Саяси дезинформацияны анықтауға көмектесетін 13 кеңес

Бразилияда барлық дерлік смартфонда WhatsApp мессенджері орнатылған. Қосымша адамдардың бір-бірімен байланысқа шығу жолын жеңілдетті. Бірақ бұл мессенджер 2018 жылы президент сайлауы қарсаңында жалған ақпараттың тарауына жағдай жасады. Сол уақытта Folha de São Paulo журналисі Патрисия Кампос Мелло WhatsApp мессенджерінде дезинформация тарағаны туралы толығырақ ақпарат таратып отырды.

Жақында Халықаралық журналистика желісінің (ICFJ) «Дезинформацияны қарусыздандыру” жобасы аясындағы трениңінде Кампос Мелло өзінің тәжірибесіне сүйеніп, журналистерге саяси дезинформацияны анықтауға байланысты кеңес берді. Factcheck.kz ресурсы мәтінді оқырмандары үшін аударып, қайта жариялап отыр.

1. Сөйлесіңіз

2018 жылы Бразилиядағы саяси кампанияны ұйымдастырушылар WhatsApp-та жалған хабарлама тарату мақсатында маркетиңдік агенттіктерді жалдады. Кампос Мелло маркетиң саласындағы сарапшыларымен және агенттік қызметкерлерімен сөйлесті. Кейін ол саяси кампаниялардың тапсырысымен жалған хабарлама таратқан компаниялар мен маркетиң агенттіктерінің тізімін жасады.

Ол кезде адамдар жаппай хабарлама жіберудің не екенін білмеді. Біз [журналистер] де, TSE де [Жоғарғы сайлау соты], ешкім [білмеді]. Біз мұны енді ғана анықтай бастадық“,-деді ол.

2. Деректерді іздеңіз

Мысалы, Бразилияда журналистер DivulgaCand арқылы сайлауға қатысты ақпаратты, TSE деректер базасын іздей алады. Мұнда компанияның демеушілері, келісімшарт бойынша жалдаған қызметкерлер, үміткерлердің активтері және т.б. ақпараттар бар.

Зерттейтін компания туралы ақпарат жинаңыз. Олардың мекен-жайын, телефон нөмірлерін және басқа мәліметтерді білу — терең зерттеуге көмектеседі.

3. Ақпарат беретін адамды табыңыз

Ақпаратты іздеу барысында кім компанияны сотқа бергенін іздеп көріңіз. Компания қызметкерлерін немесе компаниямен соттасып жатқан кейіпкерді табыңыз. Мұндай адамдардың көбі журналистермен әңгімелесуге келіседі.

Ақпарат берушілер, қызметкерлер, бұрынғы қызметкерлер […] әрдайым маңызды“,-дейді Кампос Мелло.

Кампос Мелло аймақтық еңбек сотының дерекқорымен қалай жұмыс істегенін айтты. Ол жаппай хабар тарату қызметтерін ұсынатын агенттіктерге қарсы шағымдарды талдады. Осы ақпараттың көмегімен, зерттеу барысынында қолданатын дереккөз тізімін жасады.

4. Құжаттарды сұраңыз

Кейбір ақпарат берушілер журналистерге ақпаратты өздері жіберуі мүмкін. Бірақ оны күтудің қажеті жоқ. Сіз дереккөзбен байланысып, олардан компания туралы мәліметтер мен құжаттарды жіберуді сұраңыз. Кампос Мелло ақпарат берушілерден фото, мессенджерлердегі хат және т.б. заттарды сұрауға кеңес береді. Бұл зерттеуіңізге көмектеседі.

5. Дереккөзді тексеріңіз

Журналистер өзінің дереккөзіне абай болуы керек. Дереккөздің қаншалықты рас сөйлеп отырғанын әрдайым тексеріңіз. Сонымен қатар, дереккөздің жеке ақпаратын жарияламаңыз. Бұл оның репрессияға ұшырамауына кепілдік береді.

Мысалы дезинформация туралы зерттеу алғаш рет жарияланған соң Кампос Меллоға әлеуметтік желіде маркетиң агенттігінде жұмыс істейтін адамнан хабарлама келген. Хат авторы Кампос Мелломен жұмыс істеуге дайын екенін айтқан.

Оның жұмыс істейтіні туралы деректі тексеру керек болған соң ақпараттарды жинай бастадым. Бірақ оған деректерді ешкіммен бөліспейтінімді ескерттім“,-деді ол.

6. Ынтымақтастықтың маңызы

Дезинформациямен күрес кезінде басқалармен бірігіп жұмыс істеу көмектеседі. Мысалы, журналистер университет немесе зерттеу орталығымен бірігіп, еңбектің құндылығын арттырады.

Журналистер 2022 жылы сайлау кезінде Рио-Де-Жанейродағы Федералды университетпен бірге жұмыс істеді. Олар WhatsApp және Telegram-дағы ақпаратты зерттеді. Ал университет саясаткерлер жиі қолданатын сайттарға анализ жасаған.

7. Зерттеуге көмектесетін құралдарды ұмытпаңыз

Журналистер зерттеу барысынды бірнеше тегін құралды қолдана алады. Мысалы мыналар:

Wayback Machine — веб-сайттардың архивтелген нұсқасын анықтайтын цифрлық база. Кампос Меллоның айтуынша, мұнда архивтелген деректерді жою өте қиын және сот шешімімен ғана жойылуы мүмкін.

Palver — WhatsApp-тағы ашық топтарды тексеретін технологиялық компания. 2022 жылы Бразилиядағы сайлау науқаны кезінде TSE-мен бірге жұмыс істеді.

CrowdTangle — Мeta компаниясы әзірлеген ақпаратты саралауға көмектесетін құрал. Бұл журналистерге анализ жасауға, қай тақырып өзекті екенін анықтауға, ал қайсысы маңызды емес екенін білуге көмектеседі. Осы құралдың көмегімен журналистер дезинформацияның күшеюін алдын алады.

SimilarWeb — тағы бір дезинформацияны анықтауға көмектесетін құрал. “SimilarWeb көмегімен WhatsApp-тағы топ мүшелері мен саясаткерлер көбіне қандай сайттағы ақпаратты бөлісетінін анықтадық. Біз бұл сайттарға аудитория саны қанша екенін білу үшін кірдік. Қорытындысы бізді шошытты“,-деді Мелло.

Меллоның айтуынша, біраз сайттар ақпаратты сенімді дереккөзден алады. Алайда кейін деректерді бұрмалап, ақпараттың контекстін өзгертеді.

8. Зерттеп отырған сайттар қай жерден жұмыс істейтінін анықтаңыз

Кампос Меллоның сөзінше, дезинформацияға мониториң жасау қалыпты процесске айналды. Бұған қоса, сайттар қайдан және қалай жұмыс істеп жатқанын анықтасаңыз, олардың артында кім тұрғанын және оларды кім қаржыландырып жатқанын білуге болады.

9. Заңнамадағы өзгерістерді бақылап отырыңыз

Журналистерге заңнамадағы өзгерістерді бақылап отыру өте маңызды. Себебі дезинформация заңнамадағы өзгерістерден соң желіде оп-оңай тарап кетуі мүмкін.

10. Деректерді салыстырыңыз

Саяси науқан туралы ашық деректегі ақпараттарды технологиялық платформалардың дерегімен салыстырып көруге болады. Мысалы Google мен Meta-да жарнама кітапханасы бар. Мұнда журналистер компания немесе жеке адамдардың қанша ақша жұмсағаны жайлы ақпаратты көруге болады.

Кампос Меллоның сөзінше, интернеттегі саяси науқан кезінде үміткерлер немесе партия мүшелері жарнамаға ақша жұмсауға құқығы бар. Бұған қоса Мелло Бразилияда саяси қарсыластарға қарсы қолдануға арналған жарнамалар болғанын анықтаған.

11. Ақша қайда жұмсалып жатқанын тексеріңіз

2022 жылы Бразилияда өткен сайлаудан кейін антидемократиялық митиңдер өтті. Наразылық акциясын ұйымдастырушылардың көбі ықпалды бизнесмендерден қаржы алған.

Ақша қайдан келгенін анықтау арқылы журналистер митиңді ұйымдастыруға кім көмектескенін және ақшаны кім алғанын білген. Кейін репортерлер олардың өзімен байланысқа шыға алады.

12. Сот пен тиісті органдардың мониториңі

Журналистер, ғалымдар және ақпаратты тексеретін арнайы мамандар зерттеу жүргізу барысында сот пен мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауы керек.

Журналистер, ғалымдар және фактчекерлерден басқа мұнымен кім айналысады?”-деді Кампос Мелло. Оның сөзінше, сот жүйесі өзінің ережесін және өзіне тиіс жұмысты қаншалықты орындап жатқанын білу маңызды.

13. Зерттеу жүргізу барысында абай болыңыз

2022 жылы Бразилиядағы сайлау кезінде 2018 жылмен салыстырғанда дезинформациямен күресу қиынға соқты. Себебі 2018 жылы жалған ақпарат санаулы платформада тарады. Ал қазір жалған ақпарат тарайтын платформа көбейген.

2022 жылы дезинформация тарау ауқымы ұлғайды. Себебі саяси лидерлер интернетте біраз ықпал жинады. Бұған қоса, олардың артынан еретін адам саны да көбейді. Бұдан бөлек, өздерін сенімді дереккөз ретінде көрсететін біраз ютюбер мен күмәнді сайттар көбейді. Мұндай авторлар TikTok және Kwai сияқты платформаларда бар,”-деді Кампос Мелло.

Кампос Меллостың сөзінше, журналистер жалған ақпаратпен күресетін басты зерттеушілер. Бірақ олар агрессияға ұшырайтын ең алғашқы нысаналардың бірі. Мелло журналистерді зерттеу жүргізу барысында сақ болуға шақырды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz