Қазақстандықтар табысының 49%-ін азық-түлікке жұмсай ма?

Жақында қазақстандық медиада Қазақстан тұрғындары азық-түлікке қанша ақша жұмсайтыны туралы ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5). Уеб-сайттардың Picodi.com ресурсына сілтеп жазуынша, қазақстандықтар жалақысының 49%-не азық сатып алады. Ақпарат қаншалықты рас екенін тексердік.

Мәлімдеме: Қазақстандықтар табысының 49%-ін азық-түлікке жұмсайды.

Желіде тараған ақпарат

Үкім: Шындық

Қазақстандықтар айлық табысының жартысын азық-түлікке жұмсайтыны рас, мұны түрлі статистикалық көрсеткіштер дәлелдейді. Мысалы, АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сай, 2021 жылы қазақстандықтар табысының 49,4%-ін, Қзақстанның ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы қазақстандықтар табысының 51,1%-ін азық-түлікке жұмсаған. Тіпті Еуропа елдерін салыстырған “РИА Новости” рейтиңінде еліміз ең соңғы — 39-орында. Мұнда қазақстандықтар табысының 53%-ін азық-түлікке жұмсайтыны айтылған.

Picodi.com сайтындағы ақпарат сай, Қазақстан 105 елдің арасында 99-орында орналасқан. Picodi журналистері рейтиңді жергілікті статистика бюросы мен Euromonitor (Лондондағы зерттеу компаниясы) дерегіне негіздеп құрастырған. Оның ішінде, үйде тұтынылатын азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға арналған кейінгі деректер қолданылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz