Моңғолияда жемқорлыққа қарсы митиң өтіп жатыр

Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда үш күннен бері жаппай наразылық өтіп жатыр. Жиналғандар көмір ұрлығына қатысы бар шенеуніктерді қатаң жазалауды талап етті. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

Наразылық акциясы 4 желтоқсанда басталған. Оған 12,9 миллиард долларға тең көмірдің ұрланғаны туралы ақпарат себеп болған. Қарашаның ортасында Моңғолияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі 30-дан астам шенеунік, оның ішінде «Эрдэнэс Таван-Толгой» мемлекеттік көмір өндіруші компаниясының бас директорының “қаржы жымқырды” деген айыппен тексеріліп жатқанын хабарлады.

Наразылық білдірушілер осы іске қатысты тергеудің дұрыс жүргізілмей жатқанын алға тартады. Олар көмір ұрлығына қатысты мән-жайды жіті тергеуді, кінәлілердің аты-жөнін ашық айтуды, оларды қатаң жазалауды және парламенттің отставкаға кетуін талап етті.

Алаңға жиналғандар қолына “Үнсіз қалуды доғарайық”, “Халықты тонауды қойыңдар” деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Сонымен қатар олар орталық көшелерде “Конституцияда бекітілген құқығымыз бен бостандығымыз жыл сайын шектеліп жатыр, өміріміз нашарлап барады” деп ұрандатқан. Оған қоса жұрт үкімет үйін басып алуға тырысқан, дегенмен қауіпсіздік күштерінің қарсылығынан соң өз еркімен кері шегінген.

Протестен кейін билік наразылыққа шыққандармен диалог жүргізетін арнайы жұмыс тобын құрды, алайда төтенше жағдай жарияламады.

Моңғолия парламентінің спикері Гомбожавин Занданшатар көмір ұрлығына қатысы бардың барлығы қатаң жазаланатынын, 2020-2022 жылдар аралығында Моңғолия шекарасы арқылы өткен көмірді экспорттау туралы келісімдер, кірістер ашық тексерілетінін айтты.

Қазір осы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қазір 15-ке жуық шенеунікке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Үкіметтің арызы бойынша үкімет, министрліктер мен ведомство өкілдері тексеріліп жатыр.

Дашзегвиин Амарбаясгалан, Моңғолия үкіметі баспасөз хатшысы​​
Factcheck.kz