Моңғолия астанасының атауын Тұрар Рысқұлов ұсынған ба?

Желіде Моңғолия астанасын Ұлан-Батыр деп атауды қазақтың саяси қайраткері Тұрар Рысқұлов ұсынды деген дерек табуға болады (1,2,3).

Factcheck.kz редакциясы осы ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Шындық

Нақтырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов Моңғолия астанасын Ұлан-Батыр-Хото деп атауды ұсынған. Бұған қазақстандық және шетелдік дереккөздер дәлел. Мәселен, америкалық зерттеуші Майкл Диллонның «Mongolia: A Political History of the Land and its People» кітабында, И.И. Ломакиннің «Моңғол астанасы, ескі және жаңа» кітабында, сондай-ақ Рысқұловтың өзінің де еңбектер жинағында осы туралы айтылған. Ұсыныс қабылданды, бірақ «Хото» сөзі атауынан алынып тасталды.

Толығырақ

Қытайдан тәуелсіздік алу үшін бірнеше жыл күрескен моңғол революционерлері 1924 жылы коммунистік мақсатты негізге алған Моңғол Халық Республикасын (МХР) құрды. Сол жылдың қарашасында кеңестік және моңғолдың саяси қайраткерлері ол кезде Урга деп аталған МХР астанасында жиналды. Олардың қатарында Тұрар Рысқұлов та болған.

Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі астана атауын өзгерту еді. Бірінші Халық Хұралының хаттамасында көптеген ұсыныс айтылды деп жазылған, дегенмен көбі «Батыр-Хото» атауына дауыс берген (Батыр қаласы, яғни Шыңғысханның қаласы дегенге келтірмек еді). Сол кезде трибунаға комитерн өкілі Тұрар Рысқұлов шығып, Урганы «Ұлан-Батыр-Хото», яғни Қызыл батыр қаласы («Ұлан-Батыр» қазақша «Қызыл батыр») деп атауды ұсынды. Оның сөзінше, батырдың қаласы дегенді білдіретін «Батор-Хото» атауы Шыңғысханды меңзейді, ал ол өзінің сіңірген еңбегіне қарамастан коммунистік Моңғолияға еш қатысы жоқ.

МХР-да жаулаушылық мақсаты болған жоқ, олар революциялық жолмен дамуды қалады. Сол себепті коммунистік бастаманы негізге алған «Ұлан-Батыр-Хото» атауы бірауыздан мақұлданды. Кейін «Хото» сөзі атауынан алынып тасталды.

Factcheck.kz