Аутизм туралы мифтер

Аутистикалық спектр бұзылыстары (АСБ) немесе аутизм — адамның әлеуметтік қарым-қатынас орнатуы қиынға соғатын, қызығушылықтары шектеулі болатын және қайталанатын әрекеттері бар жағдайы. Аутизм спектрі кең ауқымды: ол когнитивті және тілдік дағды бұзылыстары бар адамдарда да, грамматика мен тіл синтаксисін жақсы білетін, IQ деңгейі жоғары адамдарда да кездеседі.  

Осылайша, бір біріне ұқсамайтын симптомдары бар адамдарда аутизм диагнозы болуы мүмкін. Бірақ бұл адамдардың екі ортақ сипаты бар — бұл әлеуметтік қарым-қатынас пен әрекет проблемалары. Мысалы, интеллект деңгейіне қарамастан, аутизмі бар адамдардың бәрі жазылмаған әлеуметтік нормаларды, ауыспалы мағынадағы сөздерді және басқа адамдардың эмоционал жағдайын түсінуде қиналуы мүмкін. Сондай-ақ тілі мен әрекеттерінің стереотипиясы, шектеулі қызығушылықтары мен ритуалдары болуы мүмкін және олардың болмай қалуы оларға кері әсер етеді.

АСБ ғылымда танылғанына көп болмағанына қарамастан, адамдардың көбі ол туралы үстіртін, көбіне қате түсінік қалыптастырған, себебі ұзақ уақыт бойы аутизм туралы қате пікір болды. Бұл материалда Монреалдағы МакГилл университетінің зерттеушісі Нариман Амантаев аутизм туралы ең танымал бес мифке тоқталады.

№1 миф: Аутизмі жоқ ата-аналардың аутизммен «ауыратын» баласы болуы мүмкін емес

Аутизм бұл ауру емес, онымен ауырып қалуға болмайды. Бүгінгі таңда аутизм этиологиясы соңына дейін анық емес. Оның қалыптасу себептері әлі де зерттеліп жатыр, десе де, бізде аутизмі бар аға-әпкелері бар балаларда АСБ даму қаупі жоғары екенін көрсететін деректер кездеседі. Бірақ бұл балалардың бәрінде диагноз болады деген сөз емес. Аутизмнің биологиялық негізі бар жағдай/бұзылыс екенін ескерсек, ғалымдар аутизмнің пайда болуының бір себебі тұқым қуалаушылық екенін болжайды. Бірақ бұл жалғыз себеп емес. Көп жағдайда аутизмнің себептері белгісіз және ол генетикалық және қоршаған орта факторларынан болуы мүмкін. Бұл аутизмі жоқ ата-аналарда аутизмі бар балалар дүниеге келуі мүмкін екенін білдіреді.

№2 миф: Аутизм нашар тәрбие я вакцинадан болады

Аутизм — бұл генетикалық компоненті бар күрделі бұзылыс, сондықтан аутизмнің пайда болуына тәрбиенің ешқандай қатысы жоқ. Бұл мифтің пайда болуына өткен ғасырдың 50-жылдарында Лео Каннер (ол аутизмді сипаттаған алғашқы адамдардың бірі) мен Бруно Беттельхаймның (концлагерьде болған аустриялық психолог) ықпалы болған. Ол кездері аутизм «тәрбие бұзылысы» деп қарастырылған. Ағылшын тілінде теория refrigerator mother theory деп аталған (қаз — суық ана теориясы).

Аутизмнің пайда болуына вакцинаның да қатысы жоқ. Бүгінде бізде аутизм мен вакцина арасында байланыс жоқ екенін көрсететін ондаған зерттеу бар. Вакцинаның аутизм тудыратыны туралы мифтің пайда болғанына жиырма жылдан асты және оған 1998 жылы жарияланған британ гастроэнетерологы Эндрю Уэйкфилдің зерттеуі себеп болған. Уэйкфилдтің ғылыми мақаласында MMR (қызамық, эпидемиялық паротит пен қызылшаға қарсы) вакцинасы мен аутизм арасындағы жалған байланыс көрсетілген. Кейін зерттеу алаяқтық деп танылып, Уэйкфилд этикаға сай емес әрекеті үшін медициналық лицензиясынан айырылған. Оның жазбасына байланысты резонанс вакцина салудың төмендеуіне және бүкіл әлемде қызылшаның кең тарауына алып келген. Бүгінде біз Уэйкфилд зерттеуінің салдарын әлі де көріп отырмыз. Коронавирус пандемиясы кезінде белсенді болған екпеге қарсы топтар COVID-19 вакцинасы туралы фейктерден басқа қызылша секілді басқа да ауруларға қарсы вакциналар туралы жалған ақпарат таратқан. Эндрю Уэйкфилд те әрекетсіз қалған жоқ. Оның қызметі туралы толырғырақ Factcheck.kz-тің «Құжаттама» бөлімінен оқи аласыз.

№3 миф: Аутизм кезінде билингвизмнен бас тартып, бір тілді пайдаланған жөн

Түйсікке салғанда, бұл дұрыс сияқты, себебі аутизм кезіндегі коммуникациялық қиындықтар спектрдегі адамдардың көптілділігінің жарқын болашағы бар екеніне сенім ұялатпайды. Десе де, жуырда Child Development ғылыми журналында жарияланған зерттеу нәтижесі билингвизм аутизмі бар балалардың когнитив икемділік (міндеттер арасында ауыса алу қабілеті) қиындықтарын жеңілдете алатынын көрсетті. Зерттеу нәтижесі Neurobiology of Language журналында жарияланған шолу мақаланың түйініне үндес келеді. Мақалада атқарушы қызметтер, билингвизм мен спектрдегі адамдардың миы туралы зерттеулерге арналған. Онда авторлар билингвизмнің вербалды емес интеллект коэффициентіне, бейімделу қабілетіне және аутизм кезіндегі сөздік қорға әсер ету артықшылығын көрсетеді.

№4 миф: Диета аутизмді жеңілдетуге көмектесе алады

Кейінгі кездері ас қорыту жүйесі мен аутизм арасындағы байланысқа назар аударатын, сонымен қатар диетаның аутизм симптомдарына әсері туралы зерттеулер көбейді. Ең жиі зерттелетін танымал диеталардың бірі  — Глютенсіз/казейінсіз диета.

Nutrients ғылыми журналында жарияланған АСБ диагнозы бар 3-17 жас аралығындағы балалар қатысқан зерттеулерге шолу глютен және казеинсіз диета аутизм симптомдарына, балалардың ата-аналары көрсеткен функционалдық деңгейіне немесе іс-әрекет қиындығына ықпал етпейтінін көрсетті. Сондай-ақ глютенсіз және казеинсіз диетаның ас қорыту жүйесіне күрделі кері әсері болуы мүмкін.

Қазіргі таңда аутизмді түзетуде глютенсіз-казеинсіз диета тиімділігін растайтын ғылыми деректер жоқ деген қорытынды жасауға болады. Спектрі бар кей адамдарға бұл эффект жақсы әсер етуі мүмкін, сондықтан дәрігерлер оны кейбір пациенттерге ұсына алады. Бірақ кез келген диетаны ұстанбас бұрын маманмен ақылдасып, диеталардың жанама әсерлеріне мұқият болу керек.

№5 миф: Аутизмі бар адамдардың ақыл-есінің дамуы немесе психикалық дамуы үнемі артта қалады

Біріншіден, психикалық дамудың кешеуілдеуі деген диагноз жоқ. Ол МКБ-10-да да, МКБ-11-де де, DSM-5-де де жоқ. Бұл совет медицинасында болған, бірақ мораль тұрғысынан ескірді және бұзылыстар мен кешеуілдетулердің қазіргі санаттарымен салыстырғанда тиімсіз.

Екіншіден, интеллектуалды қабілеттердің дефициті аутизм диагностикасы критерийлерінің бір бөлігі болған емес, себебі аутизм, жоғарыда айтылғандай, адамдар бір-бірімен интеллект деңгейі бойынша айтарлықтай ерекшелене алатын кең спектр.

Кей ғылыми зерттеулердің нәтижелері аутизмі бар адамдардың атқарушылық функциясындағы кей міндеттер нейротиптік адамдардан асып түсуі мүмкін.

Аутизмі бар адамдарға әңгімеге араласу және әлеуметтік байланыс қиынға соқса да, олардың сізге қарағанда ақылы аз екенін білдірмейді.

Автор туралы: Нариман Амантаев Монреальдағы МакГилл университетінде докторлық диссертация жазып жатыр. Оның командасы аутиптік адамдардың тіл және коммуникатив дағдыларын зерттеумен айналысады. Сондай-ақ ол OzimProject қорының қолдауымен және Instagram парақшасында аутизм, нейрондық әртүрлілік және ТМД-дағы инклюзия туралы айтып, ағартушылық қызметпен де айналысады.

Factcheck.kz