпнұсқасы Snob.kg сайтында жарияланғанын жазған. Snob.kg уеб-сайтының Asia24.media сайтынан айырмашылығы, оның тіркеушілері туралы деректі көруге болады. Snob.kg-ді тіркеушілер — “Русская община Кыргызстана” қоғамдық бірлестігі.

ОА елдері өз жеріндегі био-зертханаларды бақыламайды: жаңа нарративтерді талдайық
Snob.kg сайтының тіркеушілері туралы ақпарат. Дереккөз: Cctld.kg

Snob.kg сайтынан да дезинформациялық сарындағы көптеген мақаланы табуға болады. Біз жоғарыда талдаған “био зертханалар” туралы мақала Восточный эксперсс сайтының Snob.kg-ден алып жаряилаған жалғыз мақаласы емес екенін айта кеткен жөн.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz