Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?

2020 жылғы қыркүйекте Мәжіліс бірінші оқылымда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын (бұдан әрі – ОТЗҚ) мақұлдады. Бірнеше айдан соң, яғни қаңтарда, президент Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін заң Парламенттің төменгі палатасына қайтарылды. Оған себеп – заң қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желі мен БАҚ-та көптеген материал жарияланды. Шыққан ақпарттың көбі дезинформациялық сипатта болып, наразылық акцияларына әкелді. Айта кетейік, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Тура осыған ұқсас дау-дамай бірнеше ай бұрын Денсаулық кодексіне енгізілген түзетулер кезінде де болған еді.

Пандемияның басында біздің оқырмандарымыздың бірі пандемияға қатысты жалған ақпаратты таратуға және заңнамалық бастамаларға қарсы шығуға бір адамдар мен ұйымдар белсенділік танытып жатқанын, сондай-ақ олардың бұл мақсатқа бір-біріне ұқсас құралдар мен риториканы қолданатынана назар аударған еді. Біз сол кезде ковидке және вакцинаға қарсы насихаттың әлемде және Қазақстанда қалай ұйымдастырылатынын мұқият зерттей бастадық.

2021 жылдың басында бірнеше белсенді, нақтырақ айтсақ, Айдана Жанәділова мен Данияр Супиев заң жобаларына қарсы шығып жүрген ең белсенді әрі танымал адамдар туралы деректер жинап, олардың көбінің түрлі ұйымдармен байланысы бар екенін анықтады. Ол ұйымдардың кейбіреуін ультраоңшыл, кейбіреуін деструктивті деп атауға болады. Осы орайда Factcheck.kz және Masa.Media редакциялары бірігіп, Қазақстан заңнамасындағы өзгерістерге қарсы шығып, халық арасында жаппай жалған ақпарат таратып жүрген адамдар мен ұйымдасқан топтың артында кім және қандай мақсатпен тұрғанын анықтауға тырысып көрмек.

Егер уақытыңыз болмаса, тезистермен танысып шығыңыз

  • Заңнамалық бастамалардың қабылдануына қарсы лоббимен бірнеше ұйым айналысады. Олардың барлығында дерлік культ белгілері бар, олардың арасында Саентология шіркеуі мен «Халық бірлігі» халықаралық қоғамдық қозғалысы бар. Жалған ақпарат тарату ісінде Қазақстанда (немесе басқа жерде) ресми түрде тіркелген және тіркелмеген, сондай-ақ қаржы көздері мен мақсаттары айқын емес ұйымдарды байқауға болады. Бұл жерде ескеретін жайт, біз Қазақстанда тіркелген кейбір ұйымдардың өкілдері мен сол ұйымның ұстанымы барлық жағдайда сәйкес келеді деп нақты айта алмаймыз.
  • Заңдардағы түзетулерге қарсы топтың ұйымдастырған конференцияларына және олардың басқа да іс-шараларына бұған дейін адамға қарсы қылмыстары үшін Ресейде және Қазақстанда сотталған адамдар қатысып жүр. Мысалы олардың арасында «Рожана» орталығының негізін қалаушы, атышулы Жанна Цареградская және бұрын зорлық-зомбылық үшін (олардың бірі – кәмелетке толмаған) істі болған заңгер бар. Қайталап айтамыз: зорлық-зомбылыққа қатысты түзетулерге қарсы шыққандардың арасында осы уақытқа дейін адамға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін соттталған немесе жауапқа тартылған адам жүр. Біздің ойымызша, бұл жерде мүдделер қақтығысының бары айқын көрініп тұр.
  • Дезинформация әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен топтар желісі арқылы тарап жатыр. Оған қазақстандық шоу-бизнес пен спорт саласының бірқатар өкілі де қатысып жүр.
  • Олар тек заңдарға ғана емес, сонымен бірге өмірдің басқа құбылыстарына, атап айтқанда пандемияға, коронавирус инфекциясын емдеу әдістеріне қатысты жалған ақпарат таратады. Сондай-ақ қастандық теориялары да көп айтылады, олардың арасында вакцинацияға қарсы үгіт-насихат та, коронавирустың және/немесе басқа вирустардың бар екенін жоққа шығару да бар. Барлық ақпарат көбіне өшпенділікпен, қорқытумен, кейде заң бұзуға немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен таратылады.
  • Олардың ұстанымымен келіспейтін адамдар «фашист» деп аталады, оларға «геноцид» қатысушылары, «шетел агенттері» деген айдар тағылады. Олар ДДСҰ-ны «мафия» деп атайды. Сондай-ақ олар белгісіз бір жаудың образын жасап әлек, олардың пайымынша, оны жасырын әлемдік үкіметтен бастап (мұнда көбіне антисемиттік риторика қолданылады) шайтанға дейінгі «сыртқы күштер» басқарады.
  • Бұл желі бір орталықтан басқарылады деп айтуға келмес, керісінше бұл жерде жаппай жаңылысып, шатасу әсері бар. Жалған ақпаратты түрлі белсенділер мен селебритилер таратып жатыр және олардың әрқайсысының өз мақсаты бар. Мұндағы басты қозғаушы күш нақты адам немесе ұйым емес – тек идея (кейбіреуінде жаман ештеңе жоқ), қатты адасу, когнитивті қателіктер және қастандық теориялары. Алайда осы топтар құрған жалпы ақпарат кеңестігі бізді қатты алаңдатады.

Редакция мен авторлар ұстанымы

Мақала авторлары осы материалдың жазылуына түрткі болған жалған ақпарат таратумен айналысып жүрген діни ұйымдарға қатысты өз ұстанымын білдіруді маңызды деп санайды.

Біз діни ұйымдар мен қауымдастықтарға айып тағудан аулақпыз, себебі біздің арамызда да мұсылмандар, христиандар, буддистер, агностиктер және атеистер бар. Біздің оймызша діни сенім мен дүниетаным бостандығы адамның негізгі және ажырамас құқықтарының бірі.

Біз әртүрлі қауымдастықтар мен адамдардың құндылықтары, тіпті бір үлкен шіркеу немесе ілім аясында да әртүрлі болуы мүмкін екенін түсінеміз. Біз – әртүрліміз және бұл қалыпты жағдай. Сондай-ақ біз діни және басқа да азаматтық ұйымдардың өз құндылықтарын заң және көпшілік алдында сөйлеу мен пікірталас деңгейінде қорғау құқығын сөзсіз мойындаймыз.

Алайда ешқандай ілім мен наным-сенім қоғамды адастыруға (әсіресе дезинформация адам өміріне қауіп төндірсе), манипуляция қолдануға, үгіт-насихат жүргізуге, өшпенділік танытуға, зорлық-зомбылыққа шақырып, жалған ақпарат таратуға құқық бермейді. Бұл зерттеуде дәл осы мәселелер талқыланады.

Барлық ескертпелер жасалды, енді қазақстандықтардың санасын кім және қалай бұрмалағысы келіп жатқанын, сондай-ақ бұл туралы айтудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталамыз.

«ҚЗ Саналылар бірлігі» және «Халық бірлігі» ХҚҚ»

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОТЗҚ, антипсихиатрия, вакцинацияға қарсы насихат, донорлар мен пандемия туралы дезинформация, қастандық теориялары, 5G. Өшпенділік тілін қолданады, белгілі бір жаудың бейнесін жасайды.

Пандемия кезінде жергілікті конспирологиялық топтардың іс-әрекетін бақылай отырып, біз «ҚЗ Саналылар бірлігі» немесе қысқаша «ҚЗ.С.Б» деп аталатын ұйымның интернетте ерекше белсенді болғанын байқадық.

Топтың бірнеше Telegram каналы, Instagram парақшасы және Youtube каналы бар. Ұйым мүшелерінің сөзінше олар құрған қозғалыстың мақсаты – халықтың құқықтық сауаты мен рухани тепе-теңдігін арттыру. Бір қарағанда бәрі зиянсыз көрінуі мүмкін, алайда іс жүзінде олай емес.

Бұл топтың өкілдері қазіргі пандемияға байланысты кең таралған барлық конспирологиялық теорияларды насихаттауға қатысқан, атап айтқанда: әлемдік үкімет, чиптеу, вакцинаға қарсы риторика, химтрейлдер мен 5G-дің зияны және Алматыдағы зертханаға.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
«ҚЗ.С.Б» чатының скриншоты

Жазда аталмыш қозғалыс интернетте көптеген жалған ақпарат тарату арқылы Денсаулық туралы жаңа кодекстің қабылдануына қарсы шықты. Ал 2020 жылғы күзден бастап «ҚЗ Саналылар бірлігі» «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қабылдауға қарсы болды.

Бұл ретте қозғалыс мүшелері жай ғана ақпарат таратып, әлеуметтік желіде пост жазумен шектелмейді. Оның өкілдері БАҚ-пен белсенді қарым-қатынас жасайды, мемлекеттік органдарға сауалдар жолдайды және нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға тікелей ықпал етуге тырысады. Қараша айында осы қозғалыстың идеяларын қолдайтын (бірақ тікелей байланысты емес – ред.) бірқатар белсенді Мәжілістің заң жобасына қатысты жұмыс тобына енгізілгені белгілі болды.

Әрине біреуді азаматтық белсенділігі үшін айыптау дұрыс емес. Алайда «ҚЗ Саналылар бірлігі» мүшелері мен оларды қолдайтындардың көзқарасын ескере отырып, олардың заң жобаларына қатысты сынының әділдігіне күмән туындайды. Айтпақшы, бұл қозғалыстың ұстанымы, көзқарасы мен мақсатын түсіну үшін оның өкілдеріне баса назар аудару қажет. Ол үшін топтың кейбір негізгі мүшелерімен таныс болып, олардың байланыстары туралы білу керек.

Мысал ретінде «Саналылар бірлігі» Телеграм каналының әкімшілері Елена Рутковскаяны, Дина Садердинованы және Әлия Аспимбетованы алайық. Олардың барлығының ресейлік «Халық бірлігі» халықаралық қоғамдық қозғалысына» қатысы бар. Аталмыш қозғалыстың сайтында көрсетілгендей, олардың мақсаты – «бүкіл әлем халқын «мемлекеттердің» және трансұлттық корпорациялардың құлдығы мен тәуелділіктен шығару». Қозғалыс сайтының басты бетіне кірсеңіз, сіз «Дүниежүзілік жалпыадамзаттық референдумда» қабылданған ерік декларациясын көресіз. Оның қысқаша мазмұны мынандай: қозғалысқа қатысушылар Ресей Федерациясының мемлекетін де-факто және де-юре жоқ деп мәлімдейді, сондай-ақ Бірінші Жаратушыдан басқаның бәрінен тәуелсіз екенін жариялайды.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
«Халық бірлігі» ХҚҚ» ұйымына тиесілі voice.iampau.pro сайтының басты бетінің скриншоты

Ұйым өз қызметінде «Ресей органдарында, халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерде қозғалыс атынан халық мүддесін қорғайтынына», сондай-ақ барлық құрылтайшыларға құқықтық көмек пен қолдау көрсететініне баса назар аударады. Қозғалыс қандай да бір халықаралық ұйымдарда халық атынан өкіл бола алатыны күмәнді мәлімдеме, осыған қоса бұл ұйымның өзі жарияланған мақсаттарына қайшы келеді. Себебі «олар Ресей мемлекетін жоққа шығарады және әлемде заңды түрде бар мемлекеттің заңда заңнамалық негізі жоқ» деп мәлімдейді.

«Халық бірлігі ХҚҚ» ұйымына кіргісі келетін адамдар видеокамераға «Мен – Адаммын» деген ант беруі керек. Біз осындай видеолар арқылы «Саналылар бірлігінің» негізгі белсенділері де осы қозғалыстың мүшесі екенін анықтадық. Елена Рутковская, Дина Садердинова және Әлия Аспимбетованың ант қабылдаған видеосы Youtube каналда тұр.

Қозғалыс мүшелері ант беруден басқа да рәсімдер жасайды. Мәселен «Халық бірлігі ХҚҚ» ұйымы «қосылу парағы» деп аталатын құжат жинайды, онда қатысушылар жоғарыда айтылған «ерік декларациясына» қосылғанына келісім береді де, өзі тұратын елдімекеннің жерлерін «Адамзаттың толық иелігіне» ұсынады. Осыған қоса ол өзі тұрып жатқан жердегі барлық заңдардың «күші жойылатынын және Адамзат атынан түкке тұрғысыз екенін» мәлімдейді.

Біз осы мақаланы жазып жатқанда қозғалыс сайтына 1300-ге жуық «қосылу парағы» жүктелген екен. Олардың көбі ТМД елдерінің азаматтары, арасында қазақстандықтар да бар. Мысалы біз сол жерден Елена Рутковскаяның қолы қойылған парақты таптық.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Елена Рутковская қол қойған «қосылу парағы».

Егер қозғалыс өкілдерінің логикасына сүйенетін болсақ, онда Рутковская осы парақ арқылы Алматы қаласының аумағындағы заңдарды «жоққа шығарады».

«Портал 713»

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОТЗҚ, антипсихиатрия, вакцинацияға қарсы насихат, донорлар мен пандемия туралы дезинформация, қастандық теориялары. Өшпенділік тілін қолданады, белгілі бір жаудың бейнесін жасайды.

«Халық бірлігі ХҚҚ» ұйымының серіктестері арасында «Портал 713» деген бар. Оның негізін қалаушы – өзін «сақтаушы» деп атайтын Ольга Хмелькова. Портал 713 екі бағытта жұмыс істейді, олар – құқықтық білім беру және рухани даму. Олар адамдарға «санаңызды басқа өлшемге шығарамыз» деп уәде етеді.

Аталмыш Порталдың қызметі «Саналылар бірлігінің» мақсатымен ұқсас екенін кездейсоқтық деп қабылдайық. Еске сала кетейік, олардың да мақсаты «құқықтық сауаттылықты және рухани тепе-теңдікті арттыру» еді. Портал 713 туралы әңгіме неден басталды? Себебі Елена Рутковскаяның Telegram-дағы лақап аты дәл осылай жазылған.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Елена Рутковскаяның телеграм-аккаунтының скриншоты (күні: 08.02.2020)

Рутковская «Саналылар бірлігінің» чатына кейде «Портал 713» телеграм каналының ақпаратымен бөлісіп, чат мүшелеріне «Халық бірлігі ХҚҚ» қозғалысына қалай қосылуға болатындығын үйретіп отырады.

  • Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
  • Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?

«ҚЗ.С.Б» чатының скриншоты

Жалпы «Саналылар бірлігі», «Халық бірлігі ХҚҚ» және «Портал 713» арасындағы байланысқа не үшін назар аудару керек? Себебі культ белгілері бар ұйым жалған ақпарат таратумен айналысады, бұл жақсылыққа әкелмейтіні анық. Рутковская сияқтылар осы ұйымдардың мүшесі ғана емес, олар чаттағы басқа адамдарды да мүше болуға шақырады.

Белсенді Данияр Супиев өзінің Facebook-тегі парақшасында Елена Рутковскаяның осындай барлық байланыстары туралы бірінші болып жазады. Алайда Елена Рутковская келтірілген айқын дәлелдерге қарамастан, оны «жалған ақпарат тараттты» деп айыптап, полицияға арыз береді.

Портал 713-тің негізін қалаушы Ольга Хмелькова туралы ақпаратты іздеу барысында тағы бірнеше қызықты жайтқа тап болдық. Мысалы мына видео, онда Хмелькова Ресейді мемлекет емес, трансұлттық сауда корпорациясы деп атайды.

Хмелькова пандемия кезінде жалған ақпарат таратқаны үшін де сотталды. Ал бұл туралы ақпаратты Ресейде консервативті құндылықтардың медиа ордасы саналатын «Царьград» телеарнасын жазды (бұл арнаның өзі де бірнеше рет жалған үгіт-насихат жүргізді деп танылған). Мақалада көрсетілгендей, 2020 жылғы жазда Хмелькова «Ресейде 15 шілдеде әскери жағдай енгізіледі» деп мәлімдеген, бұл жалған ақпарат болып шықты.

Осыған қоса Хмелькова «Портал 713» сайтында өзін артық емес, кем емес «Мәскеу Омбудсменінен» деп атайды.

Ал бұл дегеніңіз – адамдарда қате түсінік қалыптастыру әрекеті және алаяқтық. Қазіргі кезде Мәскеудегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл болып Татьяна Потяева жұмыс істейді, ал Хмелькова ханым мұндай қызметті атқармайды және атқарған да емес.

CitizenGO

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОТЗҚ, антипсихиатрия, екпеге қарсы насихат, донорлар мен бала асырап алу туралы дезинформация. Белгілі бір жаудың бейнесін жасаумен айналысады.

Жалпы айтқанда Ресейдегі вакциналарға қарсы, ковидті жоққа шығарушы және антиювеналді қозғалыстардың Қазақстанда ықпалы айтарлықтай зор, бұған себеп – ақпараттық кеңестігіміз бір. Еліміздегі «Саналылар бірлігі» сияқты қозғалыстар ресейілк топтармен өзара әрекеттесуге тырысады.

Мысалы «Саналылар бірлігі» өзінің өтініштерін CitizenGO платформасында жариялауды жөн көреді. CitizenGO дегеніміз – бұл халықаралық ультра консервативті ұйым, олар отбасының дәстүрлі христиандық түсінігін жақтағандай болып, вакцинация мен ювеналды заңнама туралы әртүрлі жалған ақпарат таратады және әлемдегі ультраоңшыл саяси партиялармен жұмыс істейді. Бұл ұйым туралы егжей-тегжейлі мақаланы Factcheck.kz сайтынан оқуға болады.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Кезекті өтініштің (петицияның) скриншоты

CitizenGO-ның ресейлік филиалы Ресейдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы заң жобасына қарсы күресіп әлек. 2020 жылдың басында «Медуза» басылымы аталмыш заң жобасына қарсы шығып, наразылық білдірген әртүрлі ресейлік қозғалыстарға қызықты шолу жасаған еді, олардың арасында CitizengGO да бар. Оқып шығуға ұсынамыз.

Біздің елімізде заң қарала бастала салысымен карантин шараларына, маска тағу режиміне және Денсаулық кодексіне қарсы күресіп жүрген «Саналылар бірлігі» жаңа заңнан «шетелдік ықпалды» көре бастады.

Қозғалыс CitizenGO тарапынан қолдау тауып, олар тіпті тәжірибе алмасқан. Мысалы қозғалыстың Қазақстандағы көшбасшыларының бірі Анатолий Кимнің парақшасында Instagram-да өтетін эфирдің аңдатпасын табуға болады. CitizenGO-ның Ресейдегі үйлестірушісі Александра Машкова-Благихпен өткен тікелей эфир барысында «халыққа қарсы заңдарға» күрестің ресейлік тәжірибесі талқыланды.

Айта кетейік, CitizenGO сайтында (кез келген петиция бойынша) кем дегенде бір рет дауыс берген әр адам күн сайын петициялар туралы хабарлама ала бастайды. Олардың кейбіреулері адамдарды шатастырып, алдайды, себебі фактілер бұрмаланған. Сондай-ақ олардың арасында қастандық теориялары да кездеседі. Хаттар арқылы белгілі бір адамдар мен ұйымдарға шабуыл жасалып, белгілі бір сыртқы/ішкі жаудың бейнесі қолданылады.

«Қорғау HR» ҚҚ немесе Саентологтардың қандай қатысы бар?

Бұл топ тарататын жалған ақпарат: ОТЗҚ, антипсихиатрия, феменизмге, екпеге қарсы насихат. Белгілі бір жаудың бейнесін жасаумен айналысады.

Бұған дейін «Денсаулық туралы кодекстің» қабылдануына қарсы болып, қазір «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға қарсы белсенді әрекет етіп жатқан тағы бір жергілікті ұйым – «Қорғау HR» қоғамдық қоры. Қор мүшелері ортақ мақсат бойынша «Саналылар бірлігімен» бірге жұмыс істейді. Мысалы олар заң жобасына қарсы адамдардың онлайн емес, көшеде жүріп жинаған.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Гүлмира Сембиеваның жеке Facebook парақшасынан алынған фото

Олар пайдаланған тақтайшалардан «Саналылар бірлігі» және CitizenGO деген логотиптерді байқауға болады.

«Қорғау HR» қорының құрылтайшылары – Наталья Шадрина мен Әлия Әбдинова.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?Заңды тұлғаны тіркеу туралы анықтаманың скриншоты (дереккөз: egov.kz))

Әбдинова бұған дейін Парламент мәжілісінің «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» заң жобасын талқылауға қатысқан. Ал жақында Парламент мәжілісінің бала құқықтары мәселесіне қатысты заң жобасын талқылау жөніндегі сарапшылар тобының құрамына қосылды.

Сайттағы «Қорғау HR» қоры туралы мәлімет толық емес. Тек ұйымның БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сәйкес жұмыс істейтіні, ол бойынша ешкім жәбір көрмеуі керек, заң алдында адамның бәрі бірдей, ал ата-ананың өзінің кішкентай баласына білім алу түрін таңдауға құқы бар екені жазылған. Негізінде Қордың негізгі қызметі – психиатриялық емхана науқастарының құқын қорғау. Жалпы идея мақтауға тұрарлық және басқа да құқық қорғаушылардың куәландыруы бойынша, Әбдинова ханым расында психикалық аурулары бар адамдардың құқын қорғауға белсенді түрде қатысқан.

Алайда, «Қорғау HR» қорының 1950 жылдары АҚШ-та Рональд Л.Хаббард негізін қалаған және көптеген сарапшылар мен оның бұрынғы мүшелері деструктивті деп санайтын, «Саентология шіркеуі» деп аталатын әлемге әйгілі діни қозғалысқа қатысы бар екендігі туралы дәлелдер бар.

2012 жылы Қазақстандағы «Саентология шіркеуі» қайта тіркеуден өте алмай Дін істері агенттігінің қара тізіміне енгізілген болатын. Сол кезде агенттік өкілдері БАҚ-қа «Саентологтар діннен басқаның бәрімен айналысады. Рон Хаббард негізін қалаған ілім шәкіттерінің негізгі міндеті – мүмкіндігінше көбірек кітап, қызмет және семинарға билет сату» деп мәлімдеген.

Соған қарамастан Шіркеу өкілдері жабылмайтынын, діни бірлестік ретінде қызметін жалғастыратынын хабарлады. Солай болған тәрізді, себебі Қазақстанда саентология тірі және белсенді. .kz домені бар қозғалыс сайты ресейлік сайтты қайталағанымен, доменнің пайдаланылып жатқанының өзі қызметтің бар екеніне дәлел. Бұл қызмет туралы хабар үнемі жағымсыз сипатта болады.

«Қорғау HR» қорының саентологияға қандай қатысы бар?  «Саентология шіркеуінің» «Адам құқықтары жөніндегі азаматтық комиссия» (ары қарай – АҚАК) атауымен жеке құқық қорғау ұйымы бар. Сайттағы сипаттамаға қарап топтың психиатрлардың адам құқықтарын бұзу фактілерін ашып, тергеумен айналысатынын байқауға болады. Сондай-ақ жалпы психиатрияға қарсы шығып (барлық Шіркеу тәрізді), оны бизнес деп атайды. Жоғарыда жазғанымыздай, «Қорғау HR» қорының қызметі де психиатрия емханалары науқастарының құқын қорғау. Және бұл сәйкестік емес.

«Саентология шіркеуі» ресми журналының Freedom деген атаумен шыққан нөмірлерінің бірінде мақала жарияланды. Онда «Қорғау HR» қоры құрылтайшыларының бірі Әлия Әбдинова Қазақстандағы АҚАК-тің атқарушы директоры деп көрсетілген.

Психиатриялық ауруханалардың адам құқықтарын талай мәрте бұзғанын анықтаған Әбдинова аймақтардағы халықты ақпараттандыру науқанын ұйымдастырды. Мақалаға қоса берілген фотосуретте Әлия Әбдинова аудитория алдында АҚАК логотипі мен Қордың атауы бар баннер фонында сөйлеген.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Freedom журналы сайтынан скриншот

АҚАК сайты да бұл туралы жазып, басқа, антипсихиатриялық слайды бар суретті берген. Мәтінде жаңа дерек бар, Әбдинова Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі болғаны хабарланған (бұл – шындық).

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
АҚАК ресми сайтынан скриншот

АҚАК туралы ақпаратты тексеру керек. Бір қызығы, Әбдинованың өзі 2016 жылы Exclusive.kz тілшісіне берген сұхбатта Қазақстандағы АҚАК жетекшісі емес екенін және «Қорғау HR» қорының саентологияға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Бұған дейін келтірілген дәлелдерді ескерсек, біздің бұл пікірге қатысты күдігіміз бар.

Оған қоса, Әлия Әбдинова мен қордың бірінші жетекшісі Наталья Шадрина АҚАК-тың ВКонтактедегі ресми парақшасына жазылған. Бұл Әбдинова жазылған жалғыз ашық парақша.

Осы жерде айта кеткен жөн, АҚАК науқастардың құқын қорғап қана қоймайды, жалпы психиатрияны ғылым ретінде жоққа шығарады. Ал бұл ғылымға керағар тәсіл. Мәселен, комитеттің ВК-дағы ресми парақшасында былай деп жазылған: «Өзін ақыл-ой мен психикалық денсаулық саласында «беделді» көрсететін психиатрияның оны емдеуде ешқандай ғылыми негіздемесі жоқ».

Айта кеткен жөн, «Қорғау HR» қоры бірде «Халық денсаулығы туралы» кодекске, бірде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет» заң жобасына немесе заң жобасына «буллинг» ұғымын енгізуге қарсы шығып, психиатрияға қарсы мәселелерді қозғайды.

Қордың бірінші жетекшісі Наталья Шадрина қазір қызымен бірге Мәскеуде тұрады және оның да саентологияға қатысы бар. Біз оның есімін бірнеше саентология курстары қатысушыларының тізімінен таптық. Ол қатысқан ең алғашқы курс 2006 жылы болған, ал ең кейінгісі 2019 жылы. Тізім саентологтардың қызметі туралы бар құжаттарды құрастыратын зерттеу сайтында жарияланған. Сол сайттан Кристина Шадринаның күйеуі – Гай Лабрускианоның есімін табуға болады. Ол саентологияға ертерек келген – оның алғашқы курсы 1991 жылы тіркелсе, кейінгісі 2013 жылы деп тұр. 2006 жылы ол патрондар (қолдаушылар, жебеушілер), яғни шіркеуге 40 мың доллар садақа беретін мүшелер тізіміне енгізілген.

Бұрын айтып өткен Exclusive.kz мақаласында Кристина Шадрина Мәскеудегі танымал адамдарға арналған Саентология орталығының директоры екені айтылған. Мұндай ақпарат Шадринаның кәсіпкерлерге арналған вебинарлары жарнамаланатын жеке сайтында да бар. Қазіргі уақытта орталық жабық тәрізді, қолжетімді деректер арасында ол туралы мәлімет жоқ, сондықтан оның Саентология шіркеуімен тікелей байланысын дәлелдеу қиын. Дегенмен, атауы, мәселен, АҚШ пен Еуропадағы «Танымал адамдар орталығына» ұқсас.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Голливудтағы танымал адамдар орталығы // By Rick Hall – originally posted to Flickr as Xenu’s Celebrity Waiting Room, CC BY 2.0

Осы жерде ескерте кеткен жөн, саентологияға көзқарас әр елде әртүрлі. Қазақстан мен Ресеймен салыстырғанда Еуропада «Саентология шіркеуі» дін деп танылған. Ресейде ол жартылай заңды. Біз Саентология шіркеуін бұл тұрғыда талдамаймыз, бізді тек қордың психиатрияға қарсы мәселелерді талдап, деректерді бұрмалап, манипуляция жасап, өшпенділік бейнесін жасайтыны ғана қызықтырады.

Жанна Цареградскаямен байланысы

Қазақстанда даулы мәселеге қатысты ұйымдар мен тұлғалардың ақпараттық әсері мұнымен бітпейді. Мәселен, мынау тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет заң жобасына қарсы белсенділердің баспасөз мәслихатының анонсы. Қатысушылар тізімінен «Қорғау HR» қоры және «Саналылар бірлігі» арқылы таныс есімдерді көреміз. Бірақ бұл жерде тек бір есімге назар аударуымыз керек – өзін баланың ажырамас құқығы бойынша маман деп таныстырған Жанна Цареградская.

Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?
Зерттеу | Қазақстандағы заңдардың қабылдануына қарсы лоббидің артында кім тұр?«Жива» ҚҚ-ның Facebook парақшасындағы баспасөз анонстың скриншоты

Хабары жоқ адам Жанна Цареградскаяның кім екенін білмейді. Дегенмен, оны Ресейдің құқық қорғау органдары мен онымен байланыса алмаған адамдар жақсы таниды. Цареградская күйеуі Андреймен бірлесіп перинаталдық тәрбие, ана болу өнері және омыраумен емізуді қолдайтын «Рожана» орталығының негізін қалады. Қысқаша айтқанда, орталық «табиғи жолмен босануды» қолдайды және перзентханаларға күмәнмен қарайды (тіпті жағымсыз көзқараста). Орталық түрлі курс пен семинарларды сатады, оның бағасын орталыққа хабарласып қана білуге болады. Цареградская өзін құқық қорғаушы, педагог, зерттеуші және «үй жағдайында 1500 әйелдің босануына көмектескен» психолог-перинатологпын деп атайды.

2013 жылы Мәскеуде Цареградскаяны Ресей ІІМ экстремизмге қарсы бас басқарма қызметкерлері коммерциялық емес ұйым құрды, азаматтардың жеке басы мен құқықтарына қол сұғып, өшпенділік пен дұшпандықты қоздырды деген айыппен ұстады.

Тергеу комитетінің нұсқасы бойынша, Калужская облысы Малоярославец ауданы Николаевка ауылында «Рожана» орталығының атын жамылып 2007 жылдан бері қатаң иерархиялық құрылымы бар секта жұмыс істеген. Комитеттің мәліметінше, секта жақтаушылары отбасы институтын жоққа шығарып, жұбайларға деген жағымсыз көзқараста болып, сондай-ақ медициналық көмек, білім беру, жұмыс, әскери және сол секілді азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартады. Оған қоса, олар азаматтарға физикалық және психикалық күш көрсеткен.

ТАСС мәтіні

Жанна Цареградская ұсталмай тұрып, бір жыл бұрын оның күйеуі Андрей Цареградский 5 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалды. Ол 2010 жылдың қазанында «Рожана» орталығының бұрынғы тұрғындарына жарақат салатын қарумен оқ жаудырған.

Жанна Цареградская елден шықпау туралы қолхатпен босатылып, кейін елден кетіп қалған. Әйел өз кінәсін мойындамайды, және оның нұсқасы бойынша оны «Ресей үкіметіне қыстырылған қылмыстық элементтер» аңдып жүр.

Жанна Цареградская қызметін тоқтатқан жоқ – орталықты қашықтан басқарып отыр, кітап жазады, курстарды сатады және пандемия кезінде жалған ақпарат таратады. Мәселен, 2020 жылдың желтоқсанында Цареградскаяның «вакцина адам өмірі үшін қауіпті» деген пікірін stopfake.kz жоққа шығарды.

Дезинформация рупоры

Қазақстандағы вакцинаға қарсы және ковид-диссиденттік қозғалыстардың материалдарын тарататын онлайн-парақша мен арналар көп. Біз «Единства Осознанных»-тың өзінде төрт телеграм-арна (мүмкін одан да көп), Youtube-арна, сондай-ақ Инстаграм парақшасы бар екенін анықтадық.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет» заң жобасының қауіптілігін «түсіндіру жұмыстары» үшін «Ата-аналар одағы», әлеуметтік желілерде бар парақшалар мен топтар пайдаланылады. Оған қоса қозғалысқа «Стоп кодекс», «Казахстанцы против обязательной вакцинации», «Право на отказ», «Пробуждение чат», «Голос народа РК», «Жива» ҚҚ сынды онлайн-топтардың тікелей қатысы бар.

Белсенділер бір күн ішінде әлеуметтік желіде 20-дан аса жалған ақпарат жариялауы мүмкін. Қозғалыстың негізгі жақтастарының ішінде аудиториясы үлкен танымал адамдар да бар (әнші Шоқан Маратұлы, журналист Әлия Исенова, Қазақстандағы ММА Ассоциациясының құрылтайшысы Анатолий Ким), соның салдарынан дезинформация ауқымы геометриялық қарқынмен өсіп жатыр.

Дезинформациялық кампания қатысушылары азаматтардың қорқыныштарымен ойнайды, оның ішінде вакцинация болсын, ювеналды әділдік болсын ата-ананың баласы үшін уайымы алғашқы орында. Олар адамның сезімімен ойнап, өз сөзінің дұрыстығына сендіру үшін деректер мен ұғымдарды алмастырады (әдейі немесе өздері де байқамай) және жалған ақпарат таратады. Оған қоса дезинформаторлар өзін әлемге қарсы қойып, өзі мен шәкірттерін қандай да бір «зұлым күштер» өздеріне зиян келтіргісі келетініне сендіреді. Қозғалыс жақтастарын олардың ерекше («Саналылар», «Оянғандар»), элиталық тұрғыда ойлайтынына иландырады, олар «адасқандарды» құтқару үшін жиналғанын, олардың «саналы» емес екеніне сендіреді.

Мұндай жағдайды біз бірнеше жыл бойы АҚШ-тағы Q-Anon қозғалысынан байқадық, онда адамдар серт беріп видео жүктеп, өздерін «цифрлық солдат» деп жариялап, «оянғандар» деп атаған.

Айта кеткен жөн, Q-Anon қозғалысы АҚШ-та ішкі террорлық қауіп деп танылып, Желіде пайда болған қоғалыс мүшелері шынайы өмірде қылмыс жасай бастады. Оның ішінде адам ұрлығы мен бір дәлелденген кісі өлтіру жағдайы тіркелді. Өшпенділік сарыны көп дезинформациялық және конспирологиялық материалдармен миды улай берсе, адамның психикасы оны көтере алмауы мүмкін. АҚШ мысалы осыған дәлел. Егер Қазақстандағы конспирология мен жаппай дезинформацияға қарсы іс-әрекет жасалмаса азаматтарымыз радикал ұйымдар үшін осал топқа айналып, заңға қайшы әрекеттерге тартыла ма деп қауіптенеміз.

Пандемия жылы ешбір қоғамның дезинформация мен қастандық теорияларына қарсы тұратын беріктігі жоқ екенін көрсетті. Бұл кең ауқымда әрі ашық түрде талқылап, дезинформация мен өшпенділік тілінің таралуына қарсы күшті жұмылдыратын үлкен мәселе. Поляризация – кезеңіміздің ең қауіпті құбылыстарының бірі. Бұл мәселені мойындау – оны шешуге жасалған алғашқы қадам.

Қорытынды

Бір қызығы, «Саналылар бірлігі» және «Қорғау HR» қоры сынды топтар барлық қиыншылыққа әлдебір «шетел агенттерін» кінәлайды (нақтырақ айтқанда, шетелдік ҮЕҰ-мен ресми және ашық түрде серіктестік орнатып отырған ұйымдар). Олардың пікірінше, бұл «агенттер» Қазақстанда өздерінің «деструктивті» идеяларын жүзеге асырып жатыр. Шын мәнінде бұл қозғалыстардың өздері де шетелдік әсер ету топтарымен байланысып, олардың мәселесін алға тартады (тіркелмегендіктен және ашықтық болмағандықтан оларды қаржыландыру көзін дәлелдеу өте қиын). Бірақ «Медуза» жазып отырғандай, олар үшін бұл «дұрыс шетел агенттері».

Оған қоса, бұл мақалада аты аталған топтардың бәрі өздерін құқық қорғау ұйымдары ретінде таныстырады. Мүмкін, кей адамдар оларға жүгініп шынында қандай да бір көмек алатын шығар (мәселен «Қорғау HR» қорының жағдайы сынды), бірақ көріп отырғанымыздай, кей топтар тіпті тіркелмеген немес заңды тұлға емес, оған қоса ашықтығы сақталмаған, құпия әрекет етеді.

Не десек те факт мынадай: бұл адамдар, ұйымдар түрлі тақырыпта дезинформация таратумен айналысады, бірнеше рет алаяқтық пен күш көрсетті деп айыпталған адамдар және топтармен байланыста, сондай-ақ ғылыми тұрғыда дәлелденген фактілерді жоққа шығарып, тұрақты түрде өшпенділік тілін пайдаланады. Осы жерде виртуал әлемдегі өшпенділік тілі ерте ме, кеш пе шынайы заңбұзушылыққа әкелуі мүмкін деген қауіп туындайды.

Осы жағдайларды ескере отырып, Парламент мәжілісі қозғалыс жақтастарын ювеналды  әділет саласындағы заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына қосқанына таңқалдық. Оған қоса, бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан құқық қорғаушылардың бұл заңға қатысты сұрағы мен сыны көп. Себебі Қазақстанда құқық қолдану тәжірибесі жетілмеген. Бірақ желідегі дау дамай арасынан құқық қорғаушылардың салмақты, парасатты пікірлері естілмейді.

Сол себепті біз мақала соңында қазақстандық заң шығарушыларға жүгінсек деп тұрмыз: заң жобасындағы өзгерістерді сынайтын азаматтық ұйымдарға пікірін айта алатын платформа ұсыну аса қажет. Бірақ жұмыс тобының құрамына жаппай дезинформация таратып, карантин ережелеріне қарсы шығып, өшпенділік тілін пайдаланатын конспирологтарды қосу – азаматтарды мемлекеттік және қоғамдық институттарға деген сенімнен айырады. Сондай-ақ бұл қазақстандық қоғамға поляризация мен радикализацияның үлкен қаупін төндіріп тұр.

Материалды дайындауға Данияр Супиев пен Айдана Жанәділова да қатысты.

Factcheck.kz