Netflix-тің Хәрри мен Меган туралы сериалынан дезинформация табылды

Британиялық газет журналистері Netflix-тің Хәрри ханзада мен оның әйелі Меган Маркл туралы жаңа сериалының трейлерінен бес дезионформация тапты. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

Осы аптада Netflix сервисіне Хәрри ханзада мен оның әйелі Меган Маркл туралы деректі фильм шығады. Онда ерлі-зайыпты британиялық корольдік отбасынан қалай алыстағанын әңгімелейді. Сонымен бірге трейлерде түрлі фото мен видео көрсетіліп, тойдан кейін қоғамның Меган Марклға деген көзқарасының қалай өзгергені баяндалады.

Алайда британиялық журналистер трейлерді зерттеп, танымал жұпқа еш қатысы жоқ және журналистика стандарттарына қайшы келетін бес деректі анықтады.

1. “Хәрри Поттер” премьерасы

Netflix-тің Хәрри мен Меган туралы сериалынан дезинформация табылды
Фото: Netflix

Хәрри ханзада «Мен отбасымды қорғау үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуім керек болды» деп айтқанға дейін трейлерде телеобъектив ұстаған бір топ фотографтардың суреті пайда болады.

The Sun газетінің хабарлауынша, бұл сурет Хәрри ханзада мен Меган танысқанға дейін, нақтырақ айтқанда 5 жыл бұрын Хәрри Поттер фильмінің премьерасында түсірілген. Alamy photobank веб-сайтындағы іздеу жүйесіне “папарации” сөзін терсе, ең бірінші болып осы фото шығады. Сайттағы суреттің сипаттамасында оның 2011 жылы 7 шілдеде «Хәрри Поттер және ажал сыйлары: 2-бөлім» фильмінің премьерасында түсірілгені жазылған.

Әрине, бұл Хәрри ханзада мен Меганның артынан ешқашан папарацци аңдымады дегенді білдірмейді. Баспасөздің ерлі-зайыптының жеке өміріне араласатынын, сол себепті оларға оңай болмағанын білеміз. Бірақ Сассекстердің сол кездегі пресса кесірінен кешкен күндерін нақты осы сурет сипаттамайды.

Cosmopolitan журналы

2. Модель Кэти Прайстың соты

Netflix-тің Хәрри мен Меган туралы сериалынан дезинформация табылды
Фото: Netflix

Екінші трейлерде де бір топ журналистің видеосы бар. Мазмұнына қарағанда бұл бейне журналистердің жұпты қалай аңдитынын көрсету мақсатында қосылған.

Клипте қолында камерасы бар ер адам біреудің артынан жүгіреді, бірақ оны көрсеткенге дейін Хәрри ханзада тұрмыс құрып, корольдік отбасының мүшесі болған әйелдердің қалай азап шегетінін және “бұл оқиғаның тағы да қайталануын” қаламайтынын айтады. Ол бұл арқылы анасы Диана ханшайымның өлімін меңзесе керек.

Алайда Sky News пен басқа да газет журналистері камера ұстап жүгірген ер адамның фотосы өткен жылғы екенін анықтады. Фотодағы ер адам мас күйінде көлік айдағаны үшін жазасын білуге келген реалити-шоу жұлдызы Кэти Прайсты түсірмек болған. Бұл Кроули қаласындағы сот ғимаратының сыртында болған.

Сонымен бірге сот ғимараты алдындағы фотографтардың басқа суреттерін Getty Images-тен табуға болады. Онда да дәл осындай киім киген фотографтар байқалады.

3. Трамптың бұрынғы адвокатының соты

Netflix-тің Хәрри мен Меган туралы сериалынан дезинформация табылды
Фото: Netflix

Екінші трейлердің тағы бір клипінде ерлі-зайыптының артынан қалмай, еріп жүрген журналистер, фотографтар және операторлар бейнеленген.

Daily Mirror, Daily Mail және басқа да бірнеше газеттің мәлімдеуінше, бұл кадрлар Нью-Йоркте Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн тұрған ғимараттың сыртында түсірілген. Журналистер онда Коэннің қаржылық қылмыстары мен Конгрессті алдағаны үшін үйінен түрмеге бара жатқан сәтін түсіру үшін жиналған.

Дәл осы журналистердің басқа ракурстан түсірілген фотоларын Getty Images сайтынан табуға болады.

4. Жоғарыдан түсірілген фото

https://twitter.com/theroyaleditor/status/1599799660335472641?s=20&t=HzMzQ4kKs-sfb3hAIGU0Aw

Трейлерде Хәрри мен қолында сәбиі бар Меган Маркл көзден таса жерге кетіп бара жатқанда оларды бүйірінен біреудің суретке түсіріп тұрған фотосы көрсетіледі. Дәл осы уақытта Хәрри “кейде біреулердің баспасөзге олар туралы жеке ақпараттарды әдейі беретінін” айтып жатады.

Алайда Evening Standard редакторы Роберт Джобсон бұл кадрдың ерлі-зайыптының рұқсатымен жасалғанын айтады. “Медианың Хәрри мен Меганның жеке өміріне қол сұғуын Netflix осы фото арқылы көрсеткені күлкілі. Фотоны Кейптаундағы архиепископ Туту резиденциясында аккредитациядан өткен адам түсірген. Үш адам аккредитациядан өтті. Хәрри мен Меган түсірілімге келісті. Мен сонда болдым”, – деп жазды ол twitter-де.

Джобсонның сөзін ITN телекомпаниясының корольдік отбасы жөнінде жазатын редакторы да растады. “Арчидің архиепископ Туту резиденциясындағы түсірілімі қатаң бақыланды. Сассекс туралы Африкадағы деректі фильмді түсірген ITN операторы да олардың рұқсатымен сонда болды. Ғимараттың ішінде олар жүргізуші Том Брэдбиге сұхбат берді”, – деді ол.

5. Қиылған фото

Netflix-тің Хәрри мен Меган туралы сериалынан дезинформация табылды
Фото: Netflix

Трейлерде Букингем сарайының балконынан шеруді тамашалаған корольдік әулет көрсетіледі. Бұл кадр 2019 жылғы маусымда түсірілген.

Дәл осы кезде Хәрри ханзада кадрдан тыс «отбасы иерархиясы» туралы айтады.

Telegraph газетінің мәлімдеуінше, трейлердегі кадр ханзада Чарльз бен оның әйелі Камилла ортада, ал марқұм II Елизаветта патшайым олардың оң жағында тұрғандай көрсетілген.

Шын мәнінде патшайым шеруді балконның қақ ортасынан тамашалаған. Ал оған жақын жерде Хәрри мен Меган Маркл тұрған.

Factcheck.kz