Газа секторында әр 10 минут сайын бір бала өле ме?

Дисклеймер: Бұл материалда ХАМАС операциясы басталған 2023 жылғы 7 қазан мен БҰҰ-ның 2023 жылғы 6 қарашадағы есебі аралығында жиналған деректер тексеріледі. Газадағы әскери әрекеттер жалғасып жатқандықтан, адам өлімінің статистикасы күн сайын өзгереді. Үкім есеп жарияланған сәт үшін ғана актуалды.

10 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) директоры Тедрос Гебреисус Газа секторында орташа есеппен әр 10 минут сайын бір бала өлетінін мәлімдеді. Содан кейін хабарлама баспасөз құралдарында, әлеуметтік желілерде (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8) кең тарап кетті.

Мәлімдеме: Газада орташа есеппен әр 10 минут сайын бір бала қаза табады.

Тедрос Аданом Гебреисус

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы мәлімдемені тексеріп шықты.

Үкім: Шындыққа жақын

2023 жылғы 6 қарашадағы ресми дәлелденген (7 қазаннан бастап отыз күнде жиналған) деректерге сүйенсек, Газа секторындағы бала өлімінің жиілігі шындыққа жақын. Сондай-ақ, қаза тапқандардың саны жете бағаланбаған деген де болжам бар.

ДДСҰ бағалауының дұрыстығына көз жеткізу үшін қарапайым есептеулер жүргізу жеткілікті. Гебреисус цифрды 10 қарашада айтты, алайда ол БҰҰ гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының 6  қараша күнгі деректеріне (БҰҰ-ның сол кездегі ең кейінгі дерегі) сүйенген болуы мүмкін. Ал олар өз кезегінде Газа денсаулық сақтау министрлігінің есебін негізге алады. Газа секторындағы шиеленіс басталғаннан бері 2023 жылғы 6 қараша күнгі деректерге сәйкес, онда 4104 бала қаза тапқан. 7 қазан мен 6 қараша аралығында 30 күн бар. Бұл 720 сағатқа немесе 43200 минутқа тең. Егер 43200 санын 4104-ге бөлсек, 10,5 шығады. Яғни, расымен, осы уақыт аралығында әр он минутта Газа секторында бір бала қаза тауып отырған.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сенуге бола ма? Қазанда әскери әрекеттер басталғалы ведомство тарататын деректердің дұрыстығына біршама лауазымды тұлға күмән келтірді. Олардың қатарында АҚШ президенті Джо Байден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі өкілі Джон Кирби, Израиль тарапы (мына жерде), сонымен қатар кей журналистер (мына жерде) бар. Олар министрліктің ХАМАС ұйымынан тәулсіздігіне күмән келтірді. Алайда құқық қорғаушылар мен сарапшылар денсаулық министрлігі бұрын-соңды деректерді манипуляциялағаны байқалмағанын атап өтті.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы министрлік деректері айтарлықтай нақты екенін, бұрын Газа секторындағы құрбандарды тергеу кезінде айтарлықтай қателер байқалмағанын мәлімдеді.

Газа секторында отыз жылға жуық уақыт бойы адам құқықтарының бұзылып келгенін көріп жүрміз. Жалпы, денсаулық сақтау министрлігінен түскен деректерді сенімді деп ойлаймыз… Өзімізд тәуелсіз зерттеу жүргізіп, оны денсаулық сақтау министрлігінің деректерімен салыстырғанда, айтарлықтай айырмашылық байқалған жоқ… Әдетте бұл деректер әр адам туралы жеке ақпаратты қамтитын бөлініс арқылы каталогқа жиналады. Оларды сенімді санайтынымыздың бір себебі осы.

Омар Шакир, Human Rights Watch ұйымының Израиль мен Палестина жөніндегі директорының The Guardian басылымына берген пікірінен

ДДСҰ денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламалардың атқарушы директоры Майкл Райан Voice of America басылымына Израиль тарапының да, палестина тарапының да деректеріне сенетінін, минутқа шаққанда олар нақты болмаса да, жалпы, екі жақтағы өлім көрсеткішін көрсететінін айтты. Сарапшылар зардап шеккендер туралы есепті шабуылдан соң бірден тіркеп, барлық жағдай анықталған соң жиналған сандармен белгілеп отыру керек дейді.

The Guardian басылымы хабарлағандай, АҚШ Мемлекеттік департаменті адам құқықтары жөніндегі жыл сайынғы есебінде Газа денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сілтеме жасап, Палестина деректерін негізге алған БҰҰ статистикасына сілтеме жасаған.

Сөйте тұра, қаза тапқандар саны жете бағаланбаған деген болжам да бар. The Economist басылымы Газа денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, ауруханаға түскендер туралы деректердің бәрі аурухананың ақпараттық жүйесіне енгізіліп отыратынын жазды. Алайда оған үйінді астында қалатын немесе отбасы ауруханаға апармай жерлеуге шешім қабылдаған адамдар енбейді.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz