Қастандық теориялары мен селебрити: біз фейк пен құпия іздеушілерге неге сенеміз?

Жалған ақпарат шығарушылар мен таратушылар туралы айтқан кезде көп адам құпия ұйымдардың агенттерін, масондық ложалар мен басқа да «халық жауларын» елестетеді. Алайда біздің елде Шоқан Маратұлы, Say Mo, Дильназ Ахмадиева сияқты музыканттар, Әлия Исенова мен Малика сынды блогерлер, спортшы Қуат Хамитов пен температурасы 39 градус болса да, екі той өткізген тамада дегендер бар. Міне, осы адамдардың барлығы қандай да бір «Зұлым докторына» жұмыс істейді деп айту қиын. Алайда олар жариялаған ақпараттың зияны аз емес, тіпті, біреудің өліміне әкелуі мүмкін.

Әсем Жапишева бұл тақырыпты тағы бір рет талқылауға шақырады, неліктен бір адекват адамдар фейк ойлап табады, ал басқа адекват адамдар оған сенеді? Мұндағы ең басты сұрақ – оларға/бізге бұл не үшін қажет? Әрине бұған жауап табу оңай емес және мұнда бәрі араласып кеткен. Сондықтан ең негізі мәселеден бастайық, яғни жалған ақпаратты шығарушыларды жіктеп көрейік.

Саясаткерлер, алаяқтар, әзілқойлар және қастандық теориясын жақтаушылар

BBC-дің дезинформация бойынша тілшісі Марианна Сприннің (Marianna Spring) пікірінше, жалған ақпаратты, яғни фейкті шығарушы адамдарды 5 негізгі түрге бөлуге болады.

1) Әзілқойлар. Көбінесе әзілқойлар тек мем жасап, бастапқы түпнұсқа фотоларды әзіл үшін өңдейтін, жаман ниеті жоқ адамдар. Алайда кейде өте сәтті шыққан әзіл немесе сурет халық арасында тарап кетеді де, көп адам оған сеніп қалады.

Қастандық теориялары мен селебрити: біз фейк пен құпия іздеушілерге неге сенеміз?

Мысалы халық арасында аса танымал болып кеткен дигидроген монооксиді туралы ақпаратты алайық. Негізі бұл – ғылыми әзіл, онда көпшілікке беймәлім су атауы қолданылған («дигидроген монооксиді» немесе H2O). Әзілді шығарушылар судың адамға пайдасыз екенін айтып, қоғамды сендіру мақсатында оны пайдалануды не шектеу, не толығымен тыйым салу керек деп әзілдеген.

Әзілдің мақсаты – ғылыми білімнің жоқтығы мен таяз талдаудың салдарынан туындайтын үрейді көрсету. Оны бір кездері студенттер ойлап тауып, «жаңа қауіпті химикат» туралы ақпарат таратумен айналысқан. Енді жыл сайын 1 сәуір күні әйтеуір біреу осы әзілге алданып қалады. Біресе Аустралия парламентінің мүшесі халықаралық деңгейде дигидроген монооксидіне тыйым салу науқаны басталғанын хабарлайды, біресе Жаңа Зеландияның «жасылдары» немесе Астрахань тұрғындары Еділдің бұрын-соңды болмаған қауіпті химикатпен ластануынан қорқа бастайды.

2) Алаяқтар. Жалған ақпарат пен пандемия кезінде ақша табатын адамдар. Мысалы фуфломицин сияқты «дәрі» немесе коронавирус пен 5G-ден қорғайтын «арнайы құрылғылар» сататындар. Жақында болған оқиғалардан Артериале препараты туралы жалған ақпарат пен жасырын жарнаманы еске түсіруге болады. Біз бұл оқиға туралы да жазған едік.

Қастандық теориялары мен селебрити: біз фейк пен құпия іздеушілерге неге сенеміз?

3) Саясаткерлер. Билік басындағылар да кейде жалған ақпарат таратады, өтірік айтады немесе ең жаманы, шындықты айтпай қояды. Сондай-ақ олардың қолында теледидар, радио, газет, интернетті өшіріп-қосатын құрылғы сияқты құнды ресурс бар, сондықтар олар өздерінің жалған ақпаратын көпшілікке оңай тарата алады. Бұған кез келген үгіт-насихат та жатады.

4) Конспирологиялық теорияларды жақтаушылар. Жалған ақпарат таратып жүрген біздің жұлдыздар дәл осы санатқа жатады. Қастандық теорияларына сенетіндер үшін барлығы әрдайым нақты емес, олар үшін бәрі өтірік және олардан үнемі біреу бір нәрсе жасырады. Ғалымдар мұны бірнеше жылдан бері зерттеп келеді, енді сол зерттеулер туралы төменде кеңірек тоқталатын боламыз.

5) Инсайдер. «Ұлттық банкте істейтін ағам тез арада доллар сатып алу керек деп айтты», «Қордайдағы ағам танктерді өз көзімен көрді». Мұндай өтірік, өсек әңгімелер көбіне отбасылық WhatsApp-чаттар арқылы таралады. Әр таратушы өз атынан жаңа мәліметтер қосып жібереді, сондай-ақ ондай хабарға біреудің лауазымы мен жұмыс орнын қосып қойса, ақпаратта салмақ пайда болады. Ол қанша жерден жалған және өмірге қауіпті болса да, адамдар сене бастайды.

Қастандық теориялары мен селебрити: біз фейк пен құпия іздеушілерге неге сенеміз?

Конспирологиялық теорияларды жақтайтындарға оралайық: банан ішіндегі ЖИТС, 5G арқылы чиптеу, «коронавирусты ойлап тапқан» Билл Гейтс (біздің заманымыздың ең үлкен гуманисі және меценаты) және тіпті үкіметтің тапсырмасымен түсініксіз зат шашқан тікұшақтар.

Бір жағынан, оларды да, оларға сенушілерді де түсінуге болады. Адамдар жауапты жылдам алғысы келеді және өзін ерекше сезінуді ұнатады. Мысалы олардың ойынша, оларды біреу бақылап жүр немесе бұл әлемде бәрі біз ойлағандай емес. Осыған қоса халық арасында Қазақстан үкіметіне деген сенімнің жоқтығы соншалықты, егер біреу билікті жамандаса, онда адамдар кез келген өсек-қауесетке сенуге дайын. Алайда фактілер ешкім жоққа шығармайды. Ешкім бізге ұшақпен пневмония немесе коронавирус шашып жүрген жоқ. Өкініштісі сол, аурудың тарауына біз де кінәліміз.

Оларға бұл не үшін керек және адамдар неліктен жалған ақпаратқа сенгіш?

Фейк таратудың бес түрі бар болғандықтан, оның, кем дегенде, осынша себебі де болуы керек (алайда одан көп). Дегенмен энергия үнемдеу үшін тек төртінші және бесінші түрге назар аударайық, себебі біздің жұлдыздарымыз дәл осы топқа жатады. Ал конспирологтар мен алаяқтардың табысы туралы жеке мақала дайындап, ұсынамыз.

Бұл жерде біз екі нәрсені түсінуіміз керек – адамдар конспирологиялық теорияларды не үшін жақсы көреді және неге жалған ақпаратқа осылайша оңай сенеді.

Адамдар неге конспирологиялық теорияларға сенеді?

Зерттеушілер қастандық теориясына сене алатын адамның психологиялық портретін жасап шығаруға тырысқан, мамандар не дейтінін көрейік:

«Қастық теориясына көп сенетін адам келесі психологиялық сипаттамаларға ие: көп сөйлемейді, сенімсіз, өзінің ерекше екеніне сенеді, макиавеллизм».

Адамның «ерекше болуға деген қажеттілігі» мен қастандық теорияларына деген сенімі арасындағы байланыс өте жақсы зерттелген. Басқаларға қарағанда ерекше болғысы келетін адамдар көбіне қастандық теорияларын қолдайды, себебі бұл оларға аз адамға белгілі және маңызды ақпаратқа ие екеніне сенім береді. Сондай-ақ қастандық теориялары құпияға немесе аз адамға ғана белгілі ақпаратқа сүйенеді. Бұл ақпарат баршаға қол жетімді емес, әйтпесе ол құпия емес, жай ғана бәріне белгілі факт болып қалушы еді.

«Қастандық теорияларына сенетін адамдар өзін позитивті түрде «ерекше» сезінуі мүмкін, себебі олар маңызды әлеуметтік және саяси оқиғалар туралы басқаларға қарағанда көбірек хабары бар екенін сезінеді».

Қастандық теориясына көп сенетін адамдарда паранойя, нарциссизм және басқа осындай қасиеттер пайда болады. Бұл туралы азды-көпті ақпарат бар, алайда фейктерге қатысты бұлай айту қиын. Біріншіден, жалған ақпарат «қызықсыз шындыққа» қарағанда әлдеқайда тартымды болып көрінеді және оны бәрі бөліскісі келеді.

Зерттеулер де осыны көрсетті, жалған ақпарат шындыққа қарағанда тезірек таралады. Адамдар жалған ақпаратты шындыққа қарағанда 70%-ға көбірек бөлісуге дайын, себебі фейктер қызықты болып көрінеді.

Айтпақшы, жалған ақпаратты біздің жұлдыздар ғана емес, аты әлемге әйгілі танымал тұлғалар да тарата береді. Бұл құбылыстың пандемия кезінде асқынып кеткені соншалықты, ғалымдар, тіпті, оларды «супер-таратушылар» деп атай бастады (вирусты супер-таратушыларға ұқсатып). Ғалымдардың айтуынша, түрлі жұлдыздарда үлкен аудитория бар, сондықтан мұндай фейктер көбіне вирустан да қауіпті.

Мәселен біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде коронавирустың таралуына 5G желілері себепші екені деген ақпарат пайда болды. Көптеген жұлдыз бұл фейкті тарата бастады. Олардың арасында Ресейдегі «Дом-2» реалити-шоуының жұлдызы Виктория Боня да бар. Айтпақшы, вирус 5G желілері арқылы таралады дегенге сенген Солтүстік Осетия республикасының тұрғындары оны өртеп жібереді де, ауылды байланыссыз қалдырған.

Батыста дәл осындай жалған ақпаратты актер Вуди Харрельсон мен рэпер Уиз Халифа жариялаған. Ақпарат бірден 40 миллионнан астам адамға таралды. Нәтижесінде Ұлыбритания тұрғындары да желілерді қирата бастаған.

Сондай-ақ фейктерді таратқандар арасында әнші М.I. A, Джон Кьюсак және бірқатар продюсерлер мен пасторлар бар.

Неге ми фейкке сеніп қалады?

Жалған ақпартты ұнатып, оған сеніп, таратудың тағы бір маңызды себебі – когнитивті бұрмалану.

Когнитивті бұрмалану дегеніміз – біздің өзіміз бен әлем туралы шектеулі түсінігіміз, иррационалды сенімдеріміз және мінез-құлық сценарийлеріміз. Басқаша айтқанда, бұл ойымыз бен іс-әрекетімізді шектеп қоятын шаблон (үлгі). Негізі біздің миға бұрмалану процессі керек, себебі бұл энергияны үнемдейді (біздің миымыз энергияны үнемдегенді жақсы көреді). Әрдайым миды «қосып», ойлау процесінің барлық алгоритмін жұмыс істетуден гөрі, дайын үлгі бойынша әрекет ету әлдеқайда оңай.

Когнитивті бұрмалану, мысалы, ас үйдегі қосқыштың қайда екенін немесе әмияныңыз қайда жатқанын, яғни көп ойланбай автоматты түрде «білетін» заттарыңыз туралы ойлаған кезде көмектеседі. Алайда ақпаратқа үңіліп, сыни бағалауға келгенде, ол керісінше кері әсер етеді. Мұндай бұрмаланудың толық тізіміне тоқтамайын (себебі оның 100-ден астам түрі бар), бірақ ең негізгілерімен таныс болайық.

Асығыс қабылданған іс-әрекет немесе тек тақырыпқа қарап қорытынды шығару. Интуитивті түрде біз бәрін білеміз (айтпақшы, бұл да когнитивті бұрмалануға жатады). Көптеген адам тақырыптан ары қарай оқымайды, мұны 2014 жылы журналистер дәлелдеді.

1 сәуір күні NPR редакциясы өзінің Facebook-тегі аккаунтына «Неге америкалықтар кітап оқуды қойды?» деген мақала жариялайды. Мақала сілтемесін басқан адамның алдынан арнайы құттықтау мәтіні шыға келеді. Себебі ол материалды ашып, оқуға талпынған. Алайда көп адам мақаланы ашпай бірден «иә, өкінішті, ешкім кітап оқымайды» деп жазып, пікірталас бастайды.

Қол жетімді ақпараттың каскады – бұл да бұрмаланудың бір түрі. Ол бойынша егер адам кез келген ақпаратты бірнеше рет естіген болса, онда ол оған сене бастайды.

Бұл жарнама берушілердің, діни консерваторлардың, маркетологтар мен террористердің көп қолданатын әдісі. Ең жаманы – соңғысы. Нобель сыйлығының лауреаты Даниэль Канеман көптеген жыл бойы жасалған статистиканы зерттей отырып, келесі тұжырымға келген: террористік шабуыл көп болған елдердің өзінде, адамдар террористерден гөрі көлік апатынан көбірек қайтыс болады. Алайда лаңкестердің іс-әрекеті бүкіл қалалар мен мемлекеттерді қорқынышта ұстайды, себебі бұл тақырып қоғамда және БАҚ-та үнемі талқылана береді де, жағдайды одан сайын қыздыра түседі.

Өз көзқарасын растауға дайын тұру немесе біржақты растау (ағылш. confirmation bias) – адам тек өз көзқарасына, сеніміне немесе болжамдарына сәйкес ақпаратты іздеп-тауып, барлық мәліметтерді сонымен байланыстырады.

Селективті (іріктеп) қабылдау – бұл кезде адамдар қоршаған ортасынан тек өзіне қажет затқа назар аударады да, қалғанын елемейді.

Бұл құбылысты түсіндіретін болсақ, мысалы кей адамдар жаңалықтағы ақпаратты іріктеп оқиды. Бұл терминді барлығын «өз көзқарасы» арқылы қарайтын адамдарға қатысты қолдануға болады.

Осылай кете береді. Жүзге жуық түрі бар дедік қой. Бұрмаланудың толық тізімін төмендегі кестеден немесе арнайы кітаптардан таба аласыз.

Қастандық теориялары мен селебрити: біз фейк пен құпия іздеушілерге неге сенеміз?

Дегенмен когнитивті бұрмалануды тек жаман нәрсемен байланыстыруға болмас, өйткені бұл – барлық адамға тән эволюциялық механизм (адамның нәсіліне, жынысына немесе біліміне қарамайды). Сондай-ақ жоғарыда айтқанымыздай, көптеген бұрмаланудың пайдасы да баршылық, олар тіпті бірнеше рет адамзатты аман алып қалды. Алайда қазіргідей инфодемия дәуірінде бізге бұрын көмектескен нәрсе қазір кесірін тигізуі мүмкін.

Сондықтан келесіде мессенджерде біреуге хабарлама жібермей тұрып немесе инстаграмдағы постты ары қарай таратпас бұрын, жақсылап ойланып көріңіз де, өзіңізге сұрақ қойыңыз. Басқа біреудің көзқарасына ілесіп кетпедіңіз бе? Біреу сізді пайдаланып, алдап жатқан жоқ па? Біз адамбыз, қателіктер болып тұрады, алайда мәселе сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізге қатысты болғандықтан әншілерге емес, дәрігерлер мен ғалымдарға сенгеніңіз жөн. Қандай да бір музыка немесе бит таңдағыңыз келсе, онда жарайды, олардан кеңес сұрай беріңіз. Бұл, әйтеуір, ешкімді өлтірмейді.

Сондай-ақ мына мақаланы оқуға кеңес береміз:  Формалдық логика негіздері: манипуляцияға ұрынбас үшін не істеу керек?

Асем Жапишева — журналист, медиатренер и гражданская активистка. В 2018 году окончила универстет Кардиффа по специальности MBA Media Management, с 2019 ведет независимые проекты, включая MUSA и «Тіл кеспек жоқ»

Factcheck.kz