Әуе шоуында екі ұшақтың соқтығысқаны рас па?

Желіде аспанда екі ұшақтың соқтығысқан видеосы тарады. Сипаттамада бейнеде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бомбалаушы америкалық Boeing B-17 ұшағы екені жазылған. Алайда кейбір қолданушы видеоны фейк деп ойлады.

Factcheck.kg сайтының редакторлары ақпаратты тексеріп көрді.

Видеодағы екі ұшақтың соқтығысуына байланысты қайғылы оқиға шынымен де 12 қарашада Техастағы Wings Over Dallas америкалық авиация шоуында болған. Мұны авиашоуды ұйымдастырушылар өз сайтында растады.

Сенбі, 12 қарашада Даллас әуежайында Хьюстон аймағынан келген екі ұшақ, B-17 Flying Fortress және P-63 Kingcobra соқтығысты. Төтенше жағдайлар қызметі оқиғаға қатысты жұмыс жүргізіп жатқандықтан, қазір бізде ұшу экипаждарының жағдайы туралы ақпарат жоқ. Тарихи әуе күштері жергілікті билік органдарымен жұмыс істеп жатыр, FAA және NTSB апаттың себептерін мұқият тексереді. Кез келген қолжетімді ақпарат осында жарияланады. Біз апатқа ұшырағандар мен олардың отбасылары үшін дұғадамыз.

Кейін BBC Даллас округінің судьясы Клэй Дженкинстің мәлімдемесіне сілтеме жасап, қайғылы оқиға салдарынан алты адам қаза тапқанын хабарлады. Өрт сөндірушілердің айтуынша, сол сәтте жерде болған адамдар арасында зардап шеккендер жоқ.

Осылайша, желіде тараған видео шынайы болып шықты.

Factcheck.kz