ҚХП «шетел агенті туралы» заң жобасын әзірлейді

«Қазақстан халық партиясы» шетел агенті туралы заң жобасын әзірлейді. Партия депутаты Ирина Смирнова Мәжілісте осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы «Власть» жазды.

«”Шетел агенті туралы” заң жобасын әзірлейтінімізді ресми түрде жарияладық. Бұл – “Қазақстан халық партиясы”», – деді Смирнова.

Оның айтуынша, қазір заң жобасының тұжырымдамасы талқыланып жатыр, ал құжаттың парламентке енгізілу мерзімі белгісіз.

12 ақпанда Ирина Смирнова Қазақстанның ұлттық мүдделерін USAID сияқты ұйымдардың қызметінен қорғау қажетін айтып, премьер-министрден «шетел агенті» туралы заң қабылдауды сұраған. Алайда наурыздың басында Әділет министрлігі «Власть» басылымына үкіметтің заң жобалары жоспарына бұл құжаттың енгізілмегенін хабарлады.

Контекст

Шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың ашық тізімін Қаржы министрлігі алғаш рет 2023 жылы жариялаған. Бұл тізімге елге танымал медиа тұлғалар, қоғамдық қорлар және шетелдік компаниялар кіретін 240 ұйым мен жеке тұлға енді.

Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы бұл тізімнің Ресейдің «шетел агенті туралы» заңымен байланысы жоқ екенін және оның негізгі мақсаты ҮЕҰ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін айтқан.

Басты беттегі сурет Parlam.kz сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz