Еуропаның көп елінде зорлаушыларға хирургиялық кастрация жасау заңы бар ма?

5 ақпанда парламент мәжілісінде басқа да өзгерістермен қатар, балаларға деген сексуалды зорлық жасағандарға жазаны күшейту ұсынысы да бар заң жобасы таныстырылды. Қазір заңды күшіне ие Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көп нұсқаның бірі ретінде ғана қарастырылған. Ұсынылып отырған заң жобасында балаларға сексуалды зорлық жасағандарға тек өмір бойына бас бостандығынан айыру керек деген жазаны қалдыру ұсынылған.

Бұдан бөлек заң жобасына енгізетін өзгертулер ішінде балаларды зорлағаны үшін сотталғандарға хирургиялық кастрация жасау керек деген де ұсыныс бар. Дегенмен үкімет бұл өзгерістерді қарастыруға қабылдамады, себебі мұндай жаза шамадан тыс шектен шығу және Адам құқығы бойынша Конвенцияға қайшы келеді деп тапқан. Сонымен қатар өмір бақи бас бостандығынан айырылғандарға кастрация жасаудың еш мәні жоқ деп есептейді. Депутат Елнұр Бейсенбаев министрлер кабинетінің бұл шешімімен келіспей, заң жобасының таныстырылымында былай деді:

Мұны еш дәйексіз болжам деуге болады. Еуропаның көптеген елінде хирургиялық кастрация бар. Біз бүкіл педофилдерге кастрация жасау керек деп айтпадық. Біз сотқа таңдау мүмкіндігін береміз. Егер педофилия асқан қатігездікпен жасалса, онда кастрация жасау керек.

Елнұр Бейсенбаев

Хирургиялық кастрацияның медициналық терминіорхиэктомия. Бұл процесс бір сағатқа жуық уақыт алады, оған қоса тек ұрықсыздандыру үшін ғана емес, қуықасты безінің қатерлі ісігін емдеуде, аталық безінің жарақаты кезінде және жыныс ауыстыру кезінде жасалады. Орхиэктомия кезінде жасалу жолына қарай аталық безін толық алып тастауға немесе косметикалық эффектіні сақтап қалу үшін тестестерон бөлетін бөлігін ғана алып тастауға болады.

Factcheck.kz редакциясы Еуропаның көптеген елінде хирургиялық кастрация расымен бар ма, жоқ па екенін тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Бүгінде тек Еуропаның бір елінде, Чехия Республикасында сексуалды қылмыс үшін сотталғандарға хирургиялық кастрация жасалады. Бұл әрекетке қылмыскер өз еркімен баруы керек, ал оның іске асуы үшін көптеген шарт орындалуы тиіс. Германияда жазалаудың бұл түрі 2012 жылдан бері тоқтатылған, себебі Еуропа Кеңесінің Азаптаудың алдын алу комитеті бұл әрекетті сынға алған еді.

Қазір Германияда және өзге де Еуропа елдерінде химиялық кастрация жасауға болатын заң бар. Айырмашылығы сол, мысалы, Германия, Ұлыбритания, Франция мен Эстонияда кастрация өз еркімен, ал Польша мен Солтүстік Македонияда белгілі бір шарттар орындалған жағдайда күшпен жасалады.

Қылмыстық кодекске сай, Қазақстанда химиялық кастрация медициналық сипаттағы ықтимал мәжбүрлеу шараларының бірі ғана.

Химиялық кастрация дегеніміз адам ағзасына жыныс гормондарын тежейтін дәрі-дәрмек енгізу. Ерлерде бұл тестестерон, ал әйелдерді – эстроген. Одан бөлек, бұл гармондар адамның сексуалды іс-әрекетіне де жауап береді, сондықтан организмдегі жыныс гармондарының азаюы жыныстық қатынасқа деген ынтаны да басады. Дәрі уақытша әсер етеді, себебі дәріні қабылдауды тоқтатқан жағдайда әдетте бірнеше ай ішінде жыныстық қатынасқа деген ынта пайда болады. Бұл тежегіштер репродуктивті жүйенің қатерлі ісігі кезінде және жыныс ауыстыру кезіндегі гармоналды терапияда қолданылады.

Чехия заңы не бұйырады?

Чехия Республикасында хирургиялық кастрацияға рұқсат ететін заң сонау 1966 жылы қабылданып, әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Қазіргі Қылмыстық кодекс бойынша зорлық жасағандар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды. Максималды жаза – 16 жыл түрмеге тоғыту. Оның өзінде зорлық жасауда адам өлімі болған жағдайда ғана қолданылады. 14 жасқа дейінгі балаларға деген сексуалды зорлық көрсеткендерге 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Дегенмен психикалық ауытқу әсерінен аса ауыр қылмыс жасаған сотталғандарды сот олардың мінез-құлқы енді қоғамға қауіп төндірмейді деп шешкенге дейін мамандандырылған медициналық мекемеге қамауға алынады. Ауруханаларда ұстауды ұзарту туралы сот шешімі шексіз ұзартылуы мүмкін болғандықтан, мұндай сотталғандар өмір бойы қамауда қалуы мүмкін.

Хирургиялық кастрация сексуалды зорлық жасағаны үшін сотталғандардың терапиясы аясында тағайындалады. Ол қамау мерзімін өтеу кезінде де, одан бөлек де жүргізілуі мүмкін. Сот шешімі бойынша хирургиялық кастрация қамау мерзімінің бір бөлігін алмастыра алады. Процедураның өзі сотталғандарға 18 жастан асқан және девиантты жыныстық мінез-құлық пен жыныстық қатынасқа бейімділік туралы расталған медициналық диагноз қойылған жағдайда қолданылуы мүмкін.

Заңға сәйкес, процедура бірнеше шарттар орындалған жағдайда ғана жүзеге асады:

  • сотталған адам рәсімді өз еркімен және өз бастамасы бойынша өткізуге арыз жазуы тиіс;
  • екі сексологтан, психиатрдан, урологтан, клиникалық психологтан және заңгерден тұратын арнайы комиссия құрылуы керек;
  • комиссия мүшелері сотталғанға медициналық араласу, оның қайтымсыз салдары және ықтимал қауіптері туралы ақпаратты жеткізуге тиіс.

Чех мамандарының айтуынша (1, 2), хирургиялық кастрация сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін қылмысын қайталамауға көп септігін тигізеді.

Алайда Еуропаның азаптаудың алдын алу комитетінің 2008 жылғы есебіне сәйкес, хирургиялық жолмен кастрацияланған 94 сотталушының кем дегенде үшеуі жыныстық сипаттағы ауыр қылмыстарды қайталап жасаған, соның ішінде кісі өлтіруге де оқталған. Сонымен бірге Комитет рецидивтің нақты көрсеткіштері жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті, өйткені ресми статистика тек тіркелген қылмыстар мен бұрынғы сотталғандардың айғақтарына негізделген.

Бұдан басқа Комитет хирургиялық кастрацияны жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталғандарды жазалау немесе емдеу ретінде қолдануды қатаң түрде айыптайды, бұл процедураны агрессивті, қайтымсыз және зиянды деп сынға алған. Халықаралық орган мыналарды атап өтеді:

  • процедура физикалық тұрғыдан қайтымсыз болғандықтан, ол адамнан ұрпақ алу мүмкіндігінен айырады;
  • сотталғандарды хирургиялық кастрациялау халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді;
  • тестостерон деңгейін операциядан кейін қалпына келтіруге болады және процедурадан кейін қайталанатын қылмыс жағдайлары азаяды деген ғылыми дәлелдер жоқ;
  • хирургиялық кастрацияға келісім өз еркінсіз немесе еш ақпаратсыз болуы мүмкін. Сотталушылар бұл өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасынан құтылудың жалғыз жолы деп санап, процедурадан өту туралы ұсынысқа келісе салуы мүмкін.

Еуропадан тыс аймақтағы жағдай

2024 жылдың 2 ақпанында Мадагаскар парламенті елдің Қылмыстық кодексіне түзетулер қабылдады, оған сәйкес химиялық және кейбір жағдайларда хирургиялық кастрация кәмелетке толмағандарға қарсы сексуалдық қылмыстар үшін мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады. Өзгертулер балаларға шабуыл жасау жағдайының көбеюіне байланысты қабылданды: 2023 жылы елде кәмелетке толмағандарды зорлау бойынша 600 жағдай және 2024 жылдың қаңтарында тағы 133 жағдай тіркелді.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Мадагаскар билігінің шешімін айыптап, бұл процедураны қатігез, адамгершілікке жат және адамның қадір-қасиетін қорлайды деп айыптады. Сонымен қатар құқық қорғаушылар мәжбүрлі кастрация Мадагаскар Конституциясына, адам құқықтарының халықаралық және аймақтық стандарттарына қайшы келеді деп мәлімдеді.

Оған қоса ұйым мұндай бұлтартпау шаралары жыныстық зорлау қылмысының нақты санын едәуір азайтуға көмектеспейтінін атап өтті, өйткені олардың өте аз бөлігі құқық қорғау органдарының назарына түседі. Көптеген қылмыскер жазасыз қалады, өйткені жәбірленушілер мен олардың отбасылары стигматизациядан, қудалаудан және елдің сот жүйесіне жалпы сенімсіздіктен қорқып, полицияға қылмыс туралы шағымданбайды.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz