Тоқаев климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте рас сөйледі ме?

Желтоқсан басында Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ-ның Дубайдағы конференциясы аясында өтіп жатқан дүниежүзілік саммитке қатысып, сөз сөйледі.

Factcheck.kz оның мәлімдемесіндегі деректер қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Халықаралық World Nuclear Association ұйымының дерегіне сай, 2022 жылы Қазақстан уранның ең көп үлесін өндірген (әлемге жеткізудің 43%-і). Қазақстаннан соң Канада (15%) және Намибия (11%) тұр.

Ұйым дерегінше, дүниежүзіндегі кеніштерден өндірілетін уранның шамамен үштен екісі Қазақстан, Канада мен Аустралияға тиесілі. Уранның көп бөлігі (қазір 55%-тен астамы) жерасты сілтісіздігі арқылы өндіріледі.

Тоқаев климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте рас сөйледі ме?
Шахталардан өндірілетін уран, тонна.
Дереккөз: World Nuclear Association

Мәлімдеме: 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Біріккен ұлттар ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық тобының 2022 жылы жариялаған есебіне сай, 2050 жылға дейінгі сценарийдің бірі жаһандық жылуды 1,5°C-тан асырмай ұстап тұру. Ал Қазақстан мен Орталық Азиядағы жағдай әлдеқайда нашарлау болуы мүмкін. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның модельдер ансамбліне негізделген есеп нәтижесіне сай, Қазақстанда XXI ғасырда климаттың өзгеру процесі күшейеді. Орташа жылдық температура 2030 жылға қарай 1-2 °С, 2050 жылға қарай 2-3 °C-ке артады. “Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және су ресурстары” атты зерттеудегі дерекке де сүйенсек, өңірдегі климаттың өзгеруінің сценарийіне сай, 2050 жылдарға қарай температураның 1–3°C артуы мүмкін.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz