Фактчек | Еуропа елдерінде және Қазақстанда маска тақпаса қанша айыппұл төлейді?

Әлеуметтік желіде Еуропа елдері мен Қазақстанда маска тақпағаныңыз үшін айыппұлға байланысты және ең төменгі жалақы туралы пост жиі таралып жатыр. Пост авторы оқырмандарға айыппұл мен ең төменгі жалақы арасындағы алшақтық қаншалықты үлкен екенін көрсеткен. Factcheck.kz желіде тараған жазбаға күмәнмен қарап, ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

https://www.instagram.com/p/CDiN99YHQid/?utm_source=ig_embed&utm_campaign=embed_video_watch_again

Қысқаша қорытынды

Автор негізінен қателеспеді. Бірақ егжей-тегжейлі нақты көрсетпей, техникалық қателер жіберді. Сонымен бірге, айыппұлдың қандай жағдайда төлейтіні көрсетілмеген. Factcheck.kz әр елге жеке-жеке талдау жасап, Еуропа елдерінде кімге айыппұл салынатынын, масканы кімге және қайда киюге болатынын нақтылап тексерді.

Испания: 50 000 теңге айыппұл. Ең төменгі жалақы – 525 000 теңге

Үкім: Шындық

Испанияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, көшеде (қоғамдық орындарда) немесе 1,5 метр қашықтық сақтауға мүмкіндік жоқ жерде маска тағып жүрмесе, 100 евро (08.08.20 күнгі бағам бойынша шамамен 49 500 теңге) айыппұл салынады.

Испанияда локдаун режимі (төтенше жағдай кезінде тұрғындардың далаға шығуына тыйым салынуы. Испанияда шамамен бір жарым ай бұрын аяқталды – ред.) кезінде, үйден себепсіз шыққан жағдайда 601 еуро айыппұлмен жазаланды. Құқық қорғау орган қызметкерлеріне бағынбаған жағдайда бұл сома 2000 еуроға дейін, ал агрессивті мінез көрсеткен жағдайда 10 400 еуроға дейін өсті.

Eurostat дерегінше, 2020 жылы Испаниядағы ең төменгі жалақы 1050 еуроны (520 800 теңге) құрайды.

Франция: айыппұл 67 500 теңге. Ең төменгі жалақы – 760 500 теңге

Үкім: Шындық, бірақ нақтыланбаған

Расымен Францияда маска тақпасаңыз 135 еуро (66 892 теңге) көлемінде айыппұл салады. Бірақ, бұл талап жабық әрі қоғамдық жерлерге қатысты қолданылады.

Eurostat сайтының хабарлауынша, 2020 жылы Франциядағы ең төменгі жалақы 1539 еуроны (762 574,5 теңге) құрады.

Нидерланды: айыппұл 45 000 теңге. Ең төменгі жалақы – 817 500 теңге

Үкім: Шындық, бірақ нақтыланбаған

Голландияда маска тақпаған жағдайда айыппұл 95 еуроны (47072,5 теңге) құрайды. Алайда, бұл талап қоғамдық көлікте, таксиде, масканың болмауына байланысты және 13 жастан асқан адамдарға қатысты айтылған.

Eurostat сайтының мәліметінше, 2020 жылы Голландиядағы ең төменгі жалақы 1635 еуроны, яғни, шамамен 810 мың теңгені құрады.

Бельгия: 125 000 теңге айыппұл. Ең төменгі жалақы – 796 500 теңге

Үкім: Жартылай шындық

Бельгияда айыппұл 250 еуроны (шамамен 124 мың теңге) құрайды. Ал саудагерлер жұмыс орнында маска тақпай жұмыс жасағаны үшін 750 еуро төлейді.

Бельгияда маска тағуды 12 жастан міндеттеген. Оны дүкендерде, сауда орталықтарында, кинотеатрларда және басқа да қоғамдық орындарда тағу керек.
Айыппұл төлеуден бас тартқандарға және қатігездік танытқандарға 4000 еуроға дейін айыппұл салынады немесе сегіз күннен үш айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Eurostat мәліметінше, 2020 жылы Бельгияда ең төменгі жалақы 1593 еуроны (788 мың теңге) құрайды.

Польша: – айыппұл 55 000 теңге. Ең төменгі жалақы – 261 500 теңге

Үкім: Жартылай шындық

Польшада масканы көлікте, дүкенде, кинотеатр, театр, массаж және татуировка салонында, шіркеу мен кеңседе тағу қажет. Маска тақпаған жағдайда 500 злот (113 еуро немесе 56 мың теңге) және екінші рет маска тақпай ұсталсаңыз 30 000 злотқа (6800 еуро немесе 3,4 млн теңге) дейін төлейсіз.

Евростаттың мәліметінше, 2020 жылы Польшадағы ең төменгі жалақы 610 еуроны (302 мың теңге) құрайды.

Ресей: айыппұл 28 750 теңге. Ең төменгі жалақы – 69 474 теңге

Үкім: Жартылай шындық

Ресейде маска тақпағаныңыз үшін айыппұлды аймаққа байланысты әртүрлі сомада төлейсіз. Мәселен, Мәскеуде 12 мамырдан бастап қоғамдық көлікте маска тағу мен қолғап кию міндеттелген. Маска тағуға кеңес беретін аймақтар бар. Мысалы, Тула, Новомосковск және Ресейдің т.б. аймақтарын айтуға болады.

RBC және Интерфакс мәліметінше, Мәскеудегі айыппұл мөлшері 4 мың рубльді құрайды (22 840 теңге). Мәскеу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 3.18.1-бабына сәйкес, қайтадан маска тақпай ұсталған жағдайда немесе көлік құралын пайдалана отырып заң бұзсаңыз — 5 мың рубль (28 550 теңге) айыппұл төлейсіз.

Санкт-Петербург қаласының құқықтық тәртіп және қауіпсіздік жөніндегі қалалық комитеттің хабарлауынша, 12 мамырдан бастап қоғамдық орындарда маска және қолғап болмағаны үшін 4 мың рубль (22 840 теңге) айыппұл төлейсіз.

Татарстанда 12 мамырдан бастап кез-келген қоғамдық орында маска тағу керек. Тәртіп бұзсаңыз ескерту беріледі немесе 1 мыңнан 30 мың рубльге дейін айыппұл түрінде жаза қарастырылған. Ескертейік, 8 маусымнан бастап Татарстан тұрғындарына көшеде маска тақпауға рұқсат етілген.

2020 жылдың 1 қаңтарында Ресейдегі ең төменгі айлық жалақы 12 130 рубльді құрады. Ол шамамен 69 019 теңге.

Қазақстан: 83 000 теңге айыппұл. Ең төменгі жалақы – 42 500 теңге

Үкім: Шындық

Қазақстанда денсаулық сақтау министрі қол қойған бұйрыққа сәйкес маска тағу қоғамдық орында, көшеде, яғни үйден тыс жерлерде тағу керек. Әйтпесе, 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл төлейсіз.

Шынында да, Қазақстанда 2019 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгені құрайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz