Қазақстанның орта білім сапасы едәуір артты ма?

13 желтоқсанда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова елдегі орта білімнің сапасы туралы сөз қозғап, сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, орта білім сапасы едәуір жақсарып, жаратылыстану мен математика бағыты бойынша жоғары ілгеріледік. Сондай-ақ, пандемия салдарынан ЕЭЫДҰ елдерінің басым көпшілігі біліс сапасы бойынша ұпайларын жоғалтса, біз керісінше жоғары орындарға көтерілдік. Аталған деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:16:11

Мәлімдеме: Шын мәнісінде PISA-2022 жылғы халықаралық зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес, жаратылыстану бағытында 2018 жылғы нәтижелермен салыстырғанда қазақстандық оқушылардың көрсеткіштері 26 баллға жоғарылағандығын атап өткіміз келеді.

Жұлдыз Сүлейменова, мәжіліс депутаты

Үкім: Манипуляция

PISA-2022 ақпаратына сай, жаратылыстану бағыты бойынша Қазақстан расымен де 2018 жылмен салыстырғанда 26 баллға (2018 – 397 балл, 2022 – 423 балл) артқан. Алайда депутат неге дәл жаратылыстануды айтқаны белгісіз, себебі PISA есебі тек жаратылыстану бағытынан ғана тұрмайды. Мысалы математика бойынша 2 балл артса, оқудан (reading) керісінше 1 балл кемідік. Сондықтан депутаттың мәлімдемесі – манипуляция.

Егер 10 жылдық (2012-2022) контексті қарайтын болсақ, Қазақстан 3 бағыт бойынша да балл жоғалтқан. Төмендегі инфографикадан PISA-ның кейінгі төрт есебінің (2015 жылды қоспағанда) балын көре аласыздар.

Қазақстанның орта білім сапасы едәуір артты ма?

Мәлімдеме: Бастысы пандемияның салдарынан ЕЭЫДҰ елдерінің орташа балы бойынша ұпайларын жоғалтса, елімізде алға ілгерілеу бар.

Жұлдыз Сүлейменова, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ЕЭЫДҰ елдерінің орташа балы 2018 жылғы есеппен салыстырғанда математика 15 балл, оқу 10 балл және жаратылыстану 2 баллға кеміді. Ал Қазақстан жаратылыстану бағыты бойынша ілгерілегенімен, қалған 2 бағытта сол орында тұр. Дегенмен Қазақстан әлі де ЕЭЫДҰ елдерінің орташа балына жетпегенін байқаймыз.

Қазақстанның орта білім сапасы едәуір артты ма?

Мәлімдеме: Соның ішінде математикадан біз 54-орыннан 46-орынға, жаратылыстанудан 69-орыннан 49-орынға көтерілгендігімізді атап өткіміз келеді.

Жұлдыз Сүлейменова, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

PISA-2022 есебіне сай, Қазақстан жаратылыстанудан 49-орын (69-орыннан), математикадан 46-орын (54-орыннан) және оқудан 61-орын (69-орыннан) алды.

Контекст

  • ЕЭЫДҰ әр 3 жыл сайын 15 жастағы оқушылар мен студенттер арасында математика, жаратылыстану және оқудан (оқу сауатынан) арнайы тест тапсыру арқылы білім сапасын анықтайды;
  • Қазақстан PISA-ға 2009 жылдан бері қатысып келеді;
  • Пандемия салданыран PISA-2021 есебі тағы бір жылға шегеріліп, оның нәтижесі 5 желтоқсанда жарияланды.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz